Accessibility links

Трамп Шыңжаңдағы қысым үшін Қытайға санкция салатын заңға қол қойды. Заңның ерекшелігі неде?


Шыңжаң өлкесіндегі ұйғырлар. 2018 жылдың күзі.
Шыңжаң өлкесіндегі ұйғырлар. 2018 жылдың күзі.

17 маусым күні АҚШ президенті Дональд Трамп Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасаған Қытай шенеуніктерге санкция салатын заңға қол қойды.

"Ұйғырлардың құқығы жөніндегі саяси акт" деп аталатын заң Қытайдағы ұйғырлардың, қазақтардың, қырғыздардың және өзге де мұсылмандардың діни сенімдері мен ұлттық ерекшеліктерін жоюға қатысқан адамдарға санкция салуды міндеттейді.

АҚШ конгресін (бір ғана адам қарсы болған) қолдап дауыс берген заңның аясында Қытай компартиясының адам құқығын өрескел бұзды деген мүшелеріне және партияның Шыңжаңдағы хатшысы – қуғынға тікелей жауапты деген Чэнь Цюаньгоға қарсы шара қолданылады. Заң сондай-ақ АҚШ компанияларын Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбектің нәтижесін қолданбауға шақырады.

Қытай коммунистік партиясының Шыңжаңдағы хатшысы Чэнь Цюаньгоға санкция салынды
Қытай коммунистік партиясының Шыңжаңдағы хатшысы Чэнь Цюаньгоға санкция салынды

Заңға сәйкес, елдің барлау қызметі мен мемлекеттік департаменті конгресті Қытайдағы ұйғырлардың жағдайы жөнінде жүйелі түрде ақпараттандырып отыруы тиіс. Ал президент 120 күннің ішінде ұйғырларға қысым көрсетті деген Қытай шенеуніктерінің тізімін беруі қажет.

ТРАМП ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЯ ТҰРЫП, ШАРТЫН АЙТТЫ

Заңның 6-бөлімінде санкция салудың үш амалы келтірілген: кінәлі адамның АҚШ-тағы мүлкін бұғаттау, виза бермеу немесе визасы болса күшін жою және айыппұл салу.

Құжатқа қол қойған Трамп заңның 6-бөлімі өзінің президент ретіндегі дипломатиялық жұмысын шектейтінін, сол себепті аталмыш бөлімге орындауға міндетті емес, консультациялық сипаттағы талап ретінде қарайтынын айтты.

Ақ үй басшысы бұл жолы әдеттегідей заңға қол қою рәсімін өткізбеді. Дәл сол күні АҚШ басылымдарында Трамтың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтонның әлі жарық көрмеген кітабының үзінділері жарияланды. Үзінділерге сәйкес, 2019 жылы Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен оңаша кездесуінде екінші мерзімге сайлануына "көмектесуін сұраған". Болтонның жазуынша, Си Цзиньпин Қытайдағы қайта тәрбиелеу лагерьлері не үшін салып жатқанын түсіндіргенде Трамп Қытайдың бұл әрекетін мақұлдап, лагерь салудың дұрыс екенін айтқан.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚУҒЫН ҚАЛАЙ БАСТАЛЫП ЕДІ?

2017 жылдың көктемінде Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтардың жаппай "саяси түзеу лагерьлеріне" қамалып жатқаны туралы ақпар тарады. Қысымның қалай жасалып жатқанын көрген Сайрагүл Сауытбай секілді Қытайда туған этникалық қазақтар Қазақстанға өтіп, Қытайдың мұсылмандарға қарсы саясаты туралы ашық айта бастады. Шекараны кесіп өткен өзге этникалық қазақтар да Сайрагүл Сауытбайдың айтқанын растап, Қытай билігінің "саяси түзеу лагері" дегені кәдімгі түрме екенін, ондағы адамдардың бар айыбы "мұсылман болғанында" деген. Мәселе әлем назарын аударып, халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қытайды бұл саясатын дереу тоқтатуға шақырды. Қытай айыптарды терістеп, мұның "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндірді, ал саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады.

АҚШ қабылдаған жаңа заңның мәтінінде "мұсылмандарға қарсы саясат алты жыл бұрын басталды" деп жазылған.

"2014 жылдың мамырында Қытай үкіметі "Зұлым экстремизмге жойқын соққы" деп аталатын ("Strike Hard Against Violent Extremism") науқан бастады да, терроризммен күресті жамылып, Шыңжаң өлкесінде этникалық азшылық өкілдерінің жүріп-тұруын шектеп, құқықтарын өрескел бұза бастады. 2016 жылдың тамызында партияның Тибет автономиялық аймағындағы хатшысы Чэнь Цюаньго Шыңжаң өлкесінің хатшысы болып тағайындалып, бұл қудалауды күшейтті" делінген жаңа заңда.

Шыңжаңдағы саяси лагерьлердің бірі. 2018 жылғы сурет.
Шыңжаңдағы саяси лагерьлердің бірі. 2018 жылғы сурет.

АҚШ билігінің мәліметінше, Қытай 2014 жылдан бері саяси лагерьлерге 1 миллоннан астам ұйғырды, қазақты, қырғызды және діні ислам өзге де этникалық азшылық өкілін қамаған. Қытайдың 2010 жылғы санағына сәйкес, аймақтағы этникалық азшылықтардың саны 13 миллион шамасында болған.

Қазақстан билігі азаматтық қоғамның қысымына қарамастан Қытайдағы жағдайды адам құқығын бұзу деп бағалаудан бас тартып, ресми Пекиннің түсіндірмесіне сенетінін мәлімдеді.

ПЕКИН НЕ ДЕЙДІ?

Қытай билігі ұйғырлар мен мұсылмандарға қысым көрсетті деген айыпты жоққа шығарып, АҚШ-тың аталмыш заңы Шыңжаңдағы адам құқығының жағдайын жаман етіп көрсетті және бұл Қытайға қарсы шабуыл деп мәлімдеді.

"Біз АҚШ-ты қатесін дереу түзеуге тағы да шақырамыз және Шыңжаң жөніндегі заңды қолданып Қытай мүддесіне зақым келтіріп, Қытайдың ішкі ісіне араласуды тоқтатуды талап етеміз. Әйтпесе Қытай қарымта қайтарады және оның салдары түгелдей АҚШ-қа тиеді" деді Қытай сыртқы істер министрі мәлімдемесінде.

Заң Қытай мен АҚШ-тың қарым-қатынасы ушығып тұрған шақта қабылданды. Осыған дейін АҚШ Қытайды коронавирус пандемиясына жауапты деп айыптаса, Қытай өзінің провинциясы санайтын Тайваньға қолдау көрсеткені үшін АҚШ-қа шүйлікті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG