Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткерлердің сайлау қорына түскен кірістер мен шығындар туралы апталық есебін жариялады.
ОСК сайтындағы мәліметке қарағанда, 2020 жылғы 25 желтоқсанға дейін президент сайлауына түсіп отырған 18 үміткердің банк есебіне 104,5 (1,2 миллион доллар) түскен. Оның 51,5 миллион сомы Садыр Жапаровтың үлесінде.
Екінші орында – кәсіпкер Бабыржан Тольбаев. Оның қорына 14,2 мың сом түскен. Үміткер бұл ақшаның 9,2 миллион сомын жаратып үлгерген. Ал Жапаров болса, сайлау қорына түскен қаражаттан 50,4 миллион сом жұмсаған.
25 желтоқсандағы ақпарат бойынша, 18 кандидат сайлауалды науқан аясында 94,6 миллион сом жұмсаған.
Қалған кандидаттардың сайлау қоры 5 миллион сомға (61 мың доллар) да жетпейді. 11 үміткердің жиған қаражаты – 1 миллион мен 3 миллион сом аралығында.
21 желтоқсан күні Баткен облысы тұрғындарымен кездесуде Садыр Жапаров сайлау қорының халық арасынан жиналған ақшадан құралғанын мәлімдеген. "Қордағы ақшаның бәрі халықтан түсіп жатыр. Зейнеткерлер зейнетақысын беріп жатыр. Мына плакаттарды халықтың өзі жасап отыр. Түрмеде отырғанымда да қажетпен қамтамасыз еткен халық. Ақша, азық-түлік, киім беріп жіберіп отырды. Мені үш жыл халық асырады" деді ол сол кезде.
Қырғызстанда 4 қазан күні парламент сайлауы өтіп, арту халық толқуына ұласты. Сайлау нәтижесі шығып, билікке жақын партиялар жеңімпаз жарияланғанда, дауыс ұрланды деген халық көшеге шығып, жаппай наразылық басталды. Толқу кезінде жақтастары адам ұрлау айыбымен сотталған Садыр Жапаровты күшпен түрмеден шығарып алды. Толқу басталғалы он күн өткен соң ел президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті, оның міндетін содан бірнеше күн бұрын премьер-министр атанған Садыр Жапаровқа өтті. Кейінірек Жапаров президент сайлауына түсу үшін президент міндетін атқарудан бас тартатынын мәлімдеді. Қазіргі заң бойынша, уақытша президент сайлауға түсе алмайды.
Кезектен тыс президент сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 15 желтоқсан күні басталған.
ПІКІРЛЕР