Алматы әкімдігі Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдерінің қытай экспансиясына тыйым салуды және несие амнистиясын талап ететін митингісін өткізуіне рұқсат берді. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тағы парақшасында жазды. Ол қалалық қоғамдық даму басқармасының рұқсат берген қағазының түпнұсқасын да жариялады.
Басқарма жетекшісінің орынбасары А.Есенбековтің қолы бар құжатта "шараның мақсаты мен тақырыбынан ауықтымау қажеттігі" жайлы ескерту жазылған. Атқару органы бұған қоса, "шараға қатысатын әрбір адам санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды" сақтауы тиіс деген яғни, адамдар маска тағып, 1,5 метрлік ара қашықтықты сақтауы тиіс, залалсыздандыратын құралы болуы керек.
Әкімдік өкілдері "қоғамдық тәртіптің сақталуы мен аумақтың санитарлық жағдайына шараны ұйымдастырушылар жауап береді" деп те жазған. Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заңға сәйкес, "азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке немесе қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда" шара тоқтатылады деп ескерткен.
Бұған дейін саясаткер Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия құруды көздейтін топ өкілдері 13 қыркүйекте митинг өткізетінін хабарлаған. Топ өкілдері жердің шетелдіктерге сатылмауын, несие амнистиясын жариялап, саяси тұтқындарды босатуды талап ететінін айтып отыр. Бұған қоса, митинг тақырыптарының арасында қытай экспансиясына қарсылық та бар.
Былтырдан бері "Демократиялық партия" құруға талпынып, жақтастарын жинап жүрген саясаткер Жанболат Мамай соңғы уақытта несие кешіру туралы бастаманы жиі көтеріп жүр. Биыл індетке байланысты жұмыс орындары тоқтап, табыссыз қалған азаматтар саны көбейген шақта Мамай Азаттыққа берген сұхбатында "жұрт несиені қымбат автокөлік немесе керексіз дүние сатып алуға емес, күнделікті қарызын жабуға алып отыр, бұл идеяға қарсыларды кездестірмедім" деген еді. Кейбірі мұны "популистік идея" деп атаса, кейбірі қолдаған.
Соңғы рет бастама топ өкілдері 6 маусымда осы тақырыпта митинг өткізген. Ол күні "Демократиялық партиямен" қатар елдегі өзге де оппозициялық күштер әр жерде билікке қарсы наразылық шарасына жиналған. ІІМ сол күні республиканың түкпір-түкпірінде 53 адам ұсталғанын хабарлады. Ал құқық қорғау топ өкілдері мен ақпарат құралдары жүзден астам адамның ұсталғанын жазды.
Қазақстанда маусым айында "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар бейбіт жиынға шыққан азаматтарды ұстау мен оларды қудалау тыйылмады деп отыр. Жергілікті билік бұрынғыша шараның "рұқсат етілмегенін" алға тартып, заңсыз деумен келеді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар жаңа заңда ескі шектеулер қалғанын айтады.
ПІКІРЛЕР