Accessibility links

"Қырғызстан тарихында халқына оқ атқан басшы ретінде қалғым келмейді". Жээнбеков отставкаға кетті


Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Архив суреті.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Архив суреті.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті. Бұл туралы мемлекет басшысының сайты хабарлады.

Мәлімдемесінде Жээнбеков ел астанасы Бішкектегі қоғамдық-саяси жағдайдың әлі де шиеленісіп тұрғанын айтты.

"Кеше Жогорку Кеңеш үкімет құрамын бекітті, мен сәйкес тағайындаулар бойынша Қырғызстан президентінің жарлығына қол қойдым. Бірақ бұл шиеленісті шешкен жоқ. Өкінішке қарай, агрессия толастамай отыр, менің отставкаға кетуімді талап ету жалғасып жатыр" делінген мәлімдемеде. Қазіргі жағдай екіжақты жанжалға жақын" делінген мәлімдемеде."Бір жағында митингіге шыққандар, екінші жағында күш органдары тұрады. Екі тарап қақтығысса, қан төгіледі. Мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін әскер қызметкерлері, күш органдары қару қолдануға міндетті. Екі тарапты да арандатуға бармауға шақырамын. Мен билікке жабысып қалған жоқпын. Мен үшін өлкеміздің тыныштығы, еліміздің бүтіндігі, қоғамымыздың ынтымағы барлық қызмет орнынан биік. Мен Қырғызстан тарихындағы қан төгіп кеткен, өз отандастарына қарсы оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан мен отставкаға кету шешімін қабылдадым" деді Сооронбай Жээнбеков қырғыз халқына арнаған мәлімдемесінде.

Ол Қырғызстанның жаңа сайланған премьер-министрі Садыр Жапаровты және өзге саясаткерлерді өз жақтастарын Бішкектен алып кетіп, тыныштық орнатуға шақырды.

Қырғызстанда 4 қазан күні парламент сайлауы өтіп, оның нәтижесі бойынша билікке жақын деген партиялар жеңіске жетті. Оппозициялық партиялар мен олардың жақтастары сайлау нәтиже бұрмаланған деп көшеге шығып, наразылық білдірді.

Бейбіт жиын ретінде басталған акция түнге қарай митингшілердің президент пен парламент отыратын мемлекеттік резиденцияны басып алып, түрмеде отырған саясаткерлерді босатып алуына әкелді. Жақтастары босатып алғандардың арасында митинг ұйымдастырғаны үшін және облыс әкімін кепілге алғаны үшін 11,5 жылға сотталған Садыр Жапаров та бар. Жапаровтың жақтастары оны премьер-министр етіп тағайындауды талап етті.

14 қазан күні қырғыз парламенті Садыр Жапаровты премьер-министр етіп тағайындады. Осыдан кейін Сооронбай Жээнбеков парламент сайлауы қайта өткеннен кейін кетуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда Жапаровтың жақтастары президенттік отставкаға дереу кетуін талап етті. Бүгін Бішкектің екі жерінде Жээнбековтің қызметтен кетуін талап еткен митинг өтіп жатыр. Президент отыратын "Ала-Арча" резиденциясын күш органдары күзетіп тұр.

Қырғызстан конституциясы бойынша, егер ел президенті қызметінен мерзімінен бұрын кететін болса, жаңа президент сайланғанша оның міндетін Жогорку Кеңеш (парламент) төрағасы атқарады. Егер парламент спикерінің президент міндетін атқаруы мүмкін болмаса, бұл міндетті премьер-министр атқарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG