Ресей президенті Владимир Путин 2 желтоқсанда "Шетел агенттері" туралы заң деп аталып кеткен құжатқа енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Кей сарапшылардың айтуынша, бұл заң ақпарат құралдарындағы пікір алуандығы мен еркін ойды шектейді.
Жаңа заң "шетел агенттері" тізіміне енген ұйымдарда жұмыс істейтін журналистерді "шетел агенті" деп атауға мүмкіндік береді. Мұндай атау шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестік орнатып, солардан ақша алатын немесе өзге де материалдық қолдауға ие жеке тұлғаларға беріледі.
Егер шетелдік ақпарат құралдары Ресей заңын бұзса, қабылданған нормалар "шетел агенттері немесе олар жетекшілік ететін заңды тұлғалардың сайттарын бұғаттауға мүмкіндік береді" деп жазды ТАСС агенттігі.
"Шетел агенттері" туралы заң Ресейде 2012 жылы күшіне енген. Құжатқа сәйкес, шетелден қаржыландырылатын коммерциялық емес ұйымдар арнайы реестрде тіркелуі қажет. Бұл заң Владимир Путин билікке келген кезде болған үкіметке қарсы ірі наразылықтан кейін қабылданған. Наразылық акцияларына байланысты пікір білдірген Путин Батыстың ықпалы мен ақшасы туралы айтқан.
Құжатты сынаған кей сарапшылар бұл заң ұйымдар мен журналистерді қаралауға қолайлы жағдай туғызады деген пікірде.
Бұған дейін он шақты халықаралық баспасөзді қорғау және құқық қорғау ұйымы (Amnesty International, Human Rights Watch, "Шекарасыз тілшілер", "Журналистерді қорғау комитеті", т.б.) Ресей билігін заңға әлгіндей түзету енгізуден бас тартуға үндеген. Владимир Путинге ашық хат жазған Ресей зиялылары әлгі заңнан бас тартуға шақырған.
- Шетелден қаржыландырылатын ақпарат құралдарын "шетел агенті" деп атауға мүмкіндік беретін заң 2017 жылы қараша айында қабылданған.
- Ресей әділет министрлігі "Америка дауысы" және Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының тоғыз редакциясын "шетел агенттері" қатарына енгізген. Олар: Азат Еуропа/Азаттық радиосы, Азаттықтың Орыс қызметінің "Сибирь.Реалии", "Фактограф" және "Север.Реалии" медиажобалары, "Настоящее Время" телеарнасы, Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі, Idel.Реалии, "Кавказ.Реалии" және Азаттықтың Украин қызметінің "Крым.Реалии" жобасы.
-
Бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай "Шетел агенттері" туралы заңға енгізілетін түзетулер Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы мен өзге де шетелдік БАҚ журналистерін қудалауға бағытталған және "Ресей азаматтарын тек Кремль мақұлдаған ақпаратпен қамтамасыз ету үшін" жасалған кезекті қадам деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР