Accessibility links

Тоқаев алғашқылардың бірі болып Лукашенконы жеңісімен құттықтады


Александр Лукашенко (сол жақта) мен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта).
Александр Лукашенко (сол жақта) мен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта).

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқылардың бірі болып Александр Лукашенконы Беларусь президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, "Қазақстан халқының" және өз атынан жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Тоқаев "саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халықтың Лукашенконың стратегиялық бағытын қолдайтынын көрсетті" деп санайды.

Қазақстан президенті Беларусь халқына "бейбітшілік, өзара түсіністік пен өсіп-өркендеу тіледі".

Тоқаевтан бөлек Лукашенконы жеңісімен Қытай басшысы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин де құттықтады.

Беларусьте 9 тамызда экзит-полл елді 26 жыл басқарып отырған Лукашенконың 79,9 пайыз, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская шамамен 8 пайыз дауыс алғанын хабарлаған соң мыңдаған адам нәтижемен келіспей наразылыққа шықты. Арнайы жасақ пен полиция наразыларды тарату үшін резеңке оқ, құлақ тұндыратын граната, сойыл қолданған. Ондаған адамның жараланғаны хабарланды.

10 тамызда таңертең Беларусь орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялап, Лукашенко 80 пайыз, Тихановская 10 пайыз дауыс алғанын хабарлады. Тихановская ОСК нәтижесімен келіспейтінін мәлімдеді.

Сайлау күні полиция ондаған адамды ұстады. Елде интернет бұғатталып, тәуелсіз бақылаушылардың біразы сайлау учаскелеріне кіре алмады. Дауыс беру бөлімшелерінде ұзын сонар кезек көбейіп, көп адам дауыс беріп үлгермеді.

Светлана Тихановская күйеуі Сергей Тихановскийдің орнына сайлауға түсті. Танымал видеоблогер Тихановский биыл мамырда президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген соң, қамауға алынып, сайлауға жіберілмеген.

Билік оппозициялық саясаткерлер Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоны кандидат ретінде тіркемей қойды. Бабариконы ұлымен бірге қамап тастады, Цепкало және оның әйелі Ресейге кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG