Accessibility links

АҚШ пен Қытай сауда келісіміне қол қойды


АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Қытай мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Хэ сауда келісіміне қол қойған сәт. Вашингтон, 15 қаңтар 2020 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Қытай мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Хэ сауда келісіміне қол қойған сәт. Вашингтон, 15 қаңтар 2020 жыл.

15 қаңтарда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Хэ екі ел арасындағы сауда-экономикалық келісімінің бірінші бөлігіне қол қойды.

Құжатқа сай, АҚШ алдағы екі жылда Қытайға импорт көлемін 200 миллиард долларға өсіруі тиіс. Бұдан бөлек, Қытай тауарларына салынатын америкалық салық та азаюы керек. Келісім де екі ел арасындағы сауда дауын реттеу жағы да қарастырылған.

Келісімде интеллектуальды жекеменшікті қорғау, америкалық тауарларды, соның ішінде ауыл шаруашылығы және энергетика тауаларын сатып алуды көбейту, АҚШ-тың қаржылық қызметтеріне салынған кедергілерді алып тастау, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіру жайы да айтылған. Бұған қоса, Қытай бірнеше салада үлкен реформалар жасауы тиіс.

Ал екі ел арасындағы сауда тартысы кезінде қойылған экспорт саласындағы тарифтер күшінде қала бермек. Вашингтон экспорттағы тарифтердің көбін сақтап қалып, алдағы уақытта келіссөздерде пайдаланғысы келеді.

Бұл – Пекин мен Вашингтон арасындағы сауда келісімінің бірінші бөлігі. Екі ел арасындағы сауда келіссөздері әлі де жалғасады.

Трамп сауда келісімін «қателікті түзеу» және «әлемдегі тұрақтылыққа әсер ететін қадам» деп атады.

Екі ел келісімге қол қойған соң эталон маркалы мұнай бағасы өсіп, әлемдік қаржы қорларындағы акция рекордтық көрсеткішке жетті.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дауы 2018 жылы басталған. Вашингтон Пекинді «бизнесті әділетсіз жүргізді» деп айыптайды. Бұған дейін Трамп Қытай тауарларына салықты өсірген. Кейін Қытай да осындай қадамға барған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG