Accessibility links

"Древний Римдегі төбелес": Күдікті Қазақстанға экстрадицияланды


Аты-жөнін Нарек Гурурян деп таныстырған ер адамның видеомәлімдемесінен алынған скриншот.
Аты-жөнін Нарек Гурурян деп таныстырған ер адамның видеомәлімдемесінен алынған скриншот.

Қарағандыда "Древний Рим" мейрамханасындағы төбелеске қатысты деп күдікке ілінген Нарек Гурурян Қазақстанға экстрадицияланды. 1 қаңтарға қараған түні болған төбелес кезінде бір адам өліп, он адам жараланған. Жергілікті полиция департаменті Азаттыққа Гурурянның экстрадицияланғанын растады.

"Күдікті Гурурян Ресейден экстрадицияланды. Қалған сұрақтар сотқа дейінгі тергеу дерегі болғандықтан айтылмайды" деп хабарлады полиция өкілдері.

Оқи отырыңыз: "Древний Римдегі" төбелес. Сот қалай аяқталды?

Бұған дейін төбелес бойынша сотта сұралған тергеуші Карпиков Гурурянның ісі жеке өндіріске шығарылды деп айтқан. Айыптау тарабының дерегінше, төбелес кезінде екі адам пышақ ұрған: сотталушы Юсиф Нурулу үш адамды жаралаған, ал күдікті Нарек Гурурян екі адамды пышақтаған.

2019 жылы 7 қаңтарда Гурурян Қазақстаннан кетіп, оған халықаралық іздеу жарияланғаннан кейін интернетте оның видеомәлімдемесі пайда болған. Онда ол төбелеске қатысқанын мойындағанмен ешкімді өлтірмегенін және "өзгенің кінәсін мойнына артқысы келмейтінін" айтқан. Ол сонымен бірге биліктің қолына берілуге дайын екенін, бірақ жеке қауіпсіздігін қаматасыз етіп, тергеуді әділ әрі ашық жүргізуді сұраған. Кейінірек ішкі істер министрлігі Гурурянның Ресейдің Омбы қаласында ұсталғанын хабарлады. Алайда оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі ұзақ уақыт шешілгендіктен сот процесі Гурурянсыз өтті. Бұған жәбірленуші тарап та, сотталушы жақ та наразы болды.

"Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес пен кісі өлімі бойынша айыпталғандар сот залында тұр. Қарағанды, 12 қыркүйек 2019 жыл.
"Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес пен кісі өлімі бойынша айыпталғандар сот залында тұр. Қарағанды, 12 қыркүйек 2019 жыл.

Бұл іс бойынша айыпталушылардың кейбірі тағылған айыпты мойындады, кейбірі айыптармен толық келіспеді. Айыптау жағымен келіспеген басты айыпталушы Юсиф Нурулуны сот 19 жылға соттады. Арман Оганнисян, Болат Жұмамратов, Тигран Степанян және Илья Щурок үш жылға бас бостандығынан айрылды. Сот жаппай төбелеске қатысты деп айыпталған алты адам - Хачатур Оганнисян, Давид Галкин, Қайыр Нәдірбеков, Торгом Малхасян, Жасур Пиров және Васиф Нурулудың бас бостандығын төрт жылға шектеді. Судья Армен Хачатрян және Сохак Малхасянды қылмыстық жауапкершіліктен босатты, себебі сот кезінде олардың төбелеске қатыспағаны анықталған. Сот үкімін әркім әрқалай бағалады. Төбелес кезінде қаза тапқан Рақымжан Жансейіттің әкесі кейбір сотталушыларға көбірек жыл берілуі керек еді деп санайды. Юсиф Нурулудың шешесі Жансейіттің басқа адамның қолынан қаза тапқанын айтып, бірақ ұлының қауіпсіздігіне байланысты кінәлінің атын атай алмайтынын жеткізген. Жәбірленуші тарап үкімді апелляцияға берді.

Сот 13 сотталушының төртеуін - Арменияның үш азаматы мен Өзбекстанның бір азаматын жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағынан шығаруды бұйырды. Олардың бес жылға дейін Қазақстанға келуіне тыйым салынды.

"Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес қоғамда наразылықты күшейткен. Қарағандыда жұрт наразылыққа шығып, кінәлілерді қатаң жазалауды сұраған. Интернет пен желіде армяндардың төбелеске қатысқаны жайлы ақпарат тараған. Қазақстан мен Армения билігі бұл тұрмыстық төбелес екенін, оған ұлтаралық сипат беруге болмайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG