29 қазанда Францияның Ницца қаласындағы шіркеуге бір адам пышақпен шабуыл жасап, үш кісіні өлтірді. Франция прокуратурасы терроризм күдігімен тергеу бастады.
Франциядағы оңшыл саясаткер Марин Ле Пен шабуылдаған адам бір әйелдің басын кескенін жеткізді. Бұл ақпаратты Франция билігі ресми растаған жоқ.
Ницца мэрі Кристиан Эстрози Twitter парақшасында шабуыл қаладағы Нотр-Дам шіркеуінің жанында не ішінде болғанын, полиция шабуылдаған адамды ұстағанын хабарлады. Оның сөзінше, күдікті қазір ауруханада жатыр.
Эстрози шабуылдаған адам бірнеше рет "Аллаху Акбар" деп айғайлағанын айтты. Франция президенті Эммануэль Макрон Ниццаға жолға шыққаны хабарланды. Полиция шабуылдан бірнеше адамның жарақаттанғанын айтты.
Қазан айының ортасында ел астанасы Парижде ұлты шешен жігіт мектеп мұғалімі Самюэль Патидің басын кескен. Мұғалім оқушыларға Charlie Hebdo журналына шыққан Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткен. Шабуылдаған шешен жігіт оқушыларға Мұхаммед пайғамбардың суретін көрсеткені үшін жазалағанын айтқан.
Ниццадағы шабуылға не түрткі болғаны белгісіз. Франция ішкі істер министрі Ницца жұртын қаланың орталығына шықпауға шақырды.
Франциядағы мұсылман діні бойынша кеңес Ниццадағы бұл шабуылды сынады.
"Құрбандардың туысқандарының қайғысына ортақтасып, Франциядағы барлық мұсылманды 29 қазандағы Мұхаммед пайғамбардың туған күні – Мәулет мерекесін тойлауды кейінге қалдыруға шақырамыз" деп жазылған кеңестің мәлімдемесінде.
Патидің өлімінен кейін Франция билігі Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын қолдануға құқығы бар екенін мәлімдеген. Париж бен тағы бірнеше қалада жеке және әкімшілік ғимараттардың қабырғаларына марқұм мұғалімнің портреті, республика белгісі мен Мұхаммед пайғамбар карикатурасының проекциясы шығарылды.
Бұл мұсылман елдерінде наразылыққа ұшырап, кейбір елдердің билігі Макронды исламға қарсы саясат ұстанып отыр деп айыптады.
Ниццада 2016 жылы 14 шілдеде тунистік 31 жастағы ер адам Бастилия күнін тойлап жүрген жұртты жүк көлігімен таптап өткен.
Көлік жүргізушісін сол жерде полиция атып өлтірген. Кейін "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы шабуылға жауапкершілікті өзіне алатынын мәлімдеген. Ниццадағы шабуыл салдарынан қаза тапқан 86 адамның арасында Қазақстанның төрт азаматы болған.
ПІКІРЛЕР