19 қазанда Тайвань сыртқы істер министрлігі Фиджи аралында Тайваньның ұлттық мерекесіне орай ұйымдастырылған шара кезінде қытай және тайпэй дипломаттарының жанжалдасып қалғанын хабарлады.
"Сыртқы істер министрлігі Фиджи республикасындағы Қытай елшілігі қызметкерлерінің әрекетін ашық түрде айыптайды. Олардың әрекеті заң үстемдігі мен өркениет нормаларына қайшы" делінген ведомствоның баспасөз хатшысы Джоан Оу таратқан жазбаша хабарламада.
Тайвань сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, оқиға 8 қазанда Тайваньның Фиджи астанасы Суведе ұйымдастырған қабылдауы кезінде болған.
Екі қытай дипломаты шараға қатысып отырған жергілікті саясаткерлер туралы ақпарат жинап, суретке түсіру үшін ішке енбек болған. Ал тайвань дипломаттары олардың кіруіне кедергі жасап, ізінше жанжалдасып қалған. Соның салдарынан басы жарақаттанған бір тайвань дипломаты ауруханаға жеткізілген. Фиджи полициясы қытай дипломаттарын оқиға орнынан кетуге мәжбүрлеген.
Қытайдың Фиджи республикасындағы елшілігі оқиғаға түсініктеме бермеді.
1949 жылы азаматтық соғыстан кейін Қытаймен қарым-қатынасын үзген Тайвань көптеген елдермен коммерциялық және ресми емес қарым-қатынас орнатқан. Алайда тек 15 мемлекет қана оның тәуелсіздігін мойындайды. Тайвань Тынық мұхиты аймағындағы төрт елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Бірақ олардың құрамына Фиджи кірмеген.
Ресми Пекин Тайваньды халықаралық қауымдастықтан оқшаулау үшін өзге елдердің үкіметіне қысымын күшейтіп жатыр.
ПІКІРЛЕР