Accessibility links

Қаржы пирамидасынан зардап шеккендер Тоқаевқа хат жолдады


"Қаржылық топтарға алдандық" деген тұрғындардың наразылығы. Ақтөбе, 15 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.
"Қаржылық топтарға алдандық" деген тұрғындардың наразылығы. Ақтөбе, 15 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.

16 наурызда қаржы пирамидасына алданған салымшылардың бастамашыл тобы Нұр-Сұлтан қаласына жиналып, Қазақстан президенті әкімшілігінің кеңсесіне хат тапсырды. Бастамашыл топты полиция бақылап жүрді. Салымшылар «Гарант 24», «Выгодный займ», «Эстет Ломбард» қаржы компанияларына берген ақшаларын қайтара алмағанына наразы.

Өзін «салымшыларды қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық комитет үйлестірушісімін» деп таныстырған Жанар Дәулетова «бастамашыл топты полиция таңнан бері бақылап, үйден шығармай отырғанына» шағымданды.

- Хатымызды президент әкімшілігінің кеңесіне тапсырғымыз келген. Салымшылар мәселесіне үкімет пен парламент араласпаса болмайды, - дейді ол.

Шымкент, Тараз, Оралдан келген бастамашыл топ өкілдері салымшылардың кейбірі көлігін, кейбірі пәтерін сатып, қаржы компаниясына салғанын айтады.

Жанар Дәулетованың сөзінше, салымшылар мәселесімен айналысатын қоғамдық комитеттің 25915 адамға жүргізген сауалнамасы барысында олардың 23 миллиард теңгеден астам шығын шеккенін көрсеткен.

Қасым - Жомарт Тоқаевқа жазылған хатта «Ақшаларынан айырылған жас келіншек тамырын кесіп, екі кішкентай баласы жетім қалды. Жетісайдың 49 жастағы тұрғыны 2 наурызда өзіне қол салды» деп жазылған.

Полиция қызметкерлері бастамашыл топты неге үйінен шығармай отырғанын түсіндірмеді. Кейіннен бастамашыл топ өкілдері полиция бақылауымен президент әкімшілігіне хат тапсырғанын хабарлады.

Бұған дейін Қазақстанның бірқатар қалаларында «қаржы ұйымдарына алдандық" деген тұрғындар биліктен мәселелерін шешіп беруді талап еткен.

16 наурызда Ақтөбеде қаласында салымшылар наразылық білдірген. Жексенбіде Қызылордада бір топ салымшы «Гарант 24 Ломбард» жетекшілерінің бірінің үйіне барып, ақшаларын қайтаруды талап еткен.

Ақпан айының соңында ішкі істер министрлігі «Гарант 24 Ломбард» компаниясы құрылтайшысының Кишиневте ұсталғанын, оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG