Accessibility links

"Совет дәуірінің шенеунігі екенін көрсетті". Тоқаевтың Ресей газетіне берген сұхбаты нені меңзейді?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Кремльде. Бұл - Тоқаевтың президент ретінде алғашқы сапарларының бірі. 3 сәуір 2020 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Кремльде. Бұл - Тоқаевтың президент ретінде алғашқы сапарларының бірі. 3 сәуір 2020 жыл.

Бүгін, маусымның 3-і күні ресейлік "Комсомольская правда" газеті сайтында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған сұхбатын жариялады. Қойылған 15 сұрақтың көбі қазақ-орыс қарым-қатынасына арналған. Тоқаев Қазақстанда "қос билік жоқ" дейтін бұрынғы пікірін қайталап, Ресеймен одақтас ел болу жөніндегі ойын айтты. Ол сондай-ақ Қырым сценарийі Қазақстанда қайталануы мүмкін деушілерді жалған сарапшыға теңеп, елдегі орыс халқын диаспора деуге болмайды деді. Сарапшылар Тоқаевтың сұхбаты жайлы не дейді?

Тоқаев сұхбатында Қазақстанның Ресей мен Беларусьтің одақтас мемлекеті құрамына кіру жоспары жоғын айтып, "бұл елдермен қарым-қатынас екіжақты және ортақ интеграциялық ұйымдар арқылы жалғасады" деді. Мәскеу мен Минск арасындағы "одақтас мемлекеттер" тек қағаз жүзінде бар. Ресей қазір Беларуське қысым жасап, одақтас мемлекетті "күшейтуді" талап етіп келеді.

Еуразиялық экономикалық одақты (ЕЭО) "экономикалық одақ ретінде дамытуды көздейтінін" айтқан Тоқаев "Кейде ЕЭО-да өткір пікірталастар болып тұрады, бірақ бұл одақты одан әрі сәтті, беделді және тартымды ету үшін қажет" деді.

"ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҮШІН ЖАСАЛҒАН СҰХБАТ"

Саясаттанушы Талғат Мамырайымовтың пікірінше, Тоқаев мұны ЕЭО-ның мамырдың 19-ы күнгі онлайн отырысындағы мәлімдемесін жұмсарту үшін айтқан. Онлайн жиында Қазақстан президенті ЕЭО-ның бес жылдық даму стратегиясын "үкімет пен парламенттің дербестігін" шектейді деп сынға алған еді.

Мұның бәрі саяси технология. Жеме-жемге келгенде біздің билік айтқан мәлімдемелерінен оңай тайып кете салады.


– Тоқаевтың сол мәлімдемесінен кейін Ресейдегі бірқатар басылымдарда Қазақстанда орыстардың құқығы шектеліп отыр деген сипаттағы мақалалар жарық көрді. Біздің тараптан да билікке жақын сарапшылар пікірлерін айтты. Екі тарап кішігірім ақпараттық шабуылмен алмасты. Ал бұл сұхбат бар-жоғы қоғамдық пікір қалыптастыру үшін ғана жасалды, ал шындығында екі ел арасындағы мәселелер өзара шешіліп қойған болуы да мүмкін. Мұның бәрі саяси технология. Жеме-жемге келгенде біздің билік айтқан мәлімдемелерінен оңай тайып кете салады, - деді ол.

Мамырайымовтың сөзінше, Қазақстан билігінің ЕЭО-ның мемлекет деңгейінде интеграциялануына қарсы шығуы, Ресей мен Беларусь одағына қосылмаймыз деп айтуы – ел егемендігінен айрылу қаупіне қатысты емес.

– Бұл жердегі мәселе Қазақстанның мемлекет ретінде тәуелсіздігінен айрылып қалуында емес. Мәселе элитаның өз билігінен айырылып қалмауында. Олар Мәскеудің қуыршағына айналудан қорқады, - деді саясаттанушы.

Ал сенаттың бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров сұхбаттың көңілінен шыққанын, Тоқаевтың Беларусь пен Ресейдің одақтас мемлекет құрамына кірмеу туралы ұстанымы дұрыс деп ойлайтынын айтты.

– Біз ол одаққа кірмейміз. Кіретін жоспарымыз да жоқ. Тәуелсіз мемлекет болып қала береміз. Менің естігенім осы және бұл дұрыс ұстаным деп ойлаймын, - деді Қайсаров.

Қазақстандағы орыстардың жағдайына тоқталған Тоқаев "Қазақстандағы орыс диаспорасы" деген тіркеске қарсы екенін, елдегі идеологтар мен сарапшыларға бұл сөзді қолданбасын деп ескерткенін айтты. Сөзінше, Қазақстандағы орыстар "барлық құқықты тең пайдаланып отыр". Тоқаев Қазақстанда АҚШ әскери базасын салу "талқыланып жатқан жоқ және күн тәртібіне енбегенін" айтты. Тоқаев Қазақстан биологиялық қауіпсіздік бойынша ресейлік мамандармен ашық жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, президент "Қазақстанда Қырым мен Донбасс сценарийі қайталанбайды, ондай қауіптің бар екенін айтатындар – жалған эксперт" деді.


Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң Мәскеу Қазақстанның солтүстігіндегі аймақтарды да тартып алуы мүмкін деген үрей пайда болған. Тоқаев былтыр желтоқсанда немістің Deutsche Welle сайтына берген сұхбатында Ресейдің Қырымды тартып алуын "аннексия" деп атаудан бас тартқан. Кейін Украина сыртқы істер министрлігі Тоқаевтың сөзінен соң Қазақстанның Украинадағы елшісін шақырған.

Мамырайымов Қырым мен Донбасс жайлы пікір, орыс диаспорасы жайлы сөз ел президентіне жараспайды деп санайды.

– "Диаспора" – ғылыми термин және ол орыс халқының Қазақстандағы жағдайына сай келеді. Тоқаев бұл тіркесті қолдануға тыйым салу арқылы өзін "кім бізбен бірге емес, сол бізге қарсы" деген қағидатты ұстанатын совет дәуірінің шенеунігі екенін көрсетті. Ол балама пікірді жоққа шығарды. Украинаның солтүстігіндегі жағдай қайталануы мүмкін дейтіндерді жалған эксперт деп атауы БҰҰ мемлекет хатшысының орынбасары болған, дипломат қызметін атқарған және ел президенті болып отырған адам үшін жараспайды, - деді ол.

"РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНҒА СЕС КӨРСЕТКІСІ КЕЛЕДІ"

Қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали сұхбаттағы сұрақтар орыс билігінің мүддесі тұрғысынан қойылғанын және онда Ресейдің Қазақстанға қатысты қыжылы барын байқаған.

– Ресей билігі Қырым және Донбасс мәселесін көтеру арқылы Қазақстанға сес көрсетіп, өз халқының алдында беделін күшейткісі келеді. Кейінгі алты жылда Ресейде экономикалық стагнация жүріп жатыр. Сондықтан халықты жұбату үшін түрлі технология пайдаланады. 2014 жылы Қырымды басып алып, орыс халқын біраз желіктірді. Бірақ енді бұл жеткіліксіз болып тұр. Путинге қазір өз халқын алдау керек, - деді Ғали.

Тоқаев сұхбатта 2019 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 6.2 пайызға өсім 20 миллиард долларға жетті деп айтты. Мамырайымов бұл статистикада манипуляция барын айтады.

– ЕЭО ішінде біздің импорттауымыз күшейіп, экспорттауымыз азайды. Яғни сауда сальдосы – теріс. Бұл ЕЭО-ның экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін білдіреді, – деді ол.

Тоқаевтың "Комсомольская правдаға" берген сұхбатының саяси астары не?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

БҰҰ мәліметінше, 2019 жылы Қазақстан Ресейге 5.6 миллиард доллардың тауарын сатып, 14 миллиард доллардың тауарын сатып алған.

Бұл – Тоқаевтың Ресей басылымына берген алғашқы сұхбаты емес. Ол осыған дейін Ресейдің кемі жеті бұқаралық ақпарат құралының сұрақтарына жауап берген.

Қазақстан президентінің жергілікті басылымдардан гөрі шетелдік журналистерге жиі сұхбат беретіні байқалады.

Тоқаевтың Қазақстанда президент болып отырғанына бір жылға жуықтады. Ол былтыр маусымның 9-ы күнгі кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жетті деп жарияланған. Халықаралық және жергілікті бақылаушылар сайлаудың әділ өтпегенін айтып сынаған. Сайлау күні полиция билікке, кезектен тыс дауыс беруге қарсы бейбіт митингіге шыққан мыңдаған адамды жаппай ұстаған.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттік өкілетін тоқтатып, орнын Тоқаевқа тапсырып кеткенімен қазір Қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Сарапшылар елде қос билік орнағанын жиі айтады. Бірақ Тоқаев та, Назарбаев та елде қос билік барын жоққа шығарып келеді.

Тоқаев "Комсомолская правда" басылымына берген сұхбатында тағы да "елде ешқандай қос билік жоқ" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG