Accessibility links

Ресейдің Қазақстанмен шекарасында мыңдаған қырғыз және өзбек мигранты еліне қарай өте алмай тұр


Далада тұрып жатқан қырғыз мигранттары. Самара облысы, Ресей. Шілде айы, 2020 жыл.
Далада тұрып жатқан қырғыз мигранттары. Самара облысы, Ресей. Шілде айы, 2020 жыл.

Ресейдің Қазақстанмен шекарасында еліне жете алмай қалған шамамен 3300 қырғыз мигранты далада тұрып жатыр. Бұл туралы Қырғызстанның Ресейдегі елшісі Аликбек Жекшенкулов Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда мигранттар Орынбор, Самара облыстары мен Башқұртстан республикасында уақытша орналасқан.

"Келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазақстан әзірге шекараны ашуға байланысты жауап берген жоқ" деді дипломат.

Еліне жете алмай отырған қырғыз азаматтары күн сайын Қырғызстан билігіне қайрылып, үйлеруіне қайтуға көмектесулерін сұрап отыр.

"Жұртты әбден қинап біттіңіздер, мұнда сырқаттар көп. Далада жатқанымызға 20 күн болды. Соңғы топ 26 тамызда (Қырғызстанға) кеткен, ал біз рейске үлгере алмадық. Осында тұрып жатырмыз" деді шағымданған мигранттардың бірі.

Қазақстан коронавирус індетіне байланысты көрші елмен шекарасын ресми түрде ашпаған.

Ресей билігінің айтуынша, Самара облысы Кинель ауданында еңбек мигранттарына арналған уақытша лагерьлерде еліне жете алмай қалған Өзбекстаннан келген 4 282 азамат тұрып жатыр. Жергілікті тұрғындар мигранттарға дәрі-дәрмек, тамақ, жылы киім, көрпе апарып, барынша көмектесіп жатыр деп жазды "Настоящее время" арнасы.

Пандемия басталғалы бері Ресейде көптеген мигрант жұмысынан айырылып, нәпақасыз қалған. Көктемнен бері Ресей-Қазақстан шекарасында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтары жиналып, елдеріне қарай өте алмай қалып жатыр. Ел үкіметтері арасында келісім жасалғаннан кейін ғана мигранттар еліне ұшақ, пойыз немесе автобустармен жеткізіліп жүр.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, індет басталғалы бері 40-тан астам елден чартерлік рейстер мен автобустар арқылы 25 мыңнан астам қырғыз азаматы қайтарылған. Олардың басым бөлігі Ресейдің түрлі аймағында жұмыс істеген немесе оқыған.

Өзбекстан да бұған дейін Қазақстан арқылы пойызбен азаматтарын жеткізген. Ақпарат бойынша, мамыр айынан бері Самара облысынан 8,5 мың өзбек азаматы елге келген.

Өткен айдың басында Ресей-Қазақстан шекарасында тұрып қалған Орталық Азия елдерінен келген жүздеген мигранттың шыдамы таусылып, шекараны бұзып өтпекші болған еді, бірақ ресейлік күштік құрылымдары тоқтатқан. Кейінірек Қазақстан сыртқы істер министрлігі журналистерге қырғыз бен өзбек жағынан шілде айының соңында мигранттарды өткізу бойынша өтініш түскенін, мәселе оң шешімін тапты деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG