Алматының тергеу соты 16 шілдеде "Настоящее время" телеарнасының операторы Павел Энгельгардтың "жұмысына кедергі келтірген" адамдардың үстінен түсірген шағымын жүргізген полицейлер мен тергеушісінің әрекетін заңсыз деп таныды. Сот полицияны "жағдайды реттеп, істі қарауды" тапсырды. Бұл туралы Азаттыққа адвокат Айман Омарова хабарлады.
Былтыр наурыздағы билікке қарсы бейбіт митинг кезінде белгісіз біреулер Азаттық пен "Настоящее время" тілшілерінің жұмысына кедергі келтіріп, камераларын газетпен жапқан.
Кейін Азаттық пен "Настоящее время" тілшілері Алматыда полицияға шағымданып, журналистер жұмысына кедергі келтіргендерді анықтап, жауапқа тартуды сұраған. Бірақ іс қозғалмаған. Кейін адвокат Айман Омарова полицияның үстінен "әрекетсіз отыр" деп шағым түсірген.
Адвокат өз шағымында соттан Алматы қаласы полиция департаментінің әрекетсіз отырғанын заңсыз деп танып, бөлімше инспекторларын не тергеушіні тексеруді сұраған. Сот "Настоящее время" тілшісі Шолпан Оразбекованың шағымына қатысты полицияның әрекетсіздігіне байланысты адвокаттың арызы 17 шілдеде қарамақ.
15 шілдеде тергеу соты Алматы бюросының сол кездегі шеф редакторы Қуанышбек Қаридің шағымы бойынша полицияның әрекетсіз болғанын заңсыз деп тапқан.
15 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты "Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру" ісін жүргізген полицейдің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлының шағымы бойынша істі қайта тергеуге жіберу туралы қаулы шығарған. Кейін апелляциялық сот бұл шешімді жойып, журналист полицияға қайта шағымдану керегін айтқан.
“Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалиева Азаттыққа сәуірде"Қазақстанда журналистер полиция үстінен сирек шағымданады, себебі арыздардың көбі сотқа жетпейді" деген.
“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 157-орында тұр және"сөз бостандығы қиын жағдайдағы елдердің" қатарында.
- Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр 19 наурызда президент қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. 22 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтан және өзге қалаларда наразылық болып, тұрғындар Астана атауын Нұр-Сұлтанға өзгерту, "жасанды билік транзиті" сияқты билік шешіміне наразылық танытқан. Наразылықтан хабар таратуға тырысқан Азаттық тілшілеріне белгісіз топ қысым жасап, жұмысына кедергі келтірген. Бұған дейін халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары биліктен журналистерді қудалауды тоқтатуды талап еткен.
- Азаттық – Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі. Мемлекеттік БАҚ-тың жазуына тыйым салынған я билік басылымдары жазғысы келмейтін хабарларды қазақ және орыс тілдерінде тарататын ақпарат құралы.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы – негізгі кеңесі Чехияның Прага қаласында орналасқан медиа компания. Сөз бостандығы шектелген 22 елде 26 тілде хабар таратады. Медиакорпорация АҚШ Конргесінің грантымен қаржыландырылады. Бюджеті USAGM арқылы бөлінеді.
- "Настоящее Время" — Азат Еуропа/Азаттық радиосы мен "Америка дауысы" радиосының біріккен жобасы.
ПІКІРЛЕР