Қазақстан QazCovid-in деп аталатын вакцинасын үш мың еріктіге салуды бастады. Бұл туралы Қазақстан үкіметінің сайтында хабарланды.
Үкімет хабарламасына сәйкес, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың 1-2 фазаларын жүргізген, сынақ вакцина тиімділігі 96 пайыз деп көрсеткен.
"Денсаулық сақтау министрлігі үш мың еріктіге клиникалық зерттеулердің қорытынды III кезеңінің басталуын мақұлдады. Бүгінде алғашқы еріктілер Алматы және Тараз қалаларының клиникаларында, ҒЗИ-да отандық вакцинамен егілді. 2020 жылғы желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталады. III кезеңді өткізу үшін 10 мың доза көлемінде вакцинаның қажетті партиясы шығарылады" делінген үкімет хабарламасында.
Отандық вакцинаны жаппай салу 2021 жылдың наурызында басталатынын, екпенің алдымен медқызметкерлерге, педагогтерге және созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға жасалады, деп келтіреді хабарлама премьер-министр Асқар Маминнің сөзін.
Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, Жамбыл облысында салынып жатқан вакцина өндіретін зауыт та 2021 жылғы наурызда іске қосылады. Зауыт жылына 60 миллион доза өндіреді деп жоспарланып отыр. Осыған дейін бұл жобаға жеті миллиард теңге бөлінгені хабарланған.
Мұның алдында Қазақстан билігі елде ресейлік "Спутник V" вакцинасы өндірілетінін мәлімдеген. Өткен айдың ортасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен ресейлік вакцинаны өндіретін зауытты салу жөнінде келісімге келгенін мәлімдеген.
- Қазақстан уәкілетті мекемелері клиникалық сынақтың барлық фазасына өткен, тіркеу талаптарын орындаған вакцинаны ғана сатып алатынын бірнеше рет мәлімдеді.
- Қараша айында Қазақстанның бас санитарлық дәрігері сенімді вакцинаға ресейлік екпені, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген екпені және Оксфорд университетінің AstraZeneka компаниясымен бірге әзірлеген екпесін жатқызатынын айтты.
- Ресейлік "Спутник V1" вакцинасы ресми түрде 11 тамыз күні тіркеліп, коронавирусқа қарсы вакциналардың ішінде тіркеуден бірінші болып өтті. Бірақ вакцина тіркеуге дейін клиникалық сынақтың тек екі фазасынан ғана өтті. Яғни сынақ тек ондаған адамға ғана жүргізілген. Кейінірек үшінші фаза барысында вакцинаның тиімділігі 95 пайыз деп жарияланды. Сынақ нәтижесінің тәуелсіз сараптамасы әлі жоқ. Вакцинаны өндіруге байланысты бірқатар мәселенің бары хабарланды.
- Батыс елдерінде вакциналар жедел мақұлданып жатыр. АҚШ билігі алдымен Pfizer/BioNTech вакцинасы, кейін Moderna вакцинасын мақұлдады. Ұлыбритания мен Канада Pfizer/BioNTech вакцинасын қолдануды бастап кетті.
ПІКІРЛЕР