Ауғанстанда өткен жылы қыркүйектің 28-і күні өткен даулы президент сайлауының араға ұзақ уақыт салып жарияланған ресми қорытындысы бірнеше айдан бері екіұдай күйде отырған қоғамдағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Ашраф Ғанидың президент қызметіне қайта сайлануы қантөгіске ұласуы ықтимал және АҚШ пен Талибан арасындағы бейбітшілік туралы тарихи келісімге қауіп төндіретін саяси дағдарысқа алып келді.
Ашраф Ғаниды Ауғанстан президенті деп таныған сайлаудың ресми қорытындысын мойындаудан бас тартып, өзін жеңімпаз деп жариялаған ел басшыларының бірі Абдулла Абдулла жеке үкімет құратынын мәлімдеді. Ол сайлау қорытындысын "төңкеріс" деп атап, "бәрін қамтитын" үкімет құруға уәде берді. Абдулла сондай-ақ сайлау органдарын "Ғаниға қолдау көрсетті" деп айыптады.
Ғанидың вице-президенті, бұрынғы ықпалды қолбасшы Абдул Рашид Дустум ақпанның 19-ы күні жақтастарын көшеге шығып, Абдулланың жеңісін тойлауға шақырды. Сайлау процесіне миллиондаған доллар ақша бөлген халықаралық қауымдастық ақпанның 18-і күні дауыс берудің түпкілікті қорытындысы жарияланған кезде әдеттен тыс үнсіз қалды.
АҚШ Ауғанстандағы жаңа саяси тіресте қос тарапты мәмілеге келтіру міндетін мойнына ала ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.
2014 жылы Ғани мен Абдулла сайлауда жаппай алаяқтыққа жол берілгенін айтқанда Вашингтон билік бөлінісі туралы келісім жасап, көпшілік арасында қолдау таппаған, ұлттық тұтастыққа нұқсан келтірген үкімет құрған.
Ғани мен Абдулла басқаратын өзара бәсекелес қос тарап арасындағы дау Ауғанстандағы этникалық бөліністі күшейтті. Елде тәжік, өзбек, хазар этникалық топтарының өкілдері Ашраф Ғаниға секеммен қарайды.
"Бейбітшілікке жету үшін халық бірлігін қажет ететін қиын кезеңде Ауғанстанда жаңа саяси дағдарыс басталуы мүмкін" дейді Вашингтондағы Вудро Вильсон атындағы ғалымдарға арналған халықаралық орталықтың Оңтүстік Азия бойынша ғылыми қызметкері Майкл Кугельман.
БЕЙБІТ КЕЛІСІМГЕ ТӨНГЕН ҚАУІП
Кабулдағы саяси дағдарыс елде 19 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтатудағы маңызды қадам саналатын, АҚШ пен Талибан арасындағы Америка әскерін елден шығару туралы келісімге қауіп төндіріп тұр.
18 айға созылған келіссөздерден кейін АҚШ пен Талибан осы айдың соңында қол қойылады деп күтілген келісімге дейін жеті күн бойы оқ атуды тоқтатуға келіскен. Ауғанстан ішкі істер министрі уақытша ымыра алдағы бес күнде басталатынын хабарлады.
Аталған келісім аясында Талибан Батыс қолдайтын Кабул үкіметімен және басқалармен соғысты біржола тоқтату және билік бөлінісі туралы тікелей келіссөз жүргізуге міндеттелген.
"Бұл дағдарыстың елге қалай әсер ететіні Абдулланың жеке үкімет құру туралы уәдесіне байланысты. Ол бейбітшілік пен тұрақтылық үшін өз сөзінен бас тартса, шығын аз болады. Ал бұл тақырыпты ары қарай да қаузай берсе, тәуекелге қойылған дүниенің бәрі жоғалады" дейді Кугельман.
Кугельман үш рет сайлауға түсіп, 2009 және 2014 жылдары жеңіске жеткенін мәлімдеген Абдулланың жақын уақытта райынан қайтуы екіталай деп есептейді. Халықаралық дағдарыс тобының Ауғанстан мәселесі бойынша аға сарапшысы Эндрью Уоткинс саяси дағдарыс бейбіт келісімге келуге кедергі болмайды деп сенеді.
"Ауғанстан ішіндегі келіссөздерде үкімет тарапында биліктегі шенеуніктермен қатар оппозиция өкілдері де болатыны түсінікті. Саяси тұлғалар сайлау қорытындысы туралы пікір айтудан бойын аулақ ұстап, Ауғанстан ішіндегі келіссөздердің жалғасуына үлес қосу өз жақтастарының мүддесі үшін жасалған ең дұрыс қадам болатынын түсінуі мүмкін" дейді Уоткинс.
АҚШ ресми өкілдері Ауғанстандағы сайлауға байланысты туған дауды шешуге араласпайтынын білдірді. Кей сарапшылардың пікірінше, Трамп әкімшілігінің бұл жағдайда медиатор болуға ынтасы жоқ.
Соған қарамастан АҚШ негізгі тараптарың пікіріне құлақ асып, мәселені назарда ұстайтынын көрсетіп отыр. Мысалы, жақында АҚШ ресми өкілдері Абдулла мен оның негізгі серіктесі Дустуммен кездескен.
2014 жылы Ауғанстанда заң бұзу фактілері тіркелген сайлаудың соңы азамат соғысына ұласа жаздаған. Сол кездегі АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ғани мен Абдулла арасында билік бөлінісі туралы келісім жасаған.
Бұл келісімге сәйкес, үкімет басшысы деген жаңа қызмет пайда болып, Абдулланың сайлауға байланысты күдігі сейілген.
"АҚШ-тың қазіргі жағдайға қаншалықты араласатыны белгісіз, бірақ 2014 жылғымен салыстырғанда енді әлдеқайда жабық түрде болады" дейді Уоткинс.
БАСЫП ТАСТАЙ МА, ӘЛДЕ ҮКІМЕТТЕН ОРЫН БЕРЕ МЕ?
Ақпанның 18-і күні Тәуелсіз сайлау комиссиясы Ашраф Ғанидың сайлауда 50,64 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткенін хабарлады. Заң бойынша, егер сайлаудың бірінші турында кандидаттардың бірі дауыс берген сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие болса, ол жеңімпаз деп танылады. Ресми қорытынды бойынша, сайлаушылардың 39,52 пайызы Абдулланы жақтап дауыс берген.
Бірақ осы жолғы сайлау кезінде заң бұзу фактілері тіркелді, биометрикалық құрылғыларда техникалық ақау байқалды және қарулы содырлар шабуыл жасады деген шағым көп түсті.
Желтоқсан айында жарияланған сайлаудың алдын-ала қорытындысында дауыс саны бойынша Ғанидың алда екені айтылған. Абдулла небәрі 1,8 миллион адам қатысқан сайлаудағы 300 мың дауысқа байланысты күмәні барын мәлімдеген.
Сайлау комиссиясы дауыс беру басталғанға дейін және одан кейінгі уақытта есепке алынған 100 мың дауысты "адам факторынан болған қателік" деп көрсетті. Абдулла бұл дауыстар Ғаниға басымдық беру үшін әдейі салынған деп санайды.
Сайлауды бақылаушы орган - Кабулда орналасқан Ауғанстанның әділ сайлау қоры "Тәуелсіз сайлау комиссиясы әділ жұмыс істеген жоқ және барлық стандартты бұзған" деп мәлімдеді.
Әділ сайлау қоры сайлаудың соңғы қорытындысы туралы мәлімдемені "ойланбай қабылданған шешім" деп бағалап, көп шағым әлі де қаралып жатқанын, олар бойынша нақты шешім қабылданбағанын еске салды.
Ұйым дерегінше, 300 мың бюллетеньге байланысты күмән болғанына қарамастан, Тәуелсіз сайлау комиссиясы алдын-ала сайлау қорытындысынан небәрі 453 дауысты ғана алып тастаған.
Кабулда орналасқан Ауғанстанның тәуелсіз сарапшылар желісі ұйымының зерттеушісі Али Адили оқиға ары қарай екі түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін дейді.
"Ғани Абдулланы жақтайтын негізгі партиялардан қауіптеніп, оның фракциясын басып тастайды немесе қарсыласына жаңа үкіметтен орын береді" дейді ол.
ЭТНИКАЛЫҚ БӨЛІНІС
Абдуллаға этникалық тәжіктер басым "Жамиат Ислами", құрамында хазарлар көп "Хезбе Вахдат" және адам құқықтарын бұзды деген айыпқа қалған ықпалды өзбек әскери басшысы Рашид Дустум басқаратын "Жанбиш" партиялары қолдау білдірген. Бұл партиялар ақпанның 19-ы күні Абдулланы жеңісімен құттықтады.
Сайлау қорытындысы жарияланбай тұрып, Дустум шағымдары ескерусіз қалса, жаңа үкімет құратынын мәлімдеген. Сарапшылар бұл қоқан-лоқыдан Ауғанстанда саяси тірестен бөлек, этникалық бөлініс те бары көрінді дейді. Адилидің пікірінше, этникалық шиеленіс дауыс беру кезінде де байқалған.
Елдегі 34 өңірдің 18-і басым дауысын Абдуллаға, 16-сы Ғаниға берген.
"Абдулла пуштун емес ұлттардың қолдауына сенім артып отыр. Бұл этникалық дағдарыс барынша көп топ пен тарапты ортақ мәмілеге шақыратын келісімге қол жеткізу қаншалықты қиын болатынын көрсетіп отыр" дейді Кугельман.
ПІКІРЛЕР