Accessibility links

5G, киберспорт және әлеуметтік желіні шектеу. 2021 жылдың ең басты технологиялық трендтері


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Коронавирус пандемиясы жаңа трендтерді жылдамдатып, технологияның бұрынғыдан да жылдам қарқынмен енгізілуіне түрткі болды. 5G-нің дендеп енуі, әлеуметтік желі компанияларының қызметін реттеуге шақыру және киберспорттың кең танылуы... 2021-дің және одан кейінгі жылдардың басты трендтері осы болмақ.

Адамзат 2021 жылға аяқ басты. Былтыр жыл басында экономикаға соққы болған Covid-19 пандемиясынан туындаған трендтер 2021 жылға да әсерін қалдыратын сыңайлы.

Жұрттың зат сатып алуынан бастап, қалай жұмыс істеп, көңіл көтеретініне дейінгі өмірдің барлық саласына әсер еткен коронавирус ықпалы 2021 жылғы технология трендтерінен де ерекше байқалмақ.

Covid-19 бір жылға жетпейтін уақытта әлемнің келешегін мүлдем басқа жаққа бұрып жіберді.

Пандемия көп елде адамдардың келешегін кенеттен жаңа бағытқа бұрды. Сонымен бірге келеңсіз тенденциялар да жылдам жүре бастады.

Пандемия көп технологиялық тенденцияларды жеделдетіп жатқандықтан, бұл жылдам өзгерістер келешекте де жалғаса беретін сыңайлы. Covid-19 әкелген жаңалық халықтың технологияны пайдаланудағы мінез-құлқын күрт өзгерткені сондай, бірнеше жылда болады деп күтпеген нәрселер болып жатыр. Бұл денсаулық, білім және бөлшек сауда сияқты салаларда қалыптасқан дәстүрді өзгертіп жатыр.

McKinsey дүниежүзілік консалтинг компаниясы пандемия күшейген мамыр айында: "Соңғы мәліметтер бойынша, тұтынушылар мен бизнеске арналған цифрлық технологияны небәрі сегіз аптада енгізіп, бес жылға алға озып кеттік" деп хабарлады.

Пандемия көп елде адамдардың келешегін кенеттен жаңа бағытқа бұрды. Сонымен бірге келеңсіз тенденциялар да жылдам жүре бастады. Бұған жалған ақпарат таратудың өршуінен бастап, күллі әлемде көп адамды жұмысынан айыратын автоматтандыру процесінің жеделдеуіне дейінгі шешімін тездетіп табуға мәжбүрлейтін үрдістер кіреді.

Келер жылдың негізгі бес тенденциясын атап өтейік.

ИНФОДЕМИЯНЫҢ ТАРАЛУЫ

Қарашада Pfizer-BioNTech коронавирусқа қарсы вакцинасын жасағанын жариялағанда Еуропа мен АҚШ саясаткерлері оны асыға мақтай бастады.

Covid-19 коронавирусына қарсы Pfizer/BioNTech жасаған вакцина.
Covid-19 коронавирусына қарсы Pfizer/BioNTech жасаған вакцина.

Бірақ бұл елдердегі халықтың көбінде басқа сезім – паранойя алға шықты.

Жалпы вакцинаға қатысты күмән бұрыннан бар. Бірақ әлемде вакцинаны енгізу жөніндегі әңгіме пандемияның интернетте Covid-19-дың қайдан пайда болғанынан бастап оған қарсы вакцинаның тиімділігі туралы жалған ақпараттың таралуына қалай түрткі болғанын көрсетеді.

Gallup-тың таяуда жүргізген сауалнамасы америкалықтардың 58 пайызы, ал Францияда әр үшінші адам вакцинаны салдыруға қарсы емесін көрсетіп отыр. Ресейде интернетте вакцинаға қарсы контент толастамай тұр. Себебі Ресей билігі сынақтан өткізудің ең маңызды саналатын үшінші кезеңі аяқталмай жатып, отандық Sputnik V вакцинасын егуді бастап кетті.

Алайда ресейлік тәуелсіз "Левада-центр" ұйымының қарашада жүргізген сауалнамасына сәйкес, ресейліктердің 61 пайызы коронавирус туралы ресми мәліметтерге сенбейді, ал 59 пайызы вакцина салдыруды ойламайды.

"Пандемия және АҚШ-тағы сайлауға байланысты интернет платформалар бірінші рет ақпаратты дұрыс таңбалайтын және қолданушыға қосымша түсіндірме беретін тетіктер қолданды" дейді The Signals Network үкіметтік емес ұйымының атқарушы директоры Дельфин Халганд-Мишра. "Ақпарат және демократия туралы форум" (Forum on Information and Democracy) ұйымының таяуда жариялаған инфодемия туралы есебін дайындаушылардың бірі Халганд-Мишра "Олар енді бұдан бас тартады деп ойламаймын" дейді.

Әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда жалған ақпараттың таралуы кейінгі жылдары айқын көріне бастады. Желіде жалған ақпарат анық ақпараттан да тез таралады, ол сайлауда рөл атқарып, маңызды мәселелер бойынша дискурс түзе алады. Осыдан соң "технологиялық платформалар контентті жөнге салуы керек, ал үкіметтер онлайн талқылаулар өтетін әлеуметтік желі компанияларының қызметін реттеуі қажет" деген талаптар жиі айтыла бастады.

Желтоқсанда АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы және ондаған штаттың бас прокурорлары Facebook-тің монополиясына қарсы екі шағым түсірді. Бұл технология алыбы Facebook-тің ыдырауына алып келуі мүмкін.

Желтоқсанда Еуропа комиссиясы ірі технологиялық компанияларға қатысты "Цифрлық қызмет туралы" заңын жариялады. Құжат онлайн контентке модерация жасау ережелерін түзуді және саланы одан ары реттеуді көздейді.

"2021 жыл Атлант мұхитының екі жағында да (АҚШ пен Еуропада – ред.) платформаларды реттеудің куәсі бола бастаймыз" деді Халганд-Мишра.

КИБЕРСПОРТТЫҢ ДАМУЫ

Қазір әлем халқының шамамен төрттен бірі жиі ойнайтын видеоойындар енді жай ермек болудан қалды. Видеоойындар әлеуметтік мәні бар, бәсекелі, бәлкім, адамды бұрынғыдан да еліктіретін мәдени құбылысқа әрі табыс әкелетін индустрияға айналды.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Болжамдарға қарағанда, 2023 жылға қарай киберспорт нарығы 1,5 млрд доллардан асуы мүмкін. Бұл саланың жетекшілері пандемия кезінде жылдам дами бастаған киберспорт саласын өрістету үшін видеоойын және оған керекті құрал-жабдық сатып алушылар санын көбейтеміз және команда болып ойнауды ынталандырамыз деп үміттеніп отыр.

Көктемде Covid-тің таралуына байланысты шектеулер енгізілгенде, компьютер ойындарына арналған танымал Steam ойын платформасын қолданушылар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Наурыздың аяғында платформаға бір мезетте 25 миллион адам кірген. Наурыздан сәуірге дейінгі аралықта Nintendo (видеоойын және оған арналған құрылғы құрастырумен айналысатын компания) компаниясы акцияларының құны 45 пайызға, ойынға арналған тағы бір танымал стриминг қызметі Twitch-тің трафигі 50 пайызға артқан.

Deloitte халықаралық консалтинг компаниясының мәліметінше, пандемия кезінде АҚШ-тағы тұтынушылардың үштен бірі бірінші рет "видео ойындар қызметіне жазылып, бұлтты ойын қызметін (сайттар мен қолданушыларға интернет арқылы сервер қызметін ұсыну – ред.) қолданған немесе киберспортты не болмаса виртуалды спорт шараларын көрген".

Смартфонмен ойын ойнап отырған адам. Лос-Анджелес, 14 тамыз 2020 жыл.
Смартфонмен ойын ойнап отырған адам. Лос-Анджелес, 14 тамыз 2020 жыл.

Fortnite және League Of Legends сияқты видеоойындардың арқасында киберспорттың аудиториясы кеңейіп, салаға көптеп инвестиция тартыла бастады. Африкадан басқа әлемнің барлық аймағын қамтитын 12 кәсіби лига, 120 франшиза командасы және мыңнан астам кәсіби ойыншысы бар индустрия таяу жылдары сірә, одан ары дамып, дәстүрлі спорт түрлерімен бәсекеге түсетін сияқты.

5G ЭФФЕКТІСІ

Интернеттің жылдамдығы және оған қосылуға мүмкіндік артқан сайын бизнес пен технология саласында да инновациялық жаңа мүмкіншіліктер көбейді.

3G технологиясы веб-браузерді және мәліметтерге құрылған қызметтерді ұялы құрылғыларда қолдануға жол ашты. Ал 4G-дің арқасында видео мен музыканы стриминг жасайтын платформа көбейді.

Жаңа технологиялар көрмесіндегі 5G байланыс стандарты жарнамасы ілінген тұстан өтіп бара жатқан маска таққан адамдар. Пекин, Қытай, 14 қазан 2020 жыл.
Жаңа технологиялар көрмесіндегі 5G байланыс стандарты жарнамасы ілінген тұстан өтіп бара жатқан маска таққан адамдар. Пекин, Қытай, 14 қазан 2020 жыл.

Әзірлене бастағаннан он жылға жуық уақыт өткенде 5G технологиясы ұялы интернетке қосылудағы келесі бір ірі жетістікке айналып, интернетке қосылу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.

Аса жылдам бұл желілер технологиядағы басқа да озық трендтерге жол ашады. Автоматты оқыту (machine-learning) қосымшаларынан бастап автоматтандыру процесі және виртуалды шынайылық негізгі салалардың барлығына ықпал ете алады. Аталмыш трендтер электронды медицинадан бастап заттар интернетіне (Internet of Things) дейінгі аралықты қамтитын болашақтағы цифр экономикасының негізіне айнала алады.

"5G-дің тамаша мүмкіндіктері енді ғана пайда болып келеді, – дейді Азаттыққа Жаңа Америка қауіпсіздік технологиясы және ұлттық қауіпсіздік бағдарламасы орталығының ғылыми қызметкері Эльза Каниа. – Әсіресе пандемия кезінде интернетке қосылу мүмкіндігінің өмір сапасы үшін қаншалық қажет екеніне көзіміз жетті".

Қытайдың технология алыбы Huawei қазір бүкіл әлемде 5G технологиясын жасау және орнатуда жетекші компания саналады.

Huawei компаниясының көшедегі жарнамасының тұсынан өтіп бара жатқан велосипед мінген адам. Белград, Сербия, 12 тамыз 2020 жыл.
Huawei компаниясының көшедегі жарнамасының тұсынан өтіп бара жатқан велосипед мінген адам. Белград, Сербия, 12 тамыз 2020 жыл.

Қытай мен Вашингтонның қарым-қатынасы шиеленіскен шақта АҚШ билігі әлемде Huawei-ге қарсы жаһандық науқан бастады. Вашингтон компанияны АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді және өз технологиясын қолданып, Қытай билігінің пайдасына, АҚШ-қа қарсы тыңшылық жасады деп "қара тізімге" енгізді.

5G-ге қатысты саясат шамасы, 2021 жылы да жалғасатын сияқты. Бірақ Швецияның Ericsson телекоммуникация компаниясы мен Финляндияның Nokia фирмасы Huawei-ге негізгі балама компаниялар болғандықтан, сарапшылар Қытай компаниясының бәсекелестеріне көп көңіл бөлуге шақырады.

"Интернет байланысының келесі буынының маңызын түсіну мен ымыраға келу келешекте Американың цифрлық инфрақұрылымын дамыту үшін зерттеу мен өндірісті қолдауға қосымша қаржы құюға қозғау салады деп үміттенемін" дейді Каниа.

ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕУ

Қашықтан жұмыс істеу әлемде цифрлық технологияға қатысы бар қызметкерлер үшін әлдеқашан әдеттегі нәрсеге айналған. Дегенмен пандемия бұл өзгерісті одан ары жылдамдата түсті.

Карантинге байланысты оқушыларға интернет арқылы қашықтан сабақ өткізіп отырған мектеп мұғалімі. Мәскеу, Ресей, 20 қазан 2020 жыл.
Карантинге байланысты оқушыларға интернет арқылы қашықтан сабақ өткізіп отырған мектеп мұғалімі. Мәскеу, Ресей, 20 қазан 2020 жыл.

Карантин кезіндегі шектеулер мен әлеуметтік байланыстың азаюынан Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде кеңселер жабылып, бейнеконференция өткізу қалыпты жайтқа айналды. IT саласындағы Gartner консалтинг компаниясының есебінше, 2023 жылдың соңына қарай компаниялар мен мекемелердің 40 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Gartner-дің болжамынша, бұл тренд пандемия аяқталғаннан кейін де ұзақ уақыт өзгермейді. Себебі компаниялар кеңсе ұстаудың шығыны азайғанын жөн көреді.

Туризмге тәуелді көп ел пандемия кезінде туристердің азаюынан зардап шекті. Көп жұмысты қашықтан және интернет арқылы атқаруға мүмкіндік туғандықтан, бұл елдер тұрақты мекенжайға байланбаған, онлайн "саяхаттап", қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін өмір салтын қалайтын "цифрлық көшпенділерді" (digital nomads) тартуды ойластыра бастады.

Covid-19 салдарынан бос қалған жағажай. Будва, Черногория, 8 тамыз 2020 жыл.
Covid-19 салдарынан бос қалған жағажай. Будва, Черногория, 8 тамыз 2020 жыл.

Эстония, Грузия, Барбадос және Багам аралдары осындай қызметкерлерді тарту үшін салықты төмендету, арзан бағада баспана ұсыну сияқты түрлі жеңілдіктер жариялап, бұл жағынан алға шықты.

ҒАРЫШ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ

Мамыр айында SpaceX компаниясы Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) астронавтар жеткізді. Сөйтіп, 2020 жыл жекеменшік компаниялардың ғарыш кемесін ұшырудағы қызметі шырқау шегіне жеткен жылға айналды.

Алайда, бұл алғашқы миссия болашақтағы оқиғалардың жаршысы болмақ. Себебі коммерциялық компаниялар ғарышқа ұшуды оңайлату және қолжетімді қылу үшін бәсекеге түсіп жатқандықтан, 2021 жылы және одан кейін де жекеменшік компаниялар ғарыш кемесін көптеп ұшырады.

Коммерциялық компаниялар ғарыш кемесін ұшыруға ғарышты игеру басталғалы тартыла бастағанымен, осы кезге дейін ешқашан мұндай зор рөл атқармаған.

SpaceX Falcon 9 зымыраны ғарышқа ұшу алаңында тұр. Флорида, АҚШ, 15 қараша 2020 жыл.
SpaceX Falcon 9 зымыраны ғарышқа ұшу алаңында тұр. Флорида, АҚШ, 15 қараша 2020 жыл.

Бірнеше рет ұшыруға болатын зымыран жасап шығарып, салада жаңа парадигма орнатқан SpaceX жекеменшік компаниялар арасындағы ең танымалы саналады. Бірақ олардың арасында әлемнің ең бай адамдарына тиесілі басқа компаниялар да бар. Илон Масктың SpaceX-інен басқа, Джеф Безостың Blue Origin және Ричард Брэнсонның Virgin Galactic компаниялары да ғарыш агенттіктерімен жұмыс істесіп, ғарышқа турист жеткізуді, тіпті, таяу жылдары Айға да апаруды жоспарлап отыр. Қазір Boeing компаниясы Starliner ғарыш кемесін жасап жатыр және 2021 жылы халықаралық ғарыш станциясына астронавтарды жеткізуді бастаймыз деген үмітте.

Қазір әлемде оннан астам мемлекеттің Жер орбитасына ғарыш кемесін ұшыру мүмкіндігі бар және олар ғарышты игерудің ауқымды жоспарын құрған. Бұл ғарышқа әлдеқайда арзан бағада зымыран ұшыра алатын жекеменшік компанияларға клиент көбейеді деген сөз.

АҚШ астронавты Кейт Рубинс халықаралық ғарыш станциясына Жерден ұшып барған жапон астронавты Соити Ногутиді (оң жақта) қарсы алып жатыр. 17 қараша 2020 жыл. NASA видеосынан скриншот.
АҚШ астронавты Кейт Рубинс халықаралық ғарыш станциясына Жерден ұшып барған жапон астронавты Соити Ногутиді (оң жақта) қарсы алып жатыр. 17 қараша 2020 жыл. NASA видеосынан скриншот.

Физика профессоры, Флорида ғарыш институты директорының орынбасары Джошуа Колвеллдің Азаттыққа айтуынша, енді серіктестік орнату жиілейді. "Ғарышқа бұрынғыдай негізінен үкіметтер зат ұшырады. Бірақ түрлі елдер мен жекеменшік сектор өз рейстерін ұшыруда аталған компанияларды жалдап, оларға клиент болады" дейді ол.

Ғарыш кемесін ұшыру көбейген сайын жаңа мүмкіндіктер туады. Дегенмен, көп ел мен компания спутник, турист, зерттеу миссияларын ұшырып, ғарышқа астронавтар жеткізе бастайтындықтан, жаңа қауіп-қатерлер де пайда болмақ.

"Мемлекеттер мен жекеменшік компаниялардан тұратын жаңа ойыншылар саны көбейсе, оның қандай күтпеген салдары болмақ? Мұның бәрі жете ойластырылды ма деген сұраққа жауап бере алмаймын және шын мәнінде оларды реттейтін халықаралық тетіктер аса көп емес" дейді Джошуа Колвелл.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG