Қазақстандағы төтенше жағдай режимі 1 мамырдың таңғы 7-сіне дейін ұзартылды. Бұл ақпарат Қазақстан президентінің ресми сайтында жарияланды.
Сайтта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Төтенше жағдай туралы» заңның 7-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы қабылдағаны айтылған.
Қаулыда «Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы төтенше жағдайдың қолданысы 2020 жылдың 1 мамырындағы 07 сағат 00 минутқа дейін ұзартылсын» деп көрсетілген.
Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап төтенше жағдай енгізілген. Төтенше жағдай бастапқыда сәуірдің 15-іне дейін белгіленген.
10 сәуірде төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан коронавирус таралуының шарықтау шегіне жеткен жоқ» деп төтенше жағдай режимін сәуірдің соңына дейін созған.
Денсаулық сақтау министрлігінің 14 сәуірдегі мәліметіне сай, елде коронавирус жұқтырғандар 1179 адамға жетті. 138 адам сауығып, 14 адам қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР