Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық Deutsche Welle басылымына сұқбат беріп, елдегі митингілер, қос билік жайлы айтты.
- Қазақстан азаматтары бірінші президентті сынайды. Оны тоқтату мүмкін емес, себебі интернет пен әлеуметтік желі бар... Қазір елде бір адамдық пикетке шыққандарды ешкім жазаламайды. Елде наразылық шаралары болған кезде, назар аударыңыз, полиция арнайы құралдармен күш қолданған жоқ. Мен оларға ескерттім. Арандатушыларды қолымен ұстады. Керісінше, полицейлер наразылардың қолынан зардап шекті. Он шақты полицей ауруханаға түсті. Еуропамен салыстырыңыз. Онда суатқыштар мен қол шоқпар қолданады. Барлығын теледидардан көріп отырмыз, - деді Тоқаев сұхбатында.
Тоқаев елде бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну бар дегенмен келіспейтінін жеткізді. Тоқаев Назарбаевты Қазақстанның негізін қалаушы әрі тарихи тұлға деп атады. Ол елде қос билік бар дегенді жоққа шығарды.
- Ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Кей кезде ақпарат құралдары бұл тақырыпты бықсытқанды жақсы көреді. Бір-бірімізбен ақылдасып отыратынымызды жоққа шығармаймын. Кейде ақыл да сұраймын. Мұнда қос билік, тандем жоқ. Елде заңды түрде сайланған президент бар, - деді ол.
Тоқаев DW тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан Қырымдағы жағдайды аннексия (2014 жылы Ресей Украинаның Қырым аймағында референдум өткізіп, түбекті аннексиялап алған - ред.) деп атамайтынын жеткізді.
- Болған іс болды. Аннексия - Қырымға қатысты қолдануға тым ауыр сөз. Қырымда болған жағдайға қатысты бізде ешқандай қорқыныш болған жоқ. Себебі біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз өте жақсы, - деді Тоқаев.
Биыл наурызда Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен. Ол орнына сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Тоқаев президент ретінде ант қабылдаған күні Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерткен. Назарбаев президенттіктен кетсе де, "Нұр Отан" партиясының және Қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Сарапшылар елде "қос билік бар" деп санайды.
Кейін 9 маусымда елде өткен кезектен тыс президент сайлауында Тоқаев жеңіске жеткен. Сайлау кезінде және сайлаудан кейін елде халық билікке қарсы наразылық шараларына шықты. Жұрт биліктен әділ сайлау өткізуді, Астана қаласының атауын қайтаруды, әлеуметтік мәселелерді шешуді талап етті. Наразылық кезінде мыңдаған адам ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған.
Билік наразылық шарасына қатысушыларды "арандатушылар" деп атап, азаматтарды "қажет болған соң" ұстаған полиция "кәсіби міндетіне сай" әрекет қылды деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР