Accessibility links

Түркіменстанға Еуропа одағының жәрдемі неге бұйырмады?


Ашғабаттағы азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар.
Ашғабаттағы азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар.

Ресми Ашғабаттың адам нанғысыз мәлімдемелерінен кейін жұрт қазір түркімен үкіметінің сөзіне сенуден қалған. Бірақ Еуропа одағы Түркіменстан ұсынған деректерді шындық деп қабылдап, соның кесірінен бұл ел коронавируспен күресте шетелдің көмегінен қағылды.

Түркіменстан аумағының басым бөлігі шөл және шөлейт аймаққа жатады. Ал шөл далада сағым жиі көзді алдайды. Құм басқан даладағы адамға алыстан мұнартып су не тіпті оазис көрінгенімен, шын мәнінде ол жай ғана елес.

Түркіменстан үкіметі сырттағы жұрттың бұл елді сол сағымдай көріп, қабылдағанын қалайды. Президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтен бастап шенеуніктердің барлығы Түркіменстанды ештеңеден тарлық көрмейтін таңғажайып ел ретінде суреттейді: әппақ боп жарқыраған ғимараттар, молшылықта өмір сүріп жатқан алты миллион бақытты адам, бүкіл елді алда күтіп тұрған жарқын болашақ.

Алайда бұл елде тұрып жатқан халыққа шындық мүлде басқаша екені жақсы белгілі.

Олардың көбі құлқын сәріден үйінен шығып, дүкендер мен банктерге ашылардан бірнеше сағат бұрын барып, бүгін сәті түссе ұн, қант сатып алам ба немесе кейінгі төрт жылда жиі болмай қалатын қолма-қол ақша тиіп қала ма деген үмітпен кезекке тұрады.

Кейінгі кезде қатқан нан немесе талғажау етерлік өзге қалған-құтқан іздеп қоқыс жәшігін ақтарып жүргендер көзге түсе бастады.

Ашғабатта қоқыс салатын жәшікті ақтарып жүрген әйел мен ұл бала. 16 қаңтар 2014 жыл.
Ашғабатта қоқыс салатын жәшікті ақтарып жүрген әйел мен ұл бала. 16 қаңтар 2014 жыл.

Түркіменстаннан тыс жерде тұратындардың көбі бұл елдің ішінде не болып жатқанынан хабарсыз емес, олар түркімен үкіметінің "ұлы жетістіктері" туралы айтқанына сене бермейді.

Бірақ жақында біреу түркімен билігінің мәліметіне сеніп қалып, соның салдарынан бұл ел аса мұқтаж болып отырған шетелдік көмектен қағылды.

Сәуірдің 15-і күні Түркіменстандағы үкіметті қолдайтын orient.tm веб-сайтында Еуропа одағы жағдайы осал елдерге коронавирусқа қарсы күресуге және пандемияның экономика мен денсаулық сақтау жүйесіне келтірген зардабын жоюға жәрдем ретінде 20 миллиард еуроға (22 миллиард долларға) жуық қаржы бөлуді көздейтін Team Europe жоспарын әзірлеп жатқаны туралы ақпарат жарияланды.

Еуропа одағы Орталық Азиядағы үш ел – Қырғызстан (36 миллион еуро), Тәжікстан (48 миллион еуро) және Өзбекстанға (36 миллион еуро) жәрдем беруді жоспарлап отыр.

Ал Түркіменстан мен Қазақстан бұл тізімге неге енбей қалды? Оның себебі, бұл екі елдің үкіметтері ұсынған экономика көрсеткіштері Еуропа одағы көмек беретін елдерге қойылатын талаптарға сай болмай шыққан.

Еуропа одағы Дүниежүзілік банк принциптеріне сүйенеді. Дүниежүзілік банктің "әр тұрғынға шаққандағы ұлттық жалпы кірісті (ҰЖК) бағалау негізінде" жасаған рейтингісіне сәйкес, Қазақстан мен Түркіменстан кірісі орташадан жоғары елдер қатарына жатқызылған, бұл екі мемлекетте ресми орташа жылдық еңбекақы мөлшері 4086 доллардан 12615 долларға дейін деп көрсетілген.

Түркіменстаннан Еуропаға қашуға мәжбүр болған белсенділер жүргізетін Hronika Turkmenistana сайтында сәуірдің 16-сы күні жарияланған ақпаратта Түркіменстан үкіметінің елдегі орташа жылдық еңбекақы мөлшерін 7065 доллар деп көрсеткені жазылған.

Бірақ бұған қоса сайт хабарламасында бұл көрсеткіш бір АҚШ доллары 3,5 манатқа тең дейтін Түркіменстан ұлттық валютасының ресми айырбас бағамы бойынша есептелгені айтылған. Ал манаттың шынайы құнына жақын "қара базардағы" бағам бойынша есептегенде, елдегі орташа жылдық еңбекақы 1200 долларға сәл жетпейді. Егер осы көрсеткішке сүйенсек, онда жағдай мүлде басқаша болмақ. Яғни Түркіменстанға кірісі орташадан төмен ел ретінде Еуропа одағынан жәрдем алуға мүмкіндік туып, ақшадан тарығып отырған ел ондай қаржылай қолдауды көп жылға созылған экономикалық дағдарыспен күресуге пайдаланар еді.

Ашғабаттан солтүстікке қарай шөлейттегі кедей ауыл.
Ашғабаттан солтүстікке қарай шөлейттегі кедей ауыл.

2016 жылдан бері Түркіменстанда негізгі тауар түрлері тапшы. Көрші елдердің барлығында коронавирус індеті тарап отырған қазіргі кезде Түркіменстан шекарасын бұрынғыдан да қатты қымтап, жауып алды. Тауар тиелген жүк көліктері Түркіменстанмен шектесетін Иран мен Қазақстаннан кіре алмай, шекарада күні бойы қаңтарылып тұруға мәжбүр.

Елде тамақ өнімдері мен негізгі тауар түрлері тоқтаусыз қымбаттап жатыр.

Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлык радиосы ел астанасы Ашғабатта полиция қызметкерлерін қалаға кіреберісте, автобус бекетінде, мектепте және өзге де қоғамдық орындарда адамдардың дене қызуын тексеруге міндеттеп қойғанын хабарлады.

Тек мемлекет полицияға дене қызуын тексеретін ешқандай құрал-аспап бермеген. Полицейлерге ондай заттарды өз ақшасына сатып алуды бұйырған.

Егер Түркіменстан билігі елдегі шынайын жағдайды, әсіресе адамдардың кедейлікте өмір сүріп жатқанын жасырмай айтса, онда бәлкім, Еуропа одағы ондаған миллион еуро бөлген болар еді. Ол полицияға әлгіндей термометр және одан басқа да қажетті заттар сатып алуға жетер еді.

Алайда Еуропа одағының лауазым иелері неміс банктерінде тығулы жатқан, түркіменстандық белгісіз тұлғаларға тиесілі делінетін 24-25 миллиард долларға байланысты сұрақтар қоя бастауы да мүмкін.

Бірақ түркімен үкіметі табиғи газға бай елдің дәулеті өзіне жетеді, сондықтан ондай "қайырымдылыққа" мұқтаж емес деген сағыммен өз-өзін алдаусыратуды жөн көреді.

Оған жақында болған бір жайт дәлел бола алады. Сәуірдің 6-ына АҚШ елшілігі ресми сайтында жариялаған мәлімдемеде "АҚШ-тың ондаған азаматын Түркіменстаннан Құрама штаттарға қайтаруға" көмектескені үшін түркімен үкіметіне алғыс білдірген.

Ашғабат халықаралық әуежайы.
Ашғабат халықаралық әуежайы.

Мәлімдемеде сонымен бірге АҚШ-тың Түркіменстанға COVID-19 пандемиясынан қорғану мақсатында лабораториялар дайындауға, инфекцияны анықтауды белсенді жүргізуге, індеттің өршуіне қарсы іс-қимыл жасайтын техникалық сарапшыларды қолдауға және қауіп-қатер туралы ақпаратты таратуға септесу үшін медициналық жәрдем ретінде 920 мыңнан астам доллар бергені айтылған. Бұған қоса мәлімдемеде Вашингтонның "кейінгі 20 жылда Түркіменстанның денсаулық сақтау саласына 21 миллион долларға жуық инвестиция құйғаны және бұл елге 201 миллион доллардың жалпы көмегі берілгені" айтылған.

Түркіменстан сыртқы істер министрлігі бұған дереу жауап қатып, "ондай ақпарат шындыққа сай емес" деп мәлімдеді. Бірақ елде АҚШ компанияларымен бірлесіп жалпы көлемі 3,5 миллиард доллардың 167 жобасы іске асырылғанын айтты.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG