Accessibility links

Несие алатын да, алған соң төлемейтін де көбейді. Бұған тек пандемия кінәлі ме?


Билік келісім берген митингіде халыққа несие амнистиясын жариялау туралы талап жазылған плакат ұстап тұрған адам. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.
Билік келісім берген митингіде халыққа несие амнистиясын жариялау туралы талап жазылған плакат ұстап тұрған адам. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

Қазақстан билігі жұрттың "кредитке тәуелдігін азайтуды" көздейтін науқан өткізіп, қаржы нарығын реттейтін жаңа заң қабылдағанымен, жыл басынан бері несие алатындар да, оны кешіктіріп төлейтіндер де көбейді. Кейінгі жылдардағы жаппай кредит алу құбылысын індеттен кейін күшейген экономикалық дағдарыс ушықтырып жіберді.

"КРЕДИТІМДІ ТӨЛЕУ ҮШІН КРЕДИТ АЛДЫМ"

Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде тұратын 41 жастағы Ләззат Аманбекова (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) – жеті баланың анасы. Балабақшада тәрбиеші болып істейді. Күйеуі – сол мекеменің күзетшісі. Екеуінің де айлығы 50 мың теңге (120 долларға жетпейді). Аманбековтер отбасы былтыр жаңа үйге көшкен. Ләззат алғаш рет сол кезде кредит алған. Содан бері Ләззат тағы төрт кредит рәсімдеген.

– Үлкен қызым биыл оқуға түсетін болды. Ақша болмай қалып, амалсыз 250 мың теңге кредитке алдым. Жаңа үйдің ішінің құрылысы әлі бітпеген еді. Төбесі жабылмаған. Соны аяқтауға ақша болмай, құрылыс материалдарына керек қаржыны кредитке алдым. Кейіннен балаларым "Мама, теледидар жоқ" деген соң оны да кредитке әпердім. Артынша тоңазытқыш алдым, – дейді ол.

Алматының орталық базарында сауда жасап тұрған адамдар. Көрнекі сурет.
Алматының орталық базарында сауда жасап тұрған адамдар. Көрнекі сурет.

Ләззат үшінші кредитін алғанда күйеуі екеуінің табысы кредиттің ай сайынғы төлемін жабуға жетпейтінін түсінген.

– Кредиттерімді төлей алмай қалдым. Соны төлеу үшін бесіншісін алдым. Қайтемін енді? Сөйтіп бір банктегі кредитімді жаптым. Қазір төрт кредит қалды. Төлеу қиын болып жатыр, – дейді тұрғын.

Айына екеулеп 100 мың теңге табатын ерлі-зайыпты қазір төрт банкке 130 мың теңгедей кредит қарызын төлейді. Жетпеген соманы жеті балаға түсетін 93 мың теңге жәрдемақыдан алады. Әлеуметтік төлемнен қалған ақшаны азық етеді. "Қарыздарыңыз тұрмысқа қалай әсер етіп жатыр?" деген тілші сұрағына Ләззат "ет дегенді ұмыттық қой" деп қысқа жауап береді.

Ол кредиттерін қашан толық төлеп бітерін білмейді.

– Амалдап құтыламыз деп ниеттеніп отырмыз, – дейді Ләззат.

КРЕДИТТІҢ "АРҚАСЫНДА ЖАҚСАРҒАН" ӨМІР

Ұлттық банк дерегінше, Қазақстанда кредит алатындар жыл сайын көбейіп жатыр.

2016 жылға дейін банктердің жалпы кредит портфелінде заңды тұлғалардың үлесі артып келсе, 2017 жылдан бастап жеке тұлғалардың үлесі арта бастаған. Мысалы, 2016 жылы жеке тұлғаларға берілген кредит үлесі жалпы портфельдің 31,8 пайызына тең болса, қазір бұл көрсеткіш 48 пайызға жеткен.

Қазақстанның кредит нарығында жұмыс істейтін жекеменшік компания – Бірінші кредит бюросының дерегінше, еңбекке қабілетті 9 миллионнан астам адамның 7,46 миллионында кредит бар. Бұл – несиесі жоқ азаматтар үлесі 19 пайыз деген сөз. Бірақ кредит алмағандар да азайып келеді. Бюро директоры Әсем Нұрғалиеваның сөзінше, жыл сайын бұрын-соңды кредитке жүгінбеген 500 мыңдай адам банктен несие алуға өтініш береді. "Олар орта есеппен 300 мың теңге кредит алады" дейді ол.

Қазақстандықтардың кредит алуы көбейіп жатқанын билік өкілдері де мойындайды.

Биыл маусымда есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова "қазақстандықтар өмірі кредит арқасында ғана жақсарып отыр" деп мәлімдеген.

"Азаматтардың шынайы табысы 5,5 пайызға өсті. Бірақ жұрт азық-түлік алуға табысының тең жартысына жуығын жұмсайды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 10 пайыз. Бұл нені білдіреді? Азаматтар бар тапқанын "ішіп-жеп" отыр. Олардың ақша жинауға мүмкіндігі жоқ. Халық өмірі кредит арқасында ғана жақсарды. 2019 жылы азаматтар алған несие өсімі жалақы өсімінен 15 пайызға асып кетті" деді ол.

Годунова сөйлеген мәжілістің пленарлық отырысы Қазақстан коронавирус індетінен соң туған дағдарысты бастан кешіп жатқан тұста өткен. Көктемде төтенше жағдаймен қатар енгізілген алғашқы карантин кезінде сауда орындары мәжбүрлі түрде жаппай жабылып, кәсіпкерлер зардап шекті. Жұмыссыз адам көбейді. Қазақстанның әр бұрышынан "Енді кредитімізді қалай төлейміз?" деген сауал жиіледі. Артынша үкімет кредитті "өсімақысыз кешіктіріп төлеуге болатынын" хабарлады. 23 маусымда өткен үкімет отырысында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова наурыз-маусым айларында кредит алған әрбір үшінші жеке тұлға немесе 1,8 миллион адам кредитін кешіктіріп төлегенін хабарлады.

Бұл шағын кәсіптегі қарапайым жұмысшылар алған соңғы соққы емес еді. Шілденің басында Қазақстан үкіметі екінші рет карантин енгізді. Жұмысы ақырындап жандана бастаған азаматтар кәсібін қайта тоқтатуға мәжбүр болды.

Көктем мен жаздағы шектеу шараларынан Қазақстан бизнесі әлі толық ес жиған жоқ. Оны Ұлттық банктің ресми деректерінен де байқауға болады.

Наурызда, Қазақстан коронавирус індетінің зардабын әлі тарта қоймаған уақытта, азаматтардың банктен алған кредит мөлшері 6,45 триллион теңгеден асып, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1,9 пайызға өскен. Бұл кезде кредитін 2 айға дейін – 31-60 күн аралығында кешіктіріп төлейтіндер саны жыл басынан бері 19,3 пайызға өскен еді. Жарты жылдан соң, қыркүйекте кредитін 2 ай кешіктіріп төлейтіндер қаңтармен салыстырғанда 169,3 пайызға артып кетті. Бір ай кешіктіретіндер – 52,3 пайызға, үш айға дейін кеш төлейтіндер 82,7 пайызға көбейді.

ОППОЗИЦИЯ ТАЛАБЫ ҺӘМ БИЛІК ЖАУАБЫ

Қазақстанда кредит амнистиясын жариялауды билікшіл депутаттардың да, оппозициялық саясаткерлердің де жиі айтып жүргенінен-ақ елде несие мәселесінің масштабы қаншалық зор екенін түсінуге болады.

Қазақстан тарихында алғаш рет кредит амнистиясы былтыр шілдеде – елде әлеуметтік наразылық күшейіп тұрғанда жүргізілді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бюджет есебінен әлеуметтік әлсіз топтар санатына кіретін 500 мыңдай адамның 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілді.

Қаржы ұйымдарынан алған несиені кешіру туралы азаматтардың өтініштерін Ақордаға тапсырмақ болған белсенділер мен тұрғындар. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.
Қаржы ұйымдарынан алған несиені кешіру туралы азаматтардың өтініштерін Ақордаға тапсырмақ болған белсенділер мен тұрғындар. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.

Іле-шала Тоқаев "халықтың кредитке байлануына жол бермес үшін" қаржы нарығын реттейтін заңға өзгеріс енгізді. Бұл құжатқа сай, 2020 жылдың қаңтарынан бастап табысы күнкөріс минимумынан, яғни 31 183 теңгеден аз азаматтарға кредит беруге тыйым салынды.

Бірақ жаңа заң да, Тоқаевтың "кредит амнистиясы" да жұрттың кредитке жүгінуін азайта алмады. Ұлттық банктің қазандағы дерегінше, биыл жыл басынан бері азаматтардың несие алуы 5,7 пайызға өскен. Ал кредитін үш айға дейін кешігіп төлейтіндер бір жылда 142 пайызға артқан.

Елде кредит амнистиясын жүргізу талабын Демократиялық партия құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай митингілерінде жиі айтып жүр. Биыл тамызда Мамай бастаған бір топ адам Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақордаға барып, несиені кешіруді сұраған 100 мыңдай азаматтың өтінішін тапсырған. Хатқа бір айдан соң жауап келді.

– "Хат жазған адамдардың жағдайы жеке-жеке қарастырылады. Бұған дейін де кредиттік амнистия болған" дегендей жауап келді. Жауап деген аты ғана, – дейді саясаткер.

Саясаткер, журналист Жанболат Мамай несие амнистиясын жариялау, саяси тұтқындарды босату, жерді шетелдіктерге сатпау тақырыбымен өткен митингте сөйлеп тұр. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.
Саясаткер, журналист Жанболат Мамай несие амнистиясын жариялау, саяси тұтқындарды босату, жерді шетелдіктерге сатпау тақырыбымен өткен митингте сөйлеп тұр. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

Мамай кредиттік амнистия талабын белсенді көтеруге "карантиннен кейін нашарлаған халық тұрмысы себеп болғанын" айтады.

– Жұмыссыздар артып келе жатыр. Табыс төмендеді. 20 күнде 100 мың адамның "кредит кешірілсін" деп хат жазуы – осының бір көрсеткіші. Басқа мәселелерге олай қол жинай алмайсыз. Бұл жұрттың жағдайы қиын екенін көрсетеді. Бізге өтініш жазғандардың біразы 250-300 мың теңге көлемінде кредит алған. Ем-домына, балаларының оқуын төлеуге, азық-түлікті де кредитке алғандар бар. Бұл табыстың төмен екенін көрсетеді, – дейді ол.

Мамайдың сөзінше, халық талап ете берсе, үкімет кредиттерді амалсыз кешіреді.

– Биліктің [амнистия жариялаудан] басқа амалы жоқ. Себебі адамдар бәрібір несиесін өтей алмайды. Мерзімі өтіп кеткен, коллекторлар мен сотқа жіберілген кредит көбейіп жатыр. Жағдай өте қиын, – дейді саясаткер.

Кредит амнистиясын жариялау бастамасын биыл қыркүйекте мәжіліс отырысында Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы атауы Қазақстан коммунистік халық партиясы – ред.) фракциясының мүшесі Айқын Қоңыров та көтерді.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2020 жыл.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2020 жыл.

– Карантин кезінде, ресми дерек бойынша, 4 миллион 200 мың адам жұмыссыз қалды. Жұмыссыздық 46 пайызға дейін өсіп кетті. Бұл – тарихымызда бұрын-соңды болмаған сұмдық деңгей!.. Қазір елде санитарлық-эпидемиологиялық дағдарыс қана емес, еңбек нарығында да төтенше жағдай орнап тұр... Жеке тұлғалар алған микрокредиттер өсімі 145 пайызға жетіп, төлеу мерзімі кешіктірілген қарыз 332 пайызға артқан, – деді Қоңыров.

Депутат шектеу шаралары енгізілген кезде жұрт "бұрын алған кредиттерін төлеу үшін тағы кредит алғанын", сондықтан "карантинге дейін салықты уақтылы төлеп, азаматтарды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп келген заңды және жеке тұлғалардың кредитін кешіру керек" деген. Қоңыров бұған керек қаржыны "әкімшілік-шаруашылық қызметке кететін мемлекеттік шығынды үнемдеу мен салық есебінен" алуды ұсынған.

Депутат осы мәселе бойынша премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады. Мамин бұл сауалға бір айдан соң, қазанда жауап берді. Ол кредит амнистиясы туралы ұсыныс "тізбек реакциясын тудырып, [жұрттың] барлық қарызды жаппай төлемей қоюына әкеп соқтырады" деп қауіптенеді.

– Бұл банк жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіреді... Осыған байланысты бұл ұсыныс қолдау таппайды, – деп жазды Мамин.

БИЛІКТІҢ "ҚОЛДАН ЖАСАҒАН" САЯСАТЫ

Экономист, Eximar форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан тәуелсіз агенттіктер зерттеуіне сілтеп, карантин салдарынан азаматтардың 60 пайызға жуығы жұмыссыз қалғанын айтады.

– Олар ресми түрде жұмыссыздар санатына қосылған жоқ. Бірақ "ақысы төленбейтін демалыс" режимінде табыссыз отыр. Карантин кезінде қызметкерлерге жалақы төлеу үшін жұмыс берушілерге пайызсыз қарыз беру сияқты мемлекет көмегін бәрі ала алған жоқ. Тоқаев бірнеше рет үндесе де, бірде-бір банк кредит төлеу мерзімін айыппұл мен өсімақысыз кейінгі шегеру идеясын қолдамады. Барлық банк 3 айға шегерген кредит төлемдерін пайызымен біріктіріп, қарыздың жалпы сомасына қосып жіберді, – дейді ол.

Айман Тұрсынхан наразылық митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Айман Тұрсынхан наразылық митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Экономист кредит алған жеке тұлғалар мен кешіктірілген кредиттер статистикасын "жарылудың аз-ақ алдында тұрған дағдарыс көрсеткіші" деп сипаттайды. Азаматтардың кредит алуы жыл сайын жиілеп келе жатқаны туралы пікір айтқан сарапшы "жұрт кредитті мәжбүрлі түрде алатын қазіргі жағдайға [биліктің] қолдан жасаған саясаты салдарынан түсті" дейді.

– Азаматтар жаппай кредитке байланып, кейіннен қарызын қайтара алмай жүрмес үшін ешқандай шара қабылданған жоқ. Оның орнына [Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан] Назарбаев Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен "жүйе құраушы" банктерге көмектесуге ыңғайлы жағдай жасап қойды (ресми дерек бойынша, 2008-2020 жылдары банктерге 4,7 триллион теңгеге қаржылай қолдау көрсетілген – ред.), – дейді Тұрсынхан.

Сарапшы "мемлекет өмір сүруге жеткілікті табыспен қамту орнына жұртты несиеге тәуелді етіп, күнделікті жейтін тамағы үшін ғана жұмыс істеуге мәжбүрлеп қойғанын" айтады.

– Үкіметтің кейінгі 20 жылда "қабылдаған шаралары" экономиканы шикізат моделімен дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын нашарлатуға бағытталды. Білім мен медицина ақылы болды, жеке тұлғаларға салық әділетсіз түрде жоғары қойылды, баға мен тариф аспандап кетті, ал әлеуметтік кепілдіктің бар деген аты ғана. Мінеки! [Билік кредитке] сұранысты осылайша қолдан туғызды, – дейді экономист.

Тұрсынханның "Аштықтан түңілген адам кейін қалай өтерін ойланбастан кредитке жүгінеді. Банктер де бұған мүдделі" дейді.

– 2020 жылдың үшінші тоқсанындағы ресми статистика бойынша, ғылым, мәдениет, білім, денсаулық сақтау салалары мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері ең төмен – 300 доллар көлеміндегі жалақы алып отыр. Бұл – Қазақстандағы еңбек нарығының кем дегенде 40 пайызы. Осыдан кейін қарапайым азаматтарға берілген барлық кредиттің 60 пайызы төленбей жатқанына несіне таңғаламыз?! Қазақстан халқының банктерге қарызы зейнетақы қорында жиналған қаржыдан 57,53 пайызға көп. Банктер өнеркәсіпті қаржыландырмайды, бірақ кепілсіз қарыз береді. Осыдан-ақ олардың азаматтардың кредит алуына мүдделі екенін көруге болады, – дейді сарапшы.

Экономист жеке тұлғаларды кредиттеу нарығында "тиісті бақылаудың болмауынан" жұрт "жапа шегіп отырғанын" айтады.

– Кредиттің қайтарым сомасы аяқ астынан аспандап шыға келді. Бұл үшін "заң рұқсат еткен" 24 пайыздан 56 пайызға дейінгі пайыздық мөлшерлеме, бір күн кешіксең қосыла кететін 1,5 пайызға дейінгі өсімақы бар. Алған сомаңды үш еселеп қайтарсаң да, банкке сол күйі қарыз болып қаласың. Осылайша банктерді асырай бересің.

Елде кедейлер көбейіп барады. Билік не істемек? 16 қазан 2020 ж.

Елде кедейлер көбейіп барады. Билік не істемек?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:02 0:00

Тұрсынханның пайымдауынша, індетке байланысты дағдарыс кезінде әлеуметтік әлсіз топтар мен коронавирустан жапа шеккен отбасылар шұғыл көмекке мұқтаж. Ол "тұрмысы төмен адамдардың, әлсіз топқа жататын кісілер мен пандемиядан зардап шеккендердің кредиті кешірілуі керек" дейді. Бірақ ол биліктің "жүйелі өзгерістерге барарына" күмәнмен қарайды.

– Қазақстанның қазіргі билігі түбегейлі реформаға бармасы анық. Себебі бұл олардың жекеменшік активін мемлекет иелігіне өткізуге, Ұлттық банк пен оны басқарған олигархтардың, үкімет пен квазимемлекеттік "Самұрық-Қазына" компаниясының көмегімен офшорға кеткен 340 миллиард доллар қаржының көлеңкеден шығуына әкеліп соқтырар еді.

"Ел бұрын соңды мұндай дағдарысты бастан кешкен бе еді?" деген Азаттық сұрағына экономист "Қазақстан 1990 жылдардан да сорақы кризисті бастан кешіп отыр" деп жауап берді.

– Ол кезде Ресей Совет одағының сыртқы қарызын толық мойнына алған. Әртараптандырылған индустриал экономикасы мен қуатты ауыл шаруашылық кешені бар Қазақстан бәрін басынан бастады. Ал қазір ешқандай экономикалық жетістік жоқ. Дағдарысты пандемия ушықтырып жіберді. Ел ішінде сауданың тоқтауы, капиталдың әрі-бері алмасуына кедергі тууы, тұтыну нарығының тарылуы бәрін жұта беретін қара құрдымды еске салады, – дейді экономист.

Тұрсынхан елдегі экономикалық дағдарысқа мысал ретінде "Қазақстан экономикасынан 15 пайыз көп" 168 миллиард доллар сыртқы қарызды алға тартады. Оның себебін көп жылдық басқарудағы "кемшіліктен" көреді:

– Қазіргі күніміз – отанын сатқан адамдардың 30 жыл бойғы қабілетсіз, жыртқыш саясатының "жемісі".


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG