Accessibility links

Amnesty журналист, блогер Айгүл Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны" деп атады


Айгүл Өтепова.
Айгүл Өтепова.

Халықаралық Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы қазақстандық журналист, блогер Айгүл Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны" деп атады. "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп күдікке ілінген Өтепова екі айдан астам уақыттан бері үйқамақта отыр.

18 қарашада жарияланған құқық қорғау ұйымының мәлімдемесінде Өтепованың пікірін бейбіт түрде ашық айтқаны үшін қудаланып отырғаны жазылған. Мәлімдеме авторлары Өтепова негізсіз үйқамаққа жіберілді деп санайды және тез арада шартсыз босатылуы тиіс дейді.

Өткен аптада тергеу соты Айгүл Өтепованың "психикалық саулығына көз жеткізу үшін" психикалық саулық орталығында тексеруден өткізу туралы тергеушінің арызын қанағаттандырған еді. 19 қарашада бұл шешім бойынша апелляциялық шағым қаралады.

Билікті сынап жазбалар жариялаған 50 жастағы танымал журналист, блогер Өтепова 17 қыркүйектен бері үйқамақта отыр. Адвокаты мен туыстары оны диспансерге жіберуге негіз жоқ деп есептейді және шешімнің саяси астары барын айтады.

Amnesty International ұйымының жазуынша, Қазақстан заңнамасы бойынша мұндай жаза өмірлік түрме жазасы немесе өлім жазасы берілуі мүмкін және ақыл-есінің дұрыстығына күмән бар айыпталушыларға қолданылуы мүмкін. Ал Айгүл Өтепова ешқашан психдиспансерде болмаған.

"Бұл жағдай 1960-1970 жылдары "өзгеше ойлайтындарды" психиатрия клиникаларына қамаған СССР кезеңін еске түсіреді" дейді ұйым өкілдері. Олар "совет мұрасы аймақта әлі де сезіледі" деп атап өткен.

2018 жылы жүйке аурулары жайлы есеп әзірлеген құқық қорғаушылар сөйлескен қазақстандық дәрігер-психиатрлар Қазақстан "жазалау психиатрия мұрасынан" әлі арылмады деп мәлімдеген.

Айгүл Өтепова - билікті сынап, психдиспансерге жіберілген алғашқы блогер емес. 2018 жылы Шымкент қаласының соты блогер Ардақ Әшімді де емханаға күшпен жатқызған. Халықаралық ұйымдар оны "ар-ұждан тұтқыны" деп атаған. Босап шыққаннан кейін Әшім Украинаға көшіп кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG