Accessibility links

Bloomberg: Кипрдің кесірінен ЕО Беларусь билігіне санкция сала алмай отыр


Беларусь президенті Александр Лукашенко. Беларусьте оның отставкасын талап еткен наразылық шараларының өтіп жатқанына бір айдан асты.
Беларусь президенті Александр Лукашенко. Беларусьте оның отставкасын талап еткен наразылық шараларының өтіп жатқанына бір айдан асты.

Еуроодаққа мүше елдер Кипрдің ұстанымына байланысты Беларусь билігіне санкция сала алмай отыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.

Басылымның хабарлауынша, Кипр Жерорта теңізіндегі қайраңның даулы аумағында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан жеті түрік компаниясына шектеу қоймайынша, одақтың Беларусь билігіне санкция салу туралы ортақ шешімін қолдаудан бас тартатынын айтқан.

Соның салдарынан ЕО Беларусь бойынша ортақ келісімге келе алмай отыр: сыртқы саясат бойынша шешімдер қабылдану үшін одаққа мүше елдердің барлығы шешімді қолдауы тиіс.

Санкция бойынша ортақ келісімге келу үшін Еуроодақ Түркияға санкция салу жұмыстарын жеделдетуге мәжбүр болған. Алайда бұл мәселе бойынша техникалық келіссөздер өтпеген, сәйкесінше Минскіге қатысты шектеу шаралары да кейінге қалып отыр. Bloomberg сөйлескен дипломаттар бұл бағыт бойынша мәселе тек қыркүйек айының соңында ғана жылжуы мүмкін деп болжаған.

Бұған дейін немістің Die Welt басылымы Беларусь шенеуніктеріне салынатын санкция пакеті қыркүйек айының ортасында дайын болуы тиіс деп жазған еді. Басылымның мәліметінше, тізімге Беларусь президенті Александр Лукашенко енбеген. Оны енгізуге Германия, Франция, Италия қарсы болған. Лукашенконың санкция тізіміне енбейтінін кейінірек Reuters де хабарлады.

Бұған дейін Балтық елдері Беларусь шенеуніктеріне (олардың арасында Лукашенко да бар) санкция салған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG