Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, су астында қалған Қазақстандағы Жеңіс ауылының тұрғындары үкіметтен басқа жерден үй салып беруді талап етті. Олар апаттан кейін эвакуацияланған Атакент кентіндегі 5 мектеп-гимназиясы алдына жиналып, наразылық білдірді.
Жеңіс ауылының тұрғындары жергілікті билік су апаты болуы мүмкін екенін біле тұра халықты қамдануға шақырмады деп санайды. Олардың айтуынша, 1 мамырда түнде су ала бастағанда әкімдік ауыл тұрғындарынан дүрлікпей, үйде отыруды сұраған. Түн ортасында су деңгейі күрт көтерілген соң халық өз күшімен ауылды тастап шыққан. Кей адамдар құжатын да алып үлгермеген.
- Бір үйде үш отбасы, 12 адам тұратын едік. Қаншама адам баспанасыз қалды. Біз қашанға дейін мұнда тұрамыз? Ауылда басқан су жуық маңда кеппейді. Бізге басқа құрғақ жерден үй салып берсін. Артық талабымыз жоқ, - дейді зейнеткер Зиякүл Қадырханова.
Жеңіс ауылының тұрғыны Малика Үмбетиярова аудан әкімшілігі «қауіп жоқ» деген соң үйде бейғам отырғанын, Өзбекстаннан өлген жылқыға жармасып ағып келген өзбек азаматын көргеннен кейіп түн ортасында ауыл жаппай көшкенін айтады.
- Бізге киім де, тамақ та керек емес, үй керек. Күн көру үшін жер керек,- дейді ол ызаға булығып.
Жиналған әйелдер бірінен соң бірі сөйлеп, көздеріне жас алды. Қариялар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың, жүкті әйелдердің қиналып отырғанын айтты.
Мектеп-гимназиясы директоры қызметін уақытша атқарып жүрген Әлім Аяповтың айтуынша, мектеп ішіне үш жүзден аса адамды орналастырған. Оларға көрпе - төсек және екі мезгіл ыстық тамақ беріледі. Дәрігерлер мен полиция, әскери қызметкерлер кезекшілікке қойылған. Еріктілер мен басқа аймақтан көмекке келген адамдар ас-су тасып жүр.
2 мамырдан бері жедел жәрдем шақырып, сегіз адам ауруханаға түскен, арасында жүкті әйелдер де бар.
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев бүгін, мамырдың бесіне таратқан ақпаратқа қарағанда, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы апатының салдарынан Түркістан облысының Мақтарал ауданында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Мұнан өзге 7639 га егістік су астында қалған.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының 10 ауылын су алып, 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды деп мәлімдеген болатын.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мақтаралдағы су апаты үшін Өзбекстанға наразылық нотасын жолдамайтынын хабарлаған.
1 мамырда Мақтарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су алған. Ертеңіне Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылға тасқын су кіріп, ауданда төтенше жағдай жарияланған.
ПІКІРЛЕР