Accessibility links

АҚШ әлеуметтік желі компанияларынан Иран билігінің аккаунттарын бұғаттауды сұрады


Әлеуметтік желіге кіра алмай тұрған Иран тұрғыны. 17 қараша 2019 жыл.
Әлеуметтік желіге кіра алмай тұрған Иран тұрғыны. 17 қараша 2019 жыл.

АҚШ Facebook, Instagram және Twitter әлеуметтік желісінің иелерінен Иран билігінің аккаунттарын бұғаттауды сұрады.

АҚШ-тың Иран бойынша өкілі Брайан Хук Bloomberg News сайтына берген сұхбатында "Әлеуметтік желі компанияларын Иран билігі елдегі интернет жұмысын қалпына келтіргенге дейін Иранның рухани көсемі [аятолла Әли] Хаменидің, сыртқы істер министрі [Мохаммед Жавад] Зарифтің, Иран президенті [Хассан] Роуханидің аккаунттарын бұғаттауға шақырамыз" деді.

Иран билігі елдегі бензин бағасын көтерген соң халық жаппай наразылыққа шыққан. Ресми Тегеран интернетті бұғаттап, ұялы байланысты шектеген. Халықаралық ұйымдар елде интернет әлі дұрыс істемей тұрғанын айтады. Иран билігі жүзден астам қалада болған наразылықтан 12 адам қаза тапқанын хабарлады. Бірақ Amnesty International ұйымы Иранда наразылық кезінде 100-ден астам адамның мерт болғанын мәлімдеді.

Иран елдегі наразылыққа "сыртқы жаулары" АҚШ, Сауд Арабиясы және Израильді айыптайды.

"Иран режимі наразылық кезінде адамдарды өлтіргенін, елдегі қайғылы жағдайды жасыру үшін интернетті бұғаттады" дейді Хук.

AFP ақпарат агенттігінің жазуынша, Facebook, Instagram және Twitter АҚШ-тың ұсынысына әзірге жауап берген жоқ.

22 қарашада АҚШ Иран байланыс министрі Мохаммад Жавад Азари Жахромиге "интернет цензураға қатысы бар" деп санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG