Азаматтық белсенді Әсия Төлесованың қамау мерзімі 28 маусымға дейін ұзартылды. Бұл туралы белсендінің туыстары мен сотқа сілтеме жасаған жергілікті БАҚ хабарлады. ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, судья "іс көлеміне байланысты тараптарға уақыт бергенін" айтқан. Ал белсендінің анасы Жанар Жандосова Vlast сайтына "ол жерде небәрі екі-ақ том бар, оқитын түгі жоқ" деген.
Белсендінің қамау мерзімін ұзартуға байланысты сот 17 маусымда онлайн өткен.
6 маусымда полиция наразыларды ұстап жатқан кезде Төлесова жанындағы полицейлердің бірінің фуражкасын қағып түсіргеннен кейін "билік өкіліне күш жұмсау" бабы бойынша күдікке ілінді. Куәгерлердің айтуынша, азаматтық белсенді полиция ұстаған азаматтарға араша түспек болған.
Төлесованың өзі желіде "Полицияның қоғамға еш қауіп төндірмей өз ойын бейбіт жолмен айтуға келген қарусыз жұртқа жасағанын көргенде эмоциямды жасыра алмадым" деп жазған.
Сол күнгі билікке қарсы митинг кезінде полиция жүзден астам адамды ұстаған, кейбір кезде дөрекі күш қолданған.
10 маусымда Алматы қаласының тергеу соты Төлесованы 10 күнге қамады. Ол үш жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Осы апта басында халықаралық Amnesty International (AI) адам құқығын қорғау ұйымы Әсия Төлесованың негізсіз қамауда отырғанын айтып, билікті оны босатуға шақырды.
Оқи отырыңыз: Amnesty Қазақстан билігін Әсия Төлесованы босатуға шақырды
Өткен аптада Human Rights Watch ұйымы да Төлесованы босатуды, оның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға шақырған.
ПІКІРЛЕР