Accessibility links

"Қорғас ісі" бойынша Швейцариядан Қазақстанға миллион долларға жуық қаражат қайтарылғаны айтылды


"Қорғас ісіне" қатысты алдын ала тыңдаулар өткен СИ-18 мекемесі алдында тұрған көліктер. 2013 жыл.
"Қорғас ісіне" қатысты алдын ала тыңдаулар өткен СИ-18 мекемесі алдында тұрған көліктер. 2013 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасы "Қорғас ісі" бойынша айыпталған "ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық" мүшелерінің бірінің есепшотындағы 390 миллион теңге (1 млн долларға жуық) қаражатты Швейцариядан елге қайтарғанын хабарлады.

"14 қыркүйекте Швейцария федералдық билігі "Қорғас ісі" бойынша ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық мүшесінің шетелге шығарған 390 миллионнан астам теңгесін Қазақстанға қайтарды. Аталған қаржы Швейцария банкіндегі шетел компаниясының есепшотында болған. Бұл компания 2012 жылдан бері халықаралық іздеу жарияланған қылмыстық қауымдастықтың мүшесі Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі болған" делінген хабарламада.

2011 жылы Қазақстанның сол кездегі экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігі Алматы облысындағы "Қорғас" және "Қалжат" кеден бекеті мен "Алатау" техникалық қызмет көрсету орталығын тексеріп, 100-ге жуық адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленгенін хабарлаған. "Қорғас ісі" деректеріне қарағанда, сотталғандар Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен бірнеше жыл айналысып келген. Бұл іс бойынша 2014 жылы ұзақ жылға сотталған ҰҚК қызметкері және кеден басшысы былтыр бостандыққа шыққан еді.

Іс материалдары бойынша, қазір іздеуде жүрген Мағзұм Әбдіралиев "қылмыстық топтың қаржысын шетелде заңдастырумен айналысқан". Осыдан екі жыл бұрын бас прокуратура Әбдіралиевтің Швейцариядағы Rothschild Bank Zurich банкінде "қатырылған" 1,3 миллионнан астам қаржысы анықталды деп мәлімдеген. Ресми мәлімет бойынша, соңғы қаражатты қосқанда елге 590 млн теңге немесе 1,3 млн доллар қайтарылған. Бұл қаржы мемлекет бюджетіне түседі.

Қазақстан аумағынан тыс жерде жүр делінген Әбдіралиевтің бұған дейін айыптар туралы пікірі еш жерде жарияланбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG