Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 вирусынан қайтыс болғандар мен оны жұқтырған деген диагноз қойылғанымен, басқа ауру себебінен көз жұмған адамдар статистикасын екі бөлек жүргізетінін мәлімдеді. Ведомство коронавирус инфекциясын жұқтырған, бірақ ауру белгісі жоқ науқастарды да жеке тіркейтінін хабарлады. Маусымның 3-інен бастап COVID-19 жұқтырған, бірақ ауру белгісі жоқ азаматтар жалпы статистикаға кірмейді. Азаттық сарапшылармен сөйлесіп, биліктің коронавирус жұқтырған науқастарды есептеу әдісінің қандай салдары болуы мүмкін екенін сұрады.
РЕСМИ ПОЗИЦИЯ
Маусымның 6-сы күні Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі жақында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды тіркеу әдісін өзгерткенін хабарлады. Ведомство мәлімдемесіне сәйкес, соңғы уақытта ауру белгісі бар науқастар мен ауру белгісі байқалмайтын азаматтар екі бөлек есептелетін болған. Ауру белгісі байқалмайтын азаматтарды жалпы статистикаға қоспайды. Олар туралы дерек жеке жарияланады. Бұған дейін елде COVID-19 вирусын жұқтырған алғашқы науқас тіркелген наурыз айынан бері билік өкілдері жарияланған ресми дерекке коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған барлық науқас кіретінін айтқан.
Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова екіжақты статистика жүргізуге не себеп болғанын түсіндіргенде, ауру белгісі бар науқастар мен сырқат белгісі байқалмайтын азаматтар қоршаған ортаға екі түрлі қауіп төндіретінін айтты.
- Емхананың эпидемиялық маңызын ескеріп, қазір бізде ауру белгісі бар және сырқат белгісі байқалмайтын науқастар деген екі есеп жүргізіледі. Бұл ауру белгісі байқалмайтын науқастар бақылаусыз қалады дегенді білдірмейді. Жалпы эпидемиологиялық жағдайға баға бергенде, әрине, біз екі жақтағыларды да есепке аламыз, - деді маусымның 8-і күні денсаулық сақтау министрлігінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында өткен онлайн брифингте сөйлеген бас санитар дәрігер.
Мамыр айының соңында ақпарат құралдарында коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зираттағы қабір саны COVID-19 вирусынан көз жұмған азаматтар туралы ресми статистикадан көп деген ақпарат тараған. Азаттық тілшілері ресми дерек пен жерленген адамдар санындағы айырмашылықты Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларынан байқаған.
Видео: Қазақстанда вирус жұқтырған кем дегенде 72 адам қайтыс болған. Ресми деректе - 37 адам (29 мамыр 2020 жыл).
Ол кезде де денсаулық сақтау министрлігі екіжақты статистика жүргізгенін мәлімдеген. Ведомство өкілдері коронавирустан қайтыс болған науқастардың бәрінің бірдей өлім себебін COVID-19 вирусы деп тіркей бермейтінін айтқан. Министрлік кей жағдайда коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқас басқа аурудан көз жұмады деп түсіндірген.
Маусымның 4-іне өткен брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мынадай мәлімдеме жасаған:
- Біз бұл жағдайларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығы бойынша тіркейтінімізді түсіну керек. Мысалы, вирус жұқтырған науқас миокард инфарктінен қайтыс болса, негізгі диагнозы негізгі болып қалады.
САРАПШЫЛАР ПІКІРІ
Денсаулық сақтау министрлігінің есеп жүргізу әдісі туралы сарапшылардың ойы бір жерден шықпады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мемлекеттік кеңсесін үйлестіруші Бибігүл Әубәкірова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне жүгінуді не одан бас тартуды әр мемлекет өзі шешетінін айтады.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қызметі кеңес беруге ғана негізделген. Біз кеңес береміз, бірақ мемлекет билігі шешімді өзі қабылдайды. Қазақстан ғана емес, бүкіл ел солай әрекет етеді. Денсаулық сақтау министрлігі статистиканы бөліп жүргізу туралы шешім қабылдады. Олар алдағы уақытта қажет шараларды қолға алу үшін осындай қадамға баруға құқылы. Ресей де, басында Қытай да осы жолмен жүрді, - дейді Бибігүл Әубәкірова.
Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиясымен келіспейтіндер де бар. Алматылық дәрігер, азаматтық белсенді Қайырғали Конеев "министрліктің теріс пиғылы болмауы мүмкін, бірақ бұл әдіс бәрібір дұрыс емес" деп есептейді.
- Әлем тәжірибесіне қарасақ, өлімге көбіне коронавирус инфекциясына емес, негізгі аурудың асқынуы себеп болатынын көреміз. Мысалы, артериалды гипертония немесе созылмалы жүрек дерті болуы мүмкін. Коронавиурс болмаса, адам созылмалы аурумен ұзақ өмір сүре алады. Яғни, ресми тұрғыдан алғанда, адамның өліміне басқа ауру себеп болғанымен, оның асқынуын коронавирус күшейткен. Коронавирус жұқтырған науқасты көлік қағып кетсе, басқа әңгіме. Ондайда бұл жағдайды коронавирустан болған өлімнің жалпы статистикасына қосуға болмайды, - дейді Қайырғали Конеев.
"Аман-саулық" қоғамдық ұйымының жетекшісі, көп жыл денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеген дәрігер Бақыт Түменова статистиканы бұлай жүргізу ауру туралы жалпы картинаны бұрмалап, оны біршама жеңілдетіп көрсететінін айтады.
- Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымымен келіспеймін, өйткені адамдарды созылмалы ауруының асқынуына себеп болған коронавирустан қайтыс болғандай жерлеп жатыр. Пандемия кезінде жағдайды нақты білу үшін COVID-19 вирусын негізгі себеп ретінде белгілеу керек. Осы дұрыс болады. Бұл ауру белгісі байқалмайтын науқастарға да қатысты. Олар ауру белгісі бар адамдар сияқты басқаларға вирус жұқтыруы мүмкін, - дейді Түменова.
Өткен аптада денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде коронавирус жұққан 37 адамның "басқа аурудан" қайтыс болғанын айтқан.
Коронавирус жұқтырған науқастар мен қайтыс болған азаматтар туралы ресми дерек жариялайтын www.coronavirus2020.kz сайтында негізгі статистикадан бөлек, "коронавирус инфекциясын жұқтырған, ауру белгісі жоқ" адамдар жеке көрсетілген. Сайтта өлім себебі коронавирустан емес, басқа аурудан болған науқастар туралы дерек жоқ. Мамыр айының ортасында денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бұйрабекова COVID-19 вирусынан қайтыс болғандар мен басқа сырқаттан көз жұмғандар туралы барлық деректі жариялауға уәде берген. Шенеунік бұл ақпаратты қашан жариялайтынын ашып айтпады.
Маусымның 9-ы күнгі ресми мәліметке сәйкес, жалпы статистикаға кірмеген, ауру белгісі байқалмайтын "440 вирус тасымалдаушы" тіркелген. Қазір елдегі коронавирус жұқтырған, бірақ ауру белгісі байқалмайтын азаматтардың жалпы саны - 2136.
19 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда, ресми дерек бойынша, 13319 адамға коронавирус инфекциясы жұққан. 8015 адам аурудан жазылып, 61 адам COVID-19 вирусынан қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР