Accessibility links

Минскіде тағы "ынтымақ шеруі" өтті, наразылық ауқымы біртіндеп ұлғайып барады


Минскідегі шеру. 12 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі шеру. 12 тамыз 2020 жыл.

Минск пен Беларусьтің өзге қалаларында президент сайлауы қорытындысын қайта қарастыруды талап еткен наразылықтар жиіледі. Азаматтар арнайы жасақтың күш қолдануын айыптап, ұсталғандарды босатуды талап етті.

13 тамызда Минскіде қолдарына гүл ұстап, ақ киім киген және ақ лента таққан әйелдер бірнеше көшеде "ынтымақтастық шебін" құрып, наразылық кезінде ұсталғандарды қолдады. Ары-бері өткен жүргізушілер оларды қолдап, сигнал берді.

Бұл акцияға N1 аурухана қызметкерлері де қосылды.

Бейсенбі күні Жодино қаласындағы БелАЗ көлік құрастыру зауытының жұмысшылары да ереуілге шығып, президент сайлауының қорытындысын қайта есептеуді талап етті. Олар сонымен бірге биліктің демонстранттарға қатысты дөрекі әрекетін сынады.

Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жарияланған видеоларда наразылардың "Кет!" ("Уходи!") деп ұран көтеріп бара жатқаны байқалады. Tut.by сайтының жазуынша, жұмысшылар жұмысын тоқтатқан. Дегенмен кәсіпорындағы қанша жұмысшының ереуілге шыққаны белгісіз.

Зауыт басшылығының өкілі ресейлік ТАСС агенттігіне "өндіріс істеп тұр, ештеңе тоқтаған жоқ" деп айтқан. Оның сөзіне қарағанда кәсіпорын басшылығы жұмысшыларды кездесуге шақырып жатыр.

13 тамызда ереуілге ГродноАзот кәсіпорны жұмысшыларының қосылатыны туралы да ақпарат тарады. Наразылық акциясына Беларусь мемлекеттік филармониясының қызметкерлері де қосылған.

Әлеуметтік желіде жалпыұлттық саяси митингіге шығуға шақырған ұрандар жиілеген.

Беларусьте наразылықтың жалғасып жатқанына осымен бес күн болды. Наразылар президент сайлауының қорытындысы бұрмаланды деп есептейді. Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, қазіргі басшы Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берген. Наразылық акциясын милиция күшпен басып, мыңдаған адам ұсталғаннан кейін азаматтар қамаудағыларды босатуды да талап ете бастаған.

Ресми мәлімет бойынша, 9 тамыздан бері 6 мыңнан астам адам ұсталған, кемінде 250 адам жарақаттанған. Бірнеше адамның қаза болғаны хабарланды. Билік бір адамның қаза болғанын растады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG