Беларусь бұрынғы қарыздарын өтеу үшін Қытайдан 500 миллион доллар кредит алмақ. Ел президенті Александр Лукашенко қарыз алуды мақұлдап, қаржы министрлігіне келісімге қол қоюды тапсырған. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.
Соңғы уақытта Беларусь экономикасы тұралап, елдің сырттан алатын қарызы артып келеді.
Бұған дейін Минск Ресейден 600 миллион доллар қарыз алған.
Ресей қаржы министрлігі қазанда Беларусь еліне алдағы уақытта қарыз беру Мәскеу мен Минск арасындағы интеграция жоспарының жүзеге асуына тікелей байланысты екенін айтқан.
Ресей мен Беларусь 1999 жылы одақтас ел келісіміне қол қойған. Бірақ бұл келісім әлі толық іске аспады. Ресей президенті Владимир Путин мен Лукашенко одақтас ел шартын талқылау үшін 7 желтоқсанда Сочиде кездескен. Екі тарап толық келісе алмады.
Ресей және Беларусь ақпарат агенттіктерінің дерегінше, екі президент бұл мәселені тағы талқылау үшін 20 желтоқсанда Санкт-Петербургте кездесуді жоспарлап отыр.
ПІКІРЛЕР