Accessibility links

АҚШ: Ресейдің "Солтүстік ағыс-2" жобасын аяқтауға мүмкіндігі жоқ


"Солтүстік ағыс-2" жобасының жұмысшылары.
"Солтүстік ағыс-2" жобасының жұмысшылары.

Ресейдің "Солтүстік ағыс-2" газ құбырының құрылысын аяқтауға технологиялық мүмкіндігі жоқ. Сенбі күні Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі конференцияда АҚШ-тың энергетика министрі Дэн Бруйетт осылай деп айтты. Bloomberg агентігі министрдің сөзінен үзінді келтірді.

Балтық теңізінің табаны арқылы Ресейден Германияға газ жеткізуді көздейтін "Солтүстік ағыс-2" жобасының құрылысы өткен жылдың соңында АҚШ санкциясынан кейін тоқтап қалған. Құрылыс толығымен аяқталуы үшін әлі 100 шақырымнан астам жерге құбыр жүргізу керек. Бұған дейін Ресей билігі 2020 жылдың соңы немесе 2021 жылдың аяғында жобаның құрылысы аяқталады деп мәлімдеген.

"Құрылыстың бітуіне аз қалды деп айтқанмен тез аяқтала қояды деп ойламаймын" деді Дэн Бруйетт. Оның сөзіне қарағанда жобаны аяқтау үшін Ресей қандай да бір амал қолданса, АҚШ қосымша шаралар қарастырады. Бұған дейін Германияның ақпарат құралдары егер жобаның жұмысы қайта жалғасса, АҚШ қосымша санкция салуы мүмкін екенін хабарлаған.

Мұның алдында Германия АҚШ санкциясын сынап, "Солтүстік ағыс-2" жобасын жүзеге асыруға мүдделі екенін айтқан.

Вашингтон мен Шығыс Еуропа елдерінің көпшілігі Ресейден Германияға тікелей тасымалданатын газ көлемін екі есе арттыруға арналған "Солтүстік ағыс-2" құбыр жобасы Батыс Еуропаны Ресейдің табиғи энергия ресурстарына тәуелділігін бұрынғыдан да күшейте түседі деп қауіптенеді. АҚШ Еуропа Одағына сұйылтылған газ жеткізуге дайын екенін және одақ елдерінің инфрақұрылымына ақша құятынын айтады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Мюнхендегі конференция кезінде де Вашингтон осы мақсатта бір миллиард доллар бөлетінін мәлімдеді.

Осыған дейін газ құбыры құрылысына ресейлік "Академик Черский" кемесі кірісуі мүмкін екені хабарланған. Алайда қазір ол алыста - Тынық мұхитында жүр.

Оқи отырыңыз: АҚШ сенаты "Солтүстік ағыс - 2" құбырын салушыларға санкция салуды қолдады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG