Accessibility links

"Тоқаев, талабымызды орындаңызшы!" Полиция министрлік алдында түнеген наразы әйелдерді әкетті


Билікке талап айтқан наразы әйелдер Министрлер үйінің алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2020 жыл.
Билікке талап айтқан наразы әйелдер Министрлер үйінің алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2020 жыл.

Нұр-Сұлтанда жиырмаға жуық көп балалы әйел маусымның 8-і күні Министрлер үйіндегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдында билікке талаппен "үнсіз наразылыққа" шығып, сол жерде екі күн түнеді. Оларды маусымның 10-ы күні полиция әкетті.

ТҮНЕУГЕ ҰЛАСҚАН "ҮНСІЗ" НАРАЗЫЛЫҚ

Наразы әйелдер маусымның 8-і күні "Х" таңбасы бар маска киіп, талаптарын плакатқа жазып алып тұрды. Әйелдердің қолындағы плакатта "Әр бір балаға 21 мың теңге жәрдемақы!", "Мәжбүрлі вакцинацияға қарсымыз!", "Баспана берілсін!", "Мұқтаж халықтың несиесі кешірілсін!", "Аштық жариялаймыз" деген талаптар болды.

Жиналғандар осылайша "естімейтін билікке талаптарын үнсіз жеткізуге тырысты". Наразылардың атынан сөйлеген белсенді Бота Шынықұлова "Осы күнге дейін қанша шығып, талаптарымызды айттық. Еститін болса билік естір еді, енді амал жоқ, талабымыз мен наразылығымызды үнсіз жеткізуге бел будық" деді.

Билікке талап айтқан аналар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында "үнсіз" наразылықта тұр. Нұр-Сұлтан, 8 маусым, 2020 жыл.
Билікке талап айтқан аналар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында "үнсіз" наразылықта тұр. Нұр-Сұлтан, 8 маусым, 2020 жыл.

Наразы әйелдер алдына тура бір жыл бұрын өткен президент сайлауында жеңіске жетті деп жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің келуін талап етеді. Бірақ олар әйелдерге келмеді. Үнсіз әйелдердің алдына шыққан әкімдік өкілі бұл акцияның заңсыз екенін айтып, тарамаса қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткен. Бірақ әйелдер оған жауап қатпады.

Кейін жиналғандарға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов та шығып, қала әкімдігі жанындағы "Жанұя" отбасын қолдау орталығына барып әңгімелесуге шақырды. Арнайы автобус та алып келді. Алайда наразылар Бабамұратовтың да сөзіне ермеді.

Нұр-Сұлтанда әйелдер "естімейтін билікке" қарсы "үнсіз наразылыққа" шықты

Нұр-Сұлтанда әйелдер "естімейтін билікке" қарсы "үнсіз наразылыққа" шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Көрпе-жастықтарын арқалап келген әйелдер министрлік алдында түнеп шықты.

- Қорапшаның үстінде әкелген көрпешелерді жамылып түнедік. Таңға дейін бір-екі сағат ұйықтадық. Таңертең бесте оянып, плакаттарымызды қолға алып әлі тұрмыз. Алдымызға Бабамұратовтан басқа ешкім келмеді. Биліктегілер құлақ аспады. Арамызда аяғы ауыр әйелдер бар, жедел жәрдем шақырып қойыңдар дедік. Шақырмады, өзіміз шақырттық, - дейді наразылардың бірі Жанна Ізмұханова.

9 МАУСЫМДА НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ ЖАЛҒАСТЫ?

Маусымның 9-ы күні таңертең еңбек министрлігінің алдында отырған әйелдердің бірі Құралай Алиясованың қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырған.

- Таңертең өзімді нашар сезіндім. Себебі бүйрегімнің ауыратыны бар еді. Сол себепті жедел жәрдем шақырдым. Олар келіп қызуымның 37,6 градусқа дейін көтерілгенін айтып, мені ауруханаға күштеп әкетпек болды. Мен барудан бас тарттым. Киімімді жыртты, - дейді алты баласы бар Құралай Алиясова.

Алиясованы күштеп әкетпек болғанын көрген басқа әйелдер "үнсіз" наразылықтары бұзып, талаптарын дауыстап жеткізе бастады. Оларға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов, және Есіл ауданы санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің өкілі Арман Құрбанов келді.

Құрбанов "Алиясованың дене қызуы таңертеңгіден төмендегенін, бірақ бәрібір ауруханаға бару керегін" айтты.

- Карантин қаупі сейілген жоқ. Тұрған адамдар тиісті ара қашықтықты сақтамай тұр, кейбірі маскасыз. Сондықтан біз Құралай Алиясованы апарып тексеруден өткізуіміз керек. Біз одан коронавирус шықты деп тұрғанымыз жоқ, тек тексереміз. Егер анықталып жатса, онымен қатынаста болған басқа кісілер де карантинге алынады, - деді Арман Құрбанов.

Бірақ аналар қарсылығынан соң жедел жәрдем Алиясованы әкетпеді.

Кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғимаратының алдына арнайы қорғаныш киімін киген мамандар дезинфекция жасауға келді. Әйелдер "бұл – бізді тарату үшін биліктің жасаған қысымы" деп санайды. Кейбірі алдымызға "Жоғары биліктен адам келіп, талабымызды тыңдасын!", "Тоқаев мырза, бізді құтқарыңыз, мәселемізді шешіңіз!" деп айғайлады. Кейбірі көзіне жас алды.

- Тоқаев мырза, сізге бізді көрсетпей жатқан шығар. Аналарды қорғаңызшы, талаптарымызды орындаңызшы. Аналарды жылатпаңызшы, - деді әйелдердің бірі Феруза Әбизова.

Осыдан соң дезинфекция жасауға келгендер кетіп қалды. Әйелдер "еңбек министрлігі алдына дезинфекция жасайтын болсаңдар, онда басқа министрліктің алдына барамыз" деп, Министрлер үйіндегі денсаулық сақтау министрлігінің кіреберісіне ауысып, қазір наразылықтарын сонда жалғастырып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің алдында отырған әйелдерге өзін "санитарлық дәрігермін" деген адам шығып, үш рет ескерту жасады. Ол бас санитарлық дәрігердің "коронавирус карантині кезінде үш адамнан артық жиналуға болмайды" деген қаулысын дауыс күшейткішпен оқып жатқанда әйелдер Қазақстан әнұранын айтып тұрды. Үш рет ескерту жасаған "санитарлық дәрігер" де кейін кетіп қалды.

Наразы әйелдер "кешеден бері нәр татпай отырғанын" айтты. Олар "мәселеміз шешілмесе, басшылар келмесе, Министрлер үйінің алдында әлі отырамыз" деп шарт қойды. Бұл маңда полиция, арнайы жасақ жүрді.

ЕКІ КҮН ТҮНЕГЕН ӘЙЕЛДЕРДІ ПОЛИЦИЯ ӘКЕТТІ

Әйелдердің біразы бұл маңда екінші түн қонып шықты. Кейін маусымның 10-ы күні полиция Министрлер үйінің алдынан алып кеткені хабарланды. Әйелдердің бірі Азаттыққа хабарласып "бес жедел жәрдем көлігі және бірнеше автобус келіп тұр, бізді алып кететін сияқты" деп айтқан. Шамамен жарты сағаттан кейін барған Азаттық тілшісі министрлік алдында әйелдер жоқ екенін, жұмысшының баспалдақты жуып жатқанын көрді.

Интернетте жарияланған видеолардың бірінде ақ түсті қорғаныш киім киген адамдардың полиция автобусынан түсе салып, әйелдерге қарай жүгіріп, автобусқа күшпен отырғызып жатқаны көрінеді. Әйелдер "міне, бізде әйелдерге қалай қысым жасайды, көріңдер! Көмектесіңдер!" деп айқайлайды.

Ақпарат бойынша, наразы әйелдерді қаладағы "Рамада Плаза" қонақүйіне (бұл отель коронавирус карантиніне арналған) алып кеткен. Наразы әйелдердің бірі Айжамал Сариеваның айтуынша, қонақүйде әйелдерден коронавирус тестін тапсыруды сұраған, бірақ олар бас тартқан. Кейін полицейлер біртіндеп оларды қонақүйден "үйлеріңе апарып тастаймыз" деп көлікпен әкеткен.

Наразы аналар қонақүйде болған сәтте тағы бір топ әйел келіп, оларды босатуды талап етті. Арнайы қорғаныш киім кигендер де бұл әйелдерге кедергі келтірді.

"Рамада Плаза" қонақүйінің алдында әйелдердің бір тобы іштегі аналарды босатуды талап еткен сәт. 10 маусым 2020 жыл.
"Рамада Плаза" қонақүйінің алдында әйелдердің бір тобы іштегі аналарды босатуды талап еткен сәт. 10 маусым 2020 жыл.

Түстен кейін Сариева Азаттыққа өзімен бірге бес әйелді Сарыарқа аудандық полиция басқармасына апарып, наразылыққа не үшін шыққаны жайлы түсініктеме жаздырып алып, босатқанын айтты. Ол "өзге әйелдерді де басқа аудандағы полиция басқармасына алып кетуі мүмкін" дейді.

Министрлік алдында түнеген әйелдердің бірін қонақүйден әкетіп барады. 10 маусым 2020 жыл.
Министрлік алдында түнеген әйелдердің бірін қонақүйден әкетіп барады. 10 маусым 2020 жыл.

Қалалық полиция департаменті әйелдерді ұсталуына қатысты түсініктеме берген жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АНАЛАР НАРАЗЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛЫП ЕДІ?

Былтыр ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы әйелдер, мүгедек баласы бар әйелдер, жалғызбасты аналардың наразылығы күшейген. Олар мемлекеттің тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп келеді.

Әйелдер наразылығынан соң билік көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеу туралы шешім қабылдаған.

Біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, әр балаға 21 мың теңге көмекті алып тастаған. Бұл шешімді парламент пен президент Тоқаев қолдаған.

Оқи отырыңыз: Әйелдер наразылығын тудырған жаңа тәртіп. АӘК пен жәрдемақы енді қалай төленеді?

Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Ал АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты төленеді. Бұл шешімге көп балалы әйелдер наразы.

Бұдан бөлек, әйелдер "билік ұсынған баспана бағдарламаларының пайызы көп, тиімсіз, шарттары қиын" деп көңілі толмайды. Олар көп балалы отбасыларға, мүгедек баласы бар отбасыларға 2 пайыздық ипотекамен баспана беруді талап етеді.

Елде аналар наразылығы оқтын-оқтын жалғасып келеді. Олар бірнеше рет Ақордаға барып, алдарына президент Тоқаевтың шығуын талап еткен. Бірақ наразы әйелдерді арнайы жасақ қоршап, Ақордаға өткізбеген.

Билікке наразы көп балалы аналар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG