Қазақстан азаматтары 2021 жылғы 10 қаңтарда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлайды. Бұл сайлауға елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі қатысып жатыр. Біреуі сайлауға қатысудан бас тартқан.
Сайлауға түскен бес саяси партияның арасында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, елдің саяси алаңында басым күшке ие "Нұр Отан" да бар. Қалған төрт партия - "Ақ жол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы"да билікті қолдайды. ЕҚЫҰ миссиясы аралық баяндамасында Назарбаевты "бірқатар ресми лауазым иесі ретінде саясатқа араласып отырғанын" атап көрсеткен.
Сайлауалды үгіт науқаны басталмай тұрып қазақстандық бірқатар сарапшылар бұл жолғы сайлау шынайы бәсекеден жұрдай екенін, сайлаушылардың биліктің сөзін сөйлейтін бес партия өкілдерінен басқан балама кандидат таңдау құқығынан айырылғанын айтқан еді. Қазақстан заңнамасы бойынша, депутат болғысы келетін адам тек саяси партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ.
Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды. Сайлауға дейін бірнеше саяси белсенділер тобының саяси партия тіркетуге талпынысы нәтижесіз аяқталды, олар құрылтай жиынын өткізер кезде билік тарапынан түрлі тосқауыл мен кедергіге тап болғанын мәлімдеген.
2020 жылы Қазақстанда саяси партиялар туралы заңға өзгертулер енгізілді. Егер бұрын саяси партия тіркету үшін кемінде 40 мың адамның қолы қажет болса, жаңа өзгертулерге сай енді 20 мың адамның қолы жеткілікті. Сонымен бірге партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттады. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынады.
ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлау туралы аралық есебінде сайлау заңындағы әйелдер мен жастарға қарастырылған квота "партияның мандат бөлу туралы шешіміне әсер етпейтінін" айтқан. Бұған қоса ЕҚЫҰ сайлау заңының өзгергеніне қарамастан, "ДИАҚБ-ның (ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы – ред.) бұған дейін берген кеңесінің көбі, соның ішінде [азаматтардың] бірігу және сөз бостандықтары, сайлауды әділ басқаруға кепілдік, кандидаттарға қойылатын талаптар, сайлаушыларды тіркеу, үгіт жүргізу еркіндігі, сайлау дауларын реттеу және сайлау қорытындысын жариялау туралы ұсыныстардың ескерілмей, елеусіз қалғанын атап жазған. "Конституция мен халықаралық құқық кепілдік беретін ой-пікір бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізу құқығы бұрынғысынша шектеледі" деп жазған ЕҚЫҰ миссиясы аралық есебінде.
Бұған қоса ЕҚЫҰ Қазақстан орталық сайлау комиссиясының 4 желтоқсанда қабылдаған қаулысына да тоқталған. Белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдар бұл қаулыны бақылаушылар құқығын шектейді деп сынаған.
"Заңда сайлау комиссияларының аккредитациядан өткізу процедурасы қарастырылмаса да, Орталық сайлау комиссиясы құрылтай құжаттарында немесе жарғысында "азаматтардың саяси құқығы мен бостандығын жүзеге асыру және қорғау" мақсаты көрсетілген коммерциялық емес ұйымдардың атынан барғандар ғана сайлауды бақылай алады деген қаулы қабылдады. Бұл талаптарға қай ұйым сай келетіні туралы шешімді тиісті сайлау комиссиясы қабылдайды" деп жазылған ЕҚЫҰ-ның аралық есебінде.
Сонымен бірге аралық есепте азаматтық қоғамның кейбір ұйымдары, соның арасында бұған дейінгі сайлауларды бақылауға қатысқандар да осы жолғы сайлау алдында өздерін салық органдары тексеріп жатқанын хабарлағаны айтылған. Әлгі ұйымдар бұл тексеру осы жолғы "сайлау барысын бақылауды жоспарлап, өткізуімізге кедергі келтіреді" деп санайды" дейді есеп авторлары.
Орталық сайлау комиссиясының 4 желтоқсанда қабылдаған қаулысында жарғысында осындай қызметпен айналысатыны жазылған ұйымдар ғана сайлауды бақылай алатыны айтылған. Осы жолғы сайлауды бақылауға дайындалып жүрген белсенділер ОСК қаулысында сайлау учаскелерінде фото мен видеоға түсіруге шектеу салынып, тікелей трансляция жүргізуге тыйым салынуын алда болуы мүмкін бұрмалаушылық пен заң бұзу фактілерін жасырудың алдын ала жасалған қамы деп санайды.
ОСК өкілдері мұндай айыптауларды жоққа шығарып, қаулы сайлау туралы заңға қайшы емес деп мәлімдеген.
ЕҚЫҰ бақылаушылары Қазақстанда осыған дейін өткен парламент және президент сайлауларының ешбірін әділ, ашық, халықаралық стандарттарға сай деп таныған емес. Былтыр өткен президент сайлауында да ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. 2019 жылы президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Құқық қорғаушылар сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды жосықсыз қудалап, жазалағанын айтқан.
ПІКІРЛЕР