Accessibility links

АҚШ сенаты Шыңжаңдағы қудалауды айыптайтын заң жобасын мақұлдады


АҚШ сенаты.
АҚШ сенаты.

АҚШ сенаты президент Дональд Трамп әкімшілігін Қытайдағы түркітілді мұсылмандардың қудалануына қатаңырақ жауап беруге үндейтін заң жобасын мақұлдады.

Республикашыл-сенатор Марк Рубио таныстырған екіпартиялық заң жобасы Қытайда ұйғырлар мен өзге де мұсылмандардың қудалануына жауапты шенеуніктерге санкция салуды қарастырады. Бұған қоса, адам құқығының бұзылуына септесетін тауарлардың экспортталуына бірқатар шектеу қояды.

Енді заң жобасын демократтар басым көпшілік болып отырған өкілдер палатасы мақұлдауы тиіс, содан соң Дональд Трампқа қол қоюға жіберіледі. Президент құжатқа қол қоюы тиіс немесе вето қойып қайтаруы керек.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. 2018 жылы БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай "ішкі ісіне араласқан" АҚШ-тың кез келген әрекетіне жауап беретінін айтып ескерткен.

Трамп Қытайды коронавирус туралы ақпаратты дер кезінде хабарламады деп айыптап отырған тұста заң жобасы қабылданып отыр. Індеттің экономикалық салдары және АҚШ пен Қытай арасындағы саяси тартыс қаңтар айында екі ел арасында жасалған сауда келісім-шартына қауіп төндіріп отыр.

Трамп 14 мамырда пандемия АҚШ-қа өндірістің қаншалықты маңызды екенін көрсетті және Қытайдан тасымалдау тармақтарын алып кетудің маңыздылығын дәлелдеді деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG