Әлем елдері ұзақ уақыт оқшауланудан ес жиып, бас көтеріп жатқанда үкіметтер пандемиямен күрес пен адамдарды қалыпты өмірге қайтарудың арасында таңдау жасай алмай дал болып отыр.
Әр елдің басшылығы халықты жұмысқа шығарып, экономиканы жандандыру мен адамдарға әлі де жұғып, әлі де ажал құштырып жатқан вирус қаупінің арасында тепе-теңдікті тауып, карантиннен шығудың түрлі стратегияларын әзірлеп жатыр.
Адамдар үйде қалып, мекемелер жабық тұра берсе, экономика құлдырай түспек. Компанияларда қарекет болмаған соң, табыс та болмайды, бұл жұмыссыздықты ұлғайтып, кедейлікті үстейді. Ал жұртты жұмыс орындарына тым ерте жіберсе, вирус қайта өршіп, оны көп адам жұқтырып, өлім-жітім артады.
Оның үстіне, медицина мамандарының айтуынша, шектеуді бірден алып тастаса, қауіпті пандемияның екінші кезеңі басталып, наурыз-сәуірде әлем елдері карантин арқылы қол жеткізген жетістіктің бәрі бекер болып қалады.
Ұзақ мерзім тұрғысынан бұл тіпті үлкен экономикалық хаосқа алып келеді, себебі мемлекеттер карантин ережелерін қайта енгізуге мәжбүр болады.
КАРАНТИНДІ ЖЕҢІЛДЕТУГЕ ҰСЫНЫС
Сәуірдің ортасында Бельгиядағы медицина саласының белгілі мамандары Nature Medicine журналында «Карантиннен жауапты түрде шығу стратегиясы» атты мақала жариялады.
Олар стратегияны «бір-бірін толықтыратын, жалғаспалы үш компонентке» негіздеуді ұсынады. Мамандар өздері ұсынған карантиннен шығу стратегиясы «табысы жоғары елдерден гөрі табысы орташа және төмен елдерге қиын болатынын» айтады.
«Біріншіден, ауруханалар ауырған адамдарды қабылдай алатындай шамада болуы үшін жұқтыру деңгейі бірқалыпты болуы тиіс. Ол үшін жұрт арақашықтықты сақтау керек» дейді медицина мамандары.
Екіншіден, вирус жұққандарды табу, иммунитет қалыптастырған адамдарды анықтау үшін денсаулық сақтау жүйелері өз мүмкіндіктерін «еселеп арттыруы» тиіс.
«Үшіншіден, жүйелі түрде анализ алу және вирус жұқтырғандармен байланыста болғандарды анықтауды жүйелі ұйымдастыру үшін үкіметтер жұмыс күші мен түрлі процедураны жолға қоюы керек» дейді ғалымдар.
Мамандардың пайымдауынша, ең алдымен денсаулық сақтау, қауіпсіздік, азық-түлік тасымалдау сияқты маңызды салаларда жұмыс істеп жүрген қызметкерлерден тест алу керек.
Сонымен бірге, карантинді жеңілдету кезінде «адамдардың вирус жұқтыру қаупін ескере отырып, оларды түрлі топтарға бөлу керек» деп санайды сарапшылар.
АЛҒА ЖЫЛЖУ
Лондондағы St. George's University университетінде жаһандық денсаулық сақтау бойынша лекция оқитын италиялық вирусолог Элизабетта Гроппелидің айтуынша, елдердің вакцина табылмай жатып-ақ карантиннен шығуға бел байлағанында тұрған таңқаларлық ештеңе жоқ.
Азаттыққа 4 мамырда берген сұхбатында Гроппели «ұзақ мерзім тұрғысынан карантин – оңтайлы шешім емес» деді.
- Карантин әр елде әртүрлі жағдайда, түрлі шектеумен жүріп жатыр. Бірақ ол тым қиынға соғады. Карантин – жеке адамдар үшін де, мемлекет деңгейінде де тым тұрақсыз шара. Бірақ Еуропаның пандемиядан ең қатты зардап шеккен елдерінде бірнеше аптаға созылған шектеулерден соң ауруханада, қарқынды терапия бөлімінде жатқан адамдар саны азая бастады. Карантинді алып тастауға бел байлағанда ең маңызды көрсеткіш – осы. Италия, Германия, Испания сияқты елдерде вирус жұқтырғандар мен ауруханада жатқандар саны төмендеп жатқандықтан карантинді біртіндеп алып тастауды қолға алу – өте дұрыс шешім, – дейді ол.
ИТАЛИЯ БІРТІНДЕП БАС КӨТЕРІП КЕЛЕДІ
Италия – коронавирус пандемиясы соққы болып тиген Еуропадағы алғашқы ел әрі індет жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар саны бойынша да әлемде алдыңғы орындарда тұр. Әлемдегі ең ұзақ карантин – сегіз апта қатаң шектеуде отырған Италия 4 мамырдан бастап карантинді абайлап жеңілдете бастады.
Карантин ұзақтығы бойынша Италия бұл індет алғаш шыққан Қытайдың Хубэй аймағынан ғана қалып қойды. Ол аймақ 59 күн бойы жабық болған еді. Осы апта миллиондаған италиялық жұмыстарына баруға мүмкіндік алды, апталап үйлерінде қамалған адамдарға 11 мамырдан далаға шығуға рұқсат.
Италия карантинді бірнеше апта бойы біртіндеп алып тастамақ.
Қазір мектептер, музейлер және мейрамханалар жабық. Тағам алып кету үшін мейрамхана сыртында арақашықтықты сақтау шарты қатаң орындалуы тиіс.
Құрылыс пен зауыт-фабрика жұмысқа кірісіп, гүл сатушылар базардағы орындарына оралды. Италияда бақтар мен бейіттер де ашылды, бірақ жерлеу рәсімі кезінде адамдар бір-бірінен алшақ тұру шартын сақтауы керек.
ИСПАНИЯНЫҢ СТРАТЕГИЯСЫ
Коронавирустан Еуропада қатты зардап шеккен тағы бір елі – Испания бірер аптаға созылған шектеуді алып тастаудың төрт кезеңнен тұратын жоспарын жариялады.
«Нөлінші кезең» деп аталатын бірінші қадам 4 мамырда басталды. Бұл жоспар бойынша, 5 мыңнан астам тұрғыны бар аймақтағы адамдарға белгіленген уақытта үйден шығуға рұқсат берілді.
«Бірінші кезеңде» мейрамханалар да ашылды, бірақ олар тек тамақты алып кетуге рұқсат береді.Көлікте бір адамның – тек жүргізушінің ғана отыруына рұқсат беріледі әрі ол тек азық-түлік, дәрі-дәрмек не жанармай сияқты ең қажетті тауарды сатып алу үшін ғана жолға шыға алады. Қоғамдық көліктерде маска кию – міндет, бұған қоса олар арақашықтық шартын бұлжытпай орындауы тиіс. Қайта ашылған шағын бизнес нысандарына да сондай талап қойылды.
Ал «екінші кезең» 10 мамырда басталады, сол күні үкімет жариялаған төтенше жағдай режимінің уақыты бітеді. Содан кейін әр аймақтағы жағдайға қарай екі апта сайын карантинді жеңілдетудің жаңа кезеңі басталып отырады. Испания басшылығының айтуынша, осы жоспар бойынша ел 25 маусымға қарай қалыпты өмірге оралады, бірақ мектептер қыркүйекке дейін жабық болады.
Дегенмен парламент төтенше жағдай мерзімін 25 мамырға дейін созудың жайын талқыға салмақ. Егер парламент солай ұйғарса, онда қалыпты өмірге оралу процесі тағы бірер аптаға созылмақ. Бұған қоса, әр аймақ карантинді жеңілдетудің келесі кезеңіне өтер алдында Мадридтегі орталық үкіметтің рұқсатын алуы тиіс.
ГЕРМАНИЯ ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ЖЫЛДАМ ОРАЛУДЫ ЖОСПАРЛАЙДЫ
Федерация болғандықтан Германияда коронавирусқа байланысты шектеулер елдің 16 аймағының әрқайсысында әртүрлі деңгейде болды. Дегенмен Италия, Испания, Франция, Британия, АҚШ сияқты елдермен салыстырғанда Германия індеттің таралуын тоқтатуда жетістікке жетті.
Алайда сәуірдің соңында канцлер Ангела Меркель экономиканы тым ерте іске қосып жатыр деп аймақтағы басшыларды сынға алды. Аумағы 880 шаршы метрден аспайтын, азық-түліктен бөлек басқа тауар сататын дүкендер 20 сәуірде қайта ашылды, бірақ оларға кіретін адам санына шек қойылды.
Кейіннен Меркель жергілікті үкіметтермен шектеуді біртіндеп алып тастау бойынша уағдаласты. Бірақ ол Германия пандемияның соңында емес, «бастапқы кезеңінде» тұр деп ескертті.
«Жеткен жетістігімізден айырылып, кері кетуге жол бермейік» деді ол.
4 мамырда ойын алаңдары, музейлер мен шіркеулер қайта ашылды. Сән салондары да қатаң гигиена талаптарын орындай отырып, адам қабылдауға мүмкіндік алды. Бастауыш және орта мектеп оқушыларының көбі 4 мамырда сыныптарына оралды.
Басқа мектептер де 11 мамырда қысқартылған кестемен ашылады, бірақ онда оқушылар мен мұғалімдер арақашықтықты қатаң сақтауы тиіс. Балабақша, бала орталығы, кафе-бар, мейрамхана, түнгі клуб, кинотеатр сияқты мекемелер жабық тұр.
Елдің көп бөлігінде далада тек екі адамнан (бір отбасының мүшелеріне бұл шарт міндетті емес) жиналуға рұқсат, онда да 1,5 метр арақашықтықты сақтау керек.
Германияның коронавирус аз тіркелген аймақтарында бес адамға дейін жиналуға рұқсат берілді. Елде мамырдың ортасынан бастап футболдан ел чемпионаты - Бундеслига жалғаспақ. Матчтар жанкүйерсіз өтеді. Германия чемпионаты Еуропада қайта жалғасатын алғашқы біріншілік болмақ.
6 мамырдағы мәлімет бойынша, 80 миллион тұрғыны бар Германияда 167 мың адамға коронавирус жұққан. Бұл – Еуропа одағы елдеріндегі төртінші жоғары көрсеткіш. Бірақ бұл ел індеттен қайтыс болғандар санын төмен деңгейде сақтай алды. Мұнда вирустан 7 мыңға жуық адам көз жұмды, бұл – Испания, Италия, Франция, Британия сияқты елдердің көрсеткішінің төрттен бірі ғана. Сондықтан әлемнің денсаулық саласының сарапшылары “Германияның карантинді ашу жоспарын басқа елдерге үлгі бола алады” деп отыр.
ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯЛЫҚТАРДЫҢ КӨҢІЛІ АЛАҢ
Індеттің таралуын жылдам тоқтатқаны үшін көп мақтау естіген Жаңа Зеладия 28 сәуірден бастап қатаң карантин режимін босаңсыта бастады.
Денсаулық сақтау саласының басшылары «ел ішінде вирус жұқтырудың» тоқтағанын хабарлады, ал үкімет вакцина табылғанша «вирус жұқтырған адамдарды жылдам оқшаулап отыруға» уәде берді. Арада алты күн өткенде Жаңа Зеланияда індет жұқтырған адам тіркелген жоқ.
Дегенмен Жаңа Зеланияда арақашықтық сақтау ережесі әлі де күшінде, ал сауда орталығы, паб, шаштараз және басқа да сауда орындары жабық тұр.
Үкімет 11 мамырда шектеуді жеңілдету жайын қарастырады.
- Мақсатқа жетуге аз ғана қалғанда осыған дейін қол жеткізген жетістікті жоққа шығара алмайық, - деді премьер-министр Джасинда Арден.
ДЖОРДЖИЯДА КАРАНТИН ЖЕҢІЛДЕГЕН СОҢ ІНДЕТ ӨРШІДІ
Есесіне, АҚШ-тың Джорджия штаты сәуірдің соңғы аптасында ережені босаңсыта салысымен, онда індет жұқтырғандар саны күрт артты. Штат вирустан қорғану ережелеріне емес Вашингтоннан келген «нұсқаулыққа» сүйенген.
Джорджия – АҚШ-тағы шектеуді жеңілдеткен алғашқы штат. Мұнда фитнес-орталық, жаттығу залы, шаштараз және кинотеатр 24 сәуірде ашылған. Барлар мен мейрамханаларға 29 сәуірден жұмыс істеуге рұқсат берілді.
Осы тұста штатта індет жұқтырғандар саны тәулігіне мың адамға дейін өсіп кетті. 5 мамырдағы мәлімет бойынша, штатта 30 мың адам вирус жұқтырып, 1246 адам қайтыс болған.
АҚШ Денсаулық сақтау саласының басшылары “індеттің ел ішінде таралуына тосқауыл қойғанға дейін карантинді босаңсытудың салдары қандай болуы мүмкін” деп Джорджиядағы жағдайға жіті назар салып отыр.
Дегенмен вирустың инкубациялық мерзімі екі апта екенін ескерген эпидемиологтар Джорджиядағы асығыстықтың “нәтижесі” мамырдың ортасына қарай белгілі болады дейді.
ОҢТҮСТІК КОРЕЯ САБАҒЫ
Әлемде Қытайдан соң коронавирус індетіне тап болған Оңтүстік Корея 20 сәуірден бастап кейбір шектеуді абайлап алып тастай бастады. Дегенмен бұл ел басқалар сияқты індетті тоқтату үшін толық карантин енгізген жоқ.
Италия мен Испания сияқты мұнда адамдардың сыртқа шығуына, жұмысқа баруына тыйым салынбады. Бұл экономикаға зардап тигізбей, індетті ауыздықтаудың жақсы мысалы бола алады.
20 қаңтарда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелген соң бір апта өткенде үкімет COVID-19 вирусына тест жасайтын сынаманы жаппай шығару туралы шешім қабылдады.
Италия бүкіл ел аумағында карантин жариялардан бірер апта бұрын, ақпанның басында, Кореяда күніне 100 мың тест алынып, 600 тест орталығы жұмыс істеп жатты.
Сондықтан үкімет вирустың таралуын бақылап, ауырғандарды жедел емдеуді қолға алды. Соның арқасында Оңтүстік Кореяда “Италия мен АҚШ сценариі” болған жоқ.
Соған қарамастан, Оңтүстік Корея арақашықтықты және санитарлық ережелерді қатаң сақтауды қадағалады. Дерт жұқтырғандар саны бірнеше күн қатарынан 20-дан төмен болғаннан кейін ғана үкімет ережелерді босаңсытуды ойластыра бастады.
Алдымен парктер мен гольф алаңдары ашылды, сауда орталықтары мен мейрамханалар да біртіндеп қалыпты өмірге оралып жатыр. Оңтүстік Корея тұрғындарының көбі қоғамдық орында маска тағып, арақашықтық сақтап жүр.
4 мамырда тек 8 адамнан вирус табылғандықтан Оңтүстік Корея бірнеше айға созылған індетпен күрес науқаны аяғына жетті деп толық айта алады.
Мектептер бес апта оқуды тоқтатып, 9 сәуірден онлайн оқуға көшкен еді. Оңтүстік Корея жоғары сынып оқушыларының 13 мамырдан сабаққа бара алатынын хабарлады. Кіші сыныптың оқушылар бірнеше аптадан кейін, маусымның басында мектепке бармақ. Бірақ мектепте маска кию, температура өлшеу және арақашықты сақтау ережелері орындалуы тиіс. Діни орындар мен спорт жарыстарына қатысты қатаң ережелер де жеңілдеді. Бірақ денсаулық саласының басшылары індеттің жаңа ошақтары кез келген уақытта пайда болуы мүмкін деп ескертіп келеді.
Вирусолог Гроппелли карантинді босаңсытуға байланысты «[Қоғамның барлық] деңгейінде қауіпсіз жағдайда жұмыс істеу және өмір сүру дағдыларын қалыптасыруымыз керек. Және бұл вирустың көзін жою туралы емес, [онымен] өмір сүру туралы ойлануымыз қажет. Бұл – жеке адам ретінде бізге және қоғамға құрметпен қарау және бұл жағымсыз патогенді назарда ұстау арасында компромисс табу деген сөз» дейді.
Қарай отырыңыз: Карантинді жеңілдеткен елдер (5 сәуір 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР