16 қыркүйекте Кремль Ресейден Германияға тікелей тасымалданатын газ көлемін екі есе арттыруды көздейтін "Солтүстік ағыс-2" жобасына оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың улану ісін араластырудың қажеті жоқ деп мәлімдеді.
Германия бұл жобаны қолдап отырған басты мемлекет, бірақ Мәскеу Навальныйға у беру ісін ашық зерттеуден бас тартса, канцлер Ангела Меркельдің коалициясын газ құбырын салу жобасынан бас тартуға шақырулар үдеуі мүмкін.
Навальный 20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан кезде жағдайы күрт нашарлап, басында Омбы ауруханасында жатып, кейінірек Германияға эвакуацияланған. Неміс зертханасының мамандары жемқорлықпен күресіп жүрген оппозициялық саясаткердің совет кезінде жасалған жүйке жүйесін істен шығаратын "Новичок" тобына жататын удан уланғанын айтты.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сәрсенбі күнгі баспасөз мәслихатында "Солтүстік ағыс-2" жобасын "саясиландырудың қажеті жоқ" екенін айтты.
"Бұл Ресей мен Еуроодақ елдері әсіресе, Германия мүддесіне сәйкес келетін коммерциялық жоба" деді Песков.
Украина, Еуроодақ мүшелері Польша, Эстония, Латвия, Литва бұл жобаға қарсы, АҚШ жобаны санкциямен тоқтатуға тырысқан, бұған бірқатар Еуропа елдері қарсы болған.
ПІКІРЛЕР