12 маусымда АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында наразылық акциясын өткізіп, ұсталған белсенділердің бірі Анна Шүкеева әкімшілік жазаға тартылды. «Рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырды» деп айыпталған белсендіге 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (138 900 теңге немесе 347 доллар) айыппұл салынды.
- Сот онлайн өтті. Мен соттың не деп жатқанын естімедім. Кешкі сағат алтыға таман соттан соң босатты. Шешімді апелляцияға беремін. Себебі соттың не дегенін білмеймін, бірақ өзімнің «демала алмайтынымды» (АҚШ-та афроамерикалық азаматтың өлімінен кейін пайда болған тіркес - ред.), 6-маусымдағы митингіден соң қамап тастаған белсенділерді босатуды талап ететінімді айттым. Соттың «кінәлісің» дегенін ғана естідім, - дейді Анна Шүкеева.
Нұр-Сұлтанда белсенділердің Қазақстан билігін сынап, сөз бостандығы мен адам құқының қорғалуына назар аудару мақсатындағы акциялары 8-маусымнан бері жалғасып келді. Жұма күні күндіз елшілік алдында #KazakhLivesMatter, #BlackLivesMatter хэштегі жазылған плакаттар көтеріп, акция өткізген белсенділерді полиция жасағы бірден кетті. Ақпарат бойынша, полиция акцияға қатысқандарды бөлімшеде төрт сағаттай ұстап, босатып жіберген.
Ұсталған белсенділер арасында Ернар Мұқатаев, Анна Шүкеева, Динара Мүбарак, Алтын Леспаева, Фариза Беспаева, Марат Мұсабаев, Нұрсұлтан Тастаев, Марат Темірбеков бар.
- Біз ештеңе істеп үлгермедік. Плакаттарымызды жаза бастағанымыз сол еді, бәрімізді тиеп, Есіл аудандық ішкі істер басқармасына алып кетті, - дейді Марат Мұсабаев.
Полициядағылар белсенділерге қатысты қойылған сауалдарға жауап бермеді.
Апта басында белсенділер уақытша қамау изоляторы алдында да жиналып, 6 маусымдағы митингтіден соң қамауға алынғандарды босатуды талап еткен. Ал 10 маусымда Нұр-Сұлтандағы Еуроодақ өкілдігі ғимараты алдында наразылық акциясын өткізген белсенділерді полицияның арнайы жасағы ұстап кетіп, бірнеше сағаттан соң босатқан.
Қарай отырыңыз: Нұр-Сұлтанда полиция Назарбаев пен Тоқаевты сынағандарды күштеп әкетті (10 маусым 2020 жыл).
6 маусымда Қазақстанда бір-бірін мойындамайтын тіркелмеген оппозициялық екі топ - “Демократиялық партия” және Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы жақтастарын митингіге шақырған болатын. Алайда полиция олардың бір бөлігін белгіленген орынға жеткізбестен ұстап әкеткен болатын.
Жиналғандар несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті. Қазақстан ішкі істер министрлігі билікке қарсы бейбіт митинг кезінде 53 адам ұсталғанын хабарлады. Ал оқиғадан ақпарат таратқан журналистер полицияның шамамен жүзден астам адамды ұстағанын көрген.
ПІКІРЛЕР