Accessibility links

Сенатор Кори Букер демократтардың сайлау кампаниясынан шығып қалды


Кори Букер.
Кори Букер.

АҚШ-та Нью-Джерси штатынан сенатқа сайланған, демократтардың президент сайлауына үміткерлерді іріктеу кезеңіне қатысқан Кори Букер сайлауалды кампаниядан шығатынын мәлімдеді. Афрокамерикалық Букер жақында іріктеу кезеңіне қатысып жатқан үміткерлер арасында барған сайын этникалық және нәсілдік алуандықтың азайып бара жатқанына қапаланған.

"Америка дауысы" сайтының жазуынша, сайлауалды кампаниядан Букер шығып кеткеннен кейін президенттіктен үміткер болуға өтініш білдіргендер арасында ақ нәсілге жатпайтын адамдар саны сиреген.

Америкалық NPR медиа компаниясы Букерді үлкен үміт артуға болатын, әріптестері мен қарсыластарымен тиімді қарым-қатынас жасай білетін саясаткер деп сипаттаған. Демократтардың жақтастары Дональд Трампты "биліктен құлататын" кандидатты көргісі келеді деп жазады NPR. Бірақ Букер кампанияны жалғастыру үшін қажетті қаражат жинай алмаған.

14 қаңтарда демократтар арасында үміткерлерді іріктеу кезеңі әрі қарай жалғасады, өтініш білдіргендер арасында кезекті дебат өтеді. Оған бұрынғы вице-президент Джо Байден, Миннесотадан сайланған сенатор Эми Клобушер, Вермонт штатынан сайланған Берни Сандерс және тағы үш адам қатысады. Олардың арасында айқын көшбасшы жоқ.

2019 жылы жазда өткен алғашқы дебат кезінде барлығы 24 үміткер қатысқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG