Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда телеарна арқылы халыққа үндеуінде зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек 10 пайызға индексациялауды тапсырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұған бюджеттен 200 млрд теңге бөлінеді.
Тоқаевтың сөзінше, төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған үш миллионға жуық адамға ең төменгі жалақы көлемінде – 42500 теңге (шамамен 95 доллар) алады.
“Бұл қолдауға өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Сонымен қатар, тұрмысқа қажет заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, барлығы 800 мыңдай адам алады” деді ол.
Тоқаев 42500 теңге көмек алатындар қалай анықталатынын нақты айтпады.
Қазақстан президенті Тоқаев елдегі шағын және орта бизнес өкілдері үш айға дейін салықтан босатылатынын мәлімдеді.
“Яғни қазіргі таңда бұл салықты төлеудің қажеті жоқ. Бірақ кейін төлеуге тура келеді" деді ол.
Коронавирус пандемиясы тарап, мұнай бағасы күрт арзандаған тұста экономикасы шикізат пен мұнайға тәуелді Қазақстанның ұлттық валютасы теңге құнсызданып кетті. Елде қазір коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, облыстардың басым бөлігі карантинге жабылған. Жұрттың көбі табысынан айырылып, көп бизнес тоқтап тұр.
Қазақстанда 340 адам коронавирус жұқтырды. 22 адам дертінен айығып, екі адам қайтыс болды. Бұған дейін Қазақстан билігі коронавирус кезіндегі дағдарыспен күресуге 4,4 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: "Вирус пен девальвация соққысы". Қазақстан төтенше жағдайға дайын болды ма?
Қазақстандық сарапшылар коронавирус пандемиясы және мұнайдың арзандауы елде инфляцияны жоғарлатып, жұмыссыздықты арттырып, теңгенің құнсыздануына әкеп соғады деп болжайды.
ПІКІРЛЕР