Accessibility links

Авторитар басшылар Беларусьтегі халық толқуынан тіксініп қалды


Беларусьтегі наразылықтың үшінші күні. Арнайы жасақ наразыларды ұрды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Беларусьтегі наразылықтың үшінші күні. Арнайы жасақ наразыларды ұрды

Постсоветтік елдерді көптен бері басқарып отырған авторитар басшылар да, ондай биліктен жалыққан халық та Беларусь президенті сайлауынан кейінгі наразылықты жіті бақылап, осындай жағдай өздерінде қайталанса не істейтіні жайлы ойланып отыр.

Беларусь елін ширек ғасырдан астам уақыт билеп отырған, елдің жаңа тарихында осымен алтыншы мәрте өткен президент сайлауына түсіп, кезекті рет жеңісін жариялаған 65 жастағы Александр Лукашенконы алдымен Қытай төрағасы құттықтады. Оған кейін Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан мен Тәжікстан сияқты авторитарлық билік орныққан елдердің президенттері де қосылды.

Сарапшылардың айтуынша, 9 тамыздағы президент сайлауында "айқын басымдықпен" жеңіске жеткені ресми хабарланған Александр Лукашенкоға айтылған жылы лебіздердің артында салқынқанды есеп тұр. Құттықтаушылар ең алдымен билікте ұзақ қалудың жолын үйренсе, содан кейін халық наразылығын басып-жаншудың Беларусь қолданған әдіс-тәсілін жіті бақылап отыр.

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шарада сөйлеп тұрған Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 3 шілде 2020 жыл.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шарада сөйлеп тұрған Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 3 шілде 2020 жыл.

Ал оппоненттер болса, Беларусь еліндегі президент сайлауы мен одан кейінгі оқиғаларға көз тігіп, биліктегілерге қарсы шығудың жолын көңілге тоқып жатқанға ұқсайды. Олар 9 тамыздағы сайлау қарсаңында елеусіз кандидаттың мыңдаған қолдаушыны қалай жинағанын, дауыс беру қорытындысы жарияланған соң наразылыққа шыққан жұртты қауіпсіздік күштері қалай басып-жаныштағанын жіті бақылап отыр.

Ақ үй мен АҚШ мемлекеттік департаментінде қызмет атқарған сарапшы Пол Стронскидің айтуынша, билік тізгінін уысынан шығарғысы келмейтін авторитар басшылар елде толқу емес, тұрақтылық болғанын да қалайды.

Беларусьтегі наразылық. 11 тамыз 2020 ж.

Баррикада, бір адамның қазасы. Беларусьте наразылық қалай жалғасты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00

– Біз куә болып отырған зорлық-зомбылықты [Әзербайжан мен Қазақстан үкіметтері] көргісі келмейді. Құттықтау жіберу арқылы олар [сайлау қорытындысын] бекітіп, "наразылық парағын" тезірек жапқысы келеді, [мұндай толқулар] бүкіл аймаққа нашар белгі береді, – дейді 2012-2014 жылдары Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ресей мен Орталық Азия жөніндегі саясат бөлімінде сарапшы болған Стронски.

ҰҚСАС ЖАҒДАЙЛАР

Лукашенконы жеңісімен жылдам құттықтаған бірнеше мемлекеттің басшысы өз еліндегі проблемаларды шешіп, наразылықты баса алмай келеді. Көбі онсыз да коронавирус пандемиясы мен осы індет әкелген экономикалық хаостан қиналып отыр.

Президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспей, наразылық акциясына шыққан демонстранттар мен полиция жасағы. Минск, 10 тамыз 2020 жыл.
Президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспей, наразылық акциясына шыққан демонстранттар мен полиция жасағы. Минск, 10 тамыз 2020 жыл.

"Дауыс бергендер санының көптігі және оларды санау нәтижесі халықтың сізге үлкен сенім артатынын білдіреді" деген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Лукашенкоға жолдаған құттықтау хатында. Бұл арқылы Өзбекстан басшысы Беларусь қоғамын бірнеше күннен бері дауылдай шайқалтып тұрған жаппай наразылықты, оппозиция өкілдерінің "Лукашенко 80 пайыздан астам дауыс жинады деген қорытынды – жалған" деген мәлімдемесін көзге ілмегендей сыңай танытады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзбекстанмен бірге Қазақстан да Орталық Азия экономикасының қозғаушы күші саналады. Көршілерімен салыстырғанда Қазақстан коронавирус індетімен күресте жақсырақ әрекет етті. Елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр президенттіктен кеткенімен, әлі де билікке ықпалын жүргізіп отыр. Сарапшылар елде көзге көрінбегенімен, билікке талас жүріп жатыр дейді, сондықтан қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктегі мерзімі қаншаға созылары белгісіз.

Былтыр Тоқаевты ресми түрде президент қызметіне отырғызған сайлаудан кейін Қазақстанда наразылық күшейді, ал қауіпсіздік күштері оппозицияны бұрыннан бөлшектеп, заңды саяси алаңнан шетке ысырып тастаған. Кей оппозицияшыл тұлғалар Лукашенконың әрекетін Назарбаевтікімен салыстырып, Беларусьтегі қарсылықты Қазақстанға үлгі етіп көрсетті.

Банктен миллиондаған доллар ұрлады деп айыпталып, қуғынға ұшыраған, қазір Қазақстан билігін өткір сынаушылардың біріне айналған Мұхтар Әблязов Беларусьтегі сайлау нәтижесі бұрмаланған дейді. Ол Қазақстандағы белсенділерді Беларусьтегідей батыл болуға, билікке қарсы бас көтеруге үндейді.

– Диктаторлардың ешқашан жолы болмайды. Бұл Қазақстандағы диктаторларға сабақ болуы тиіс, – дейді жаңа оппозициялық партия құру жөніндегі бастамашыл топтың басшысы, саяси белсенді Жанболат Мамай.

Қазақстан мен Өзбекстан сияқты, Әзербайжан да ұзақ жылдан бері мұнай мен газ экспортының арқасында экономикасын оңалтып келеді. Президент Ильхам Әлиев ел астанасы Баку мен басқа да аймақтарды абаттандыруға көп ақша жұмсады. Оны да саяси оппозициялық топтарды, тәуелсіз ақпарат құралдарын, азаматтық қоғамды аяусыз басып-жаншиды деп жиі сынайды. Кей зерттеулерге қарағанда, оның өзі мен жақындарының жемқорлыққа қатысы бар.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев

Әлиев Лукашенконы құттықтап жатқанда Әзербайжанның негізгі оппозициялық партиясының басшысы Минскідегі жағдайды өз еліндегі ахуалмен салыстырды.

– Беларусь халқы бас көтеріп, өз құқықтарын талап етті, олар бұл құқықтарына қол жеткізеді. Репрессия мен тұтқындау мәңгі билікке кепіл бола алмайды. Олардың бәрі жеңіліс тауып, тарихтың қара бетіне жазылады, – деді “Ұлттық майдан” партиясының басшысы Әли Каримли.

ӘЛЖУАЗ ЕЛДЕР

Сарапшылардың айтуынша, постсоветтік елдер арасында үлкен сын-қатердің алдында тұрғандардың тағы бірі – Тәжікстан.

Қазіргі президент Эмомали Рахмон елді 1992 жылдан бері билеп отыр. Ол – бұрын Совет одағы құрамында болған елдер басшыларының арасында билікте ең ұзақ отырған адам, бұл жағынан тіпті Лукашенкодан озып кеткен.

Кейінгі жылдары Рахмонның өзі, айналасы және туыстары Тәжікстан экономикасы мен мемлекеттік құрылымдарын түгел дерлік уысына жинады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон

68 жастағы Эмомали Рахмон 11 қазанға белгіленген президенттік сайлауға қайта түсетінін я түспейтінін айтқан жоқ. Осыған дейінгі сайлауларда ол оп-оңай жеңген, бірақ Беларусьтегі сияқты оларды бақылаушылар қатты сынаған, сайлауда бұрмалау болғанын дәлелдейтін айғақ көп шыққан.

Соңғы жылдары Рахмонның ұлы Рустам Эмомали мемлекеттік медиада жиі көріне бастады. Қазір ол Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасы – Ұлттық кеңестің төрағасы әрі Душанбе қаласының мэрі.

Осыған байланысты "Эмомали Рахмон Әзербайжандағыдай династиялық басқару әдісін таңдап, орнына ұлын дайындап жүр" деген әңгіме тараған. Әзербайжанды ұзақ уақыт басқарған Гейдар Әлиев 2003 жылы көз жұмарының алдында билік тізгінін ұлы Ильхамға беріп кеткен еді.

Бұл Беларусьтегі сияқты ұзақ уақыт бойы өзгермей келе жатқан биліктен ығып болған сайлаушыларды қобалжытады.

– Билік басынан үнемі бір адамды көріп, бір адамды есту, ал әлеуметтік-саяси өмірде, экономикада ешқандай өзгерісті байқамау – осының барлығы беларустерді абыржытты. Олар да билікті өзгерту үшін наразылықтан басқа амал қалмағанын түсінді, – деді Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген тәжікстандық заңгер әрі саяси белсенді Шохиржон Хаким.

“Тәжікстан – әлжуаз ел. Бұл ел рантье-мемлекеттен нағыз авторитарлық мемлекетке айналды. Үкімет елдің барлық бөлігін толық бақылап отырған жоқ... Ол – бұрынғы Совет одағындағы ең әлжуаз елдердің бірі" дейді Стронски.

Лукашенко Беларусь экономикасын біртіндеп өсірді, орталықтандырылған экономиканың арқасында әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға ерекше күш салды, сондықтан жұмыссыздық, кедейлік деңгейі төмен, бұл жағдай елде наразылықтың өршімеуіне сеп болды.

Беларусьте жақсылы-жаманды қызмет көрсетіледі. Ал Тәжікстанда ол да жоқ.

Ал Тәжікстанның оқшаулығы, мұнай, газ сияқты қазба байлығының жоқтығы және халықтың кедейлігі Рахмон үкіметінің жүргізген саясатымен қабаттасып, елдегі жағдайды нашарлатып тұр дейді сарапшылар.

– Беларусьте жақсылы-жаманды қызмет көрсетіледі. Ал Тәжікстанда ол да жоқ, – дейді Стронски.

Қазанда парламент сайлауы өтетін Грузияда "Грузия арманы" партиясы билікті қолына шоғырландырып келеді. Былтыр бейбіт демонстранттарды күшпен қуып таратқан соң билік партиясының болашағы бұлыңғыр тарта бастады.

"Стратегия құрушы" партиясымен қатысы бар қауіпсіздік маманы Теона Акубардияның айтуынша, Грузия басшылығы Беларусьтегі тәртіпсіздікке Ресейдің сайлау науқанына араласу ықтималдығы тұрғысынан көз салуы керек деп санайды.

"Грузия Беларусьтегі процестерді мұқият қадағалап, қауіптерді бағалауы тиіс. Ресей қазандағы сайлау кезінде Грузияда қандай механизмдерді қолдануы мүмкін?" дейді Акубардия.

МАЙДАН "ЕЛЕСІ"

Бұрынғы совет елдері басшыларының көбіне бұл жағдай Украинадағы "майданды" елестеді. 2013-2014 жылдары Украинаны шайқаған халық көтерілісі санадан әлі өшпеген. Сайлауды өткізу, көтерілісті басып тастау әдістерін таңдағанда "майдан" сабағы есте тұрары анық.

Сол кездегі Украина президенті Виктор Януковичтің Еуропа одағымен тығыз байланыстан бас тартып, Мәскеуге көбірек жақындау туралы шешімі бірнеше айға созылған жаппай наразылыққа алып келді. 2014 жылдың басында арнайы жасақ жиналған халыққа күш қолданып, снайперлер ондаған адамды атып өлтірді.

Ресей президенті Владимир Путин үкіметі Януковичті кетірген наразылықты "Батыс ұйымдастырған төңкеріс" деп сипаттады.

Кремль де, аймақтағы басқа авторитар басшылар да "майдан" немесе басқа да "түрлі-түсті революция" қайталанбауына бар күшін салып келеді. Грузия, Украина, Қырғызстандағы басшыларды орнынан кетірген халық көтерілістерін "түрлі түсті революция" деп жиі атайды.

– "Майдан" және "түрлі түсті революция" сөздері аймақ [басшыларының] құлағына түрпідей тиеді. Олар бұл оқиғаларды төменнен бастау алған көтеріліс деп емес, жоғарыдан қасақана ұйымдастырылған, хаос әкелетін нәрсе деп қаралайды, – дейді Стронски.

Қазір билікте отырған басшылардың ешқайсысы "түрлі түсті революцияның я тағы бір "майданның" болғанын қаламайды" дейді Стронски.

Мақала ағылшын тілінен аударылды. Азаттықтың Грузин, Қазақ, Тәжік және Әзербайжан қызметтерінің көмегімен жазылды​.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG