Accessibility links

Қытай "Шыңжаңда лагерь жоқ, ұйғырлар бақытты" дейді. Сенуге бола ма?


Үрімжідегі антитеррор операциясына келген әскери полиция жасағына қарап тұрған ұйғыр қария. 23 мамыр, 2014 жыл.
Үрімжідегі антитеррор операциясына келген әскери полиция жасағына қарап тұрған ұйғыр қария. 23 мамыр, 2014 жыл.
Лю Сяомин

Лю Сяомин

Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі

"Шыңжаңда лагерь жоқ… Шыңжаңдағы адамдар бақытты өмір сүреді. Қытай кез келген этникалық топқа қарсы азаптау, қудалау мен дискриминация шараларын қолдануға қарсы".

Жалған

19 шілдеде Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин BBC One арнасындағы Эндрю Мардың хабарына сұхбат беріп, Лю Сяомин “Шыңжаңда концентрациялық лагерь жоқ” деп кесіп айтты.

Сұхбатта ол Қытайдың солтүстік-батысында көзі байланған мұсылмандарды пойызға әкетіп бара жатқанын көрсететін, дроннан түсірілген видео төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

Кейінгі кездері Трамп әкімшілігі адам құқығы, сауда, тыңшылық және теңізді бөлісу мәселелері бойынша Қытайға жиі шүйлігіп жүр.

BBC Лю Сяоминге дроннан түсірілген видео мен ұйғыр әйелдің түсініктемесін көрсетіп, осының мәнісін сұрады. Ол сөз арасында “Шыңжаңда концентрациялық лагерь жоқ… Шыңжаң халқы бақытты өмір сүреді. Қытай кез келген этностық топты азаптауға, қудалауға және дискриминациялауға қарсы” деді.

Елшінің бұл мәлімдемесі жалған.

Қытай өкіметі Шыңжаңда мұсылмандарға арналған лагерьлер ашқаны туралы ақпарат алғаш рет 2016 жылы шықты. Бұл ақпаратты Қытай үкіметінің құжаттары, жер серігінен түсірілген суреттер, сұхбаттар мен АҚШ-тың дереккөздері растады.

The New York Times басылымында жарық көрген “Шыңжаң құжаттары” мен Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы жариялаған “Қытай телеграммасы” ең маңызды айғаққа жатады. Бұл құжаттар Қытайда ұйғырларды, қазақтарды және басқа да мұсылмандарды басқаруға қатысты ішкі тәртіп барын көрсетті.

Қытай мұсылмандар жаппай ұстағанын мойындағанымен, лагерьлерді “кәсіби дайындық орталықтары” деп атап, оның адам құқығы мен дінге еш қатысы жоғын бірнеше рет қайталаған.

Шыңжаң құжаттарында тұтқындарға арналған лагерьлер 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны айтылады. Қытай билігі тұтқындардың отбасына “жақындарыңның санасы ислам экстремизмімен уланған, олар лагерьден емделіп шығады” деп сендірген.

Times басылымының дерегі бойынша, Қытай коммунистік партиясы жергілікті билікке күдік туғызған кез келген жағдайды “қылмыс” деп қарастырып, діни радикализмнің белгілерін іздеуді тапсырған. Times азаматтарды ұстау кезінде құқықтық процедуралар сақталмағанын, олардың көбін сақал өсіргені, темекі шегіп, ішімдік ішуден бас тартқаны, араб тілін үйреніп, мешіттен тыс жерде намаз оқығаны үшін тұтқындағанын жазды.

“Қытай телеграммасы” деп аталған құжаттарда Қытай үкіметінің тұтқынға алатын ұйғырлар тобын анықтау үшін жасанды интеллект қолдану, ордерсіз тінту жүргізу және лагерьлерде түрмедегідей бақылау орнату туралы “нұсқаулығы” жарияланды. Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы азаматтарды жаппай тұтқындауға негіз болған құжаттардың бірде-бірінде “терроризм” немесе “экстремизм” сөзі аталмағанына назар аударады.

БҰҰ-мен қоса, бірнеше халықаралық ұйым Қытайдың лагерь құруға негіз болған терроризмге қарсы саясатын сынаған.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесінің 2019 жылғы баяндамасында ұйғыр мұсылмандарының әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына кедергі келтіретін адам құқықтарын бұзу фактілері туралы жазылған.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының кеңсесі Қытай саясатында діни әрекет терроризм деп танылып, азаматтарға құқықтық кепілдік берілмейтінін, сөз бостандығына тыйым салынып, Шыңжаң тұрғындары туралы биометрикалық дерек олардың рұқсатынсыз жиналатынын анықтаған.

Ұйғырлар мен қытайлардың (ханьдар) қарым-қатынасы бұрыннан күрделі.

Шыңжаңның өткені мен бүгіні
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00

Қытайдың батыс бөлігін алып жатқан Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкісінде мұсылман көп. Өңірдің атауынан байқалғандай, мұнда кезінде аз уақыт жергілікті басқару болған.

Қытай орталық үкіметінің экономикалық интеграция жоспары үлкен демографиялық өзгеріс әкеліп, ұлтаралық байланысты нығайтқанымен, 1990 жылдары сепаратистік террористік шабуылдар үдеді.

“Шыңжаң құжаттарында” Си Цзиньпиннің Шыңжаңға 2014 жылғы сапары кезінде Шыңжаң террористеріне “аяушылық танытпау” туралы айтқан.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының кеңсесі “биліктің азшылық құқығын таптауға күш салуы қауіпсіздікке төнетін қатерді одан сайын күшейтеді” деді.

9 шілдеде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытай Коммунистік партиясының Шыңжаңдағы мұсылмандарды әділетсіз ұстауға жауапты немесе осы қылмысқа қатысы бар мүшелеріне виза берілмейтінін мәлімдеді.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб ұйғырлардың құқығын бұзғаны үшін Қытайға санкция салынуы мүмкін екенін ескертті. Одан бөлек, Ұлыбритания, Канада, Австралия мен Жаңа Зеландия сияқты спорт жарысында көп медаль алатын мемлекеттерден Шыңжаң және басқа мәселелерге байланысты 2022 жылы Пекинде өтетін Олимпиада ойындарына бойкот жариялауды ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG