Accessibility links

"Жүйе өзгермей, парламентте қанша партия бары маңызды емес"


2021 жылғы 10 қаңтарда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтетіні туралы жарнама. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.
2021 жылғы 10 қаңтарда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтетіні туралы жарнама. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.

2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі мен алғаш рет жергілікті мәслихаттар депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлайды. Осыған дейін заңға енгізілген өзгертулер бұл сайлауға қалай әсер етеді? Бақылаушыларды не мазалайды? Коронавирус пандемиясы саяси шектеу қоюға ыңғайлы сылтау болып жүрмей ме? Азаттық кейбір белсенділерден және Орталық сайлау комиссиясынан осы жайлы сұрады.

1. Сайлауға кімдер қатыса алады? Кімдердің сайлауға қатысуына тыйым салынған?

Орталық сайлау комиссиясы

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңның 4-бабына сай, 18 жасқа толған Қазақстан азаматы тегiне, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы. Сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сот үкiмiмен бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар сайлауға қатыспайды. Сыбайлас жемқорлық қылмыс және сондай құқық бұзушылық жасағаны сотта дәлелденген адам сайлауға кандидат болып түсе алмайды.

Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 1 қазандағы мәліметінше, елде 11,8 млн сайлаушы тіркелген.

Жаңа жылдық шыршаның қасындағы сайлау жарнамасы. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.
Жаңа жылдық шыршаның қасындағы сайлау жарнамасы. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.

2. Бұл жолғы парламент сайлауына кімдер қатысып жатыр? Сайлауалды үгіт қашанға дейін жалғасады?

Сайлауалды үгіт 2020 жылғы 10 желтоқсанда сағат 18:00 де басталды. Ол 9 қаңтарда түнгі сағат 00:00-де аяқталады. Сайлауға бір күн қалғанда үгіт-насихат жұмыстары доғарылуы тиіс. Дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс бергеннен кейін бес күн бойы сайлауға байланысты сауалнама, болжам немесе зерттеу қорытындысын жариялауға тыйым салынады.

Қазақстанның сайлау заңы бойынша, депутат болғысы келетін адам тек партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ.

Елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі: "Нұр Отан", "Ақ жол", "Адал" (бұрынғы "Бірлік"), "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы "Қазақстан коммунистік халық партиясы") мәжіліс сайлауына 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы – 46,7. Ең жасы 25-те. Бұл жолы парламент сайлауына түсіп жатқандардың арасында қазіргі алтыншы шақырылымдағы мәжілістің 34 депутаты да бар.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бұл жолғы сайлауға бойкот жариялаған.

Өкілеті 2021 жылы наурызда аяқталатын алтыншы шақырылымдағы парламент мәжілісінде үш партияның өкілдері отыр. Олардың қатарында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы (қазіргі мәжілісте 107 мандаттың 84-іне ие) және билікшіл делінетін "Ақ жол", "Қазақстан халық партиясы" (екеуіне де жеті мандаттан берілген) бар.

10 қаңтардағы дауыс беру қорытындысы бойынша, парламент мәжілісінің 98 депутаты сайланады. Тағы тоғыз депутатты экс-президент Назарбаев басқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы тағайындайды.

3. 2018 жылы "Сайлау туралы" заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар 2021 жылғы сайлауға қалай әсер етеді?

Роман Реймер – бақылаушы, құқық қорғаушы

Бұрын уақытша тіркеуі бар азаматтың өзі уақытша тіркелген тұрғылықты жері бойынша дауыс беруге мүмкіндігі болған. Өзінің уақытша тіркеуде тұрғанын мекенжай анықтамасы бойынша дәлелдеп, дауыс бере алатын. Ал 2019 жылы ондай анықтама күшін жойды. Сөйтіп азаматтардың уақытша тіркеуде тұрған жерден дауыс беру құқығы басы ашық мәселе күйінде қалып отыр.

2018 жылы заңға exit poll (сайлау учаскесінің алдында жүргізілетін сауалнама – ред.) өткізуге байланысты өзгерістер енгізілді. Бұрын кез келген қоғамдық ұйым exit poll өткізе алатын. Ал қазір exit poll сауалнамасын бес жылдан бері сондай жұмыспен айналысып келе жатқан ұйым ғана өткізе алады.

Осылайша exit poll жүргізуді қиындату сайлау күні Орталық сайлау комиссиясының мәліметінен бөлек балама ақпарат алуға мүмкіндік бермейді.

Орталық сайлау комиссиясы

Сайлаушының аты-жөні сайлаушылар тізіміне тіркелмеген жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі азаматтың жазбаша өтініші негізінде оның тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтерді онлайн сервис арқылы тексеруді қамтамасыз етеді.

Онлайн-сервис парақшасында өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскесі шекарасының аумағында тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталған кезде, учаскелік сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды.

Ал егер өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесінің шекараларында тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталмаған жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылар тізіміне енгізуден бас тарту туралы дәлелді шешім қабылдайды және оның көшірмесін өтініш иесіне тапсырады.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы ғимараты.
Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы ғимараты.

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

2016 жылғы [жергілікті мәслихат] сайлауында көптеген белсенді тәуелсіз кандидат ретінде өзін өзі ұсынған еді. Партия мүшелеріне қарағанда олардың сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары болатын. Осыны көрген билік 2018 жылы сайлау заңын өзгертті. Қазір көптеген азаматтық белсенділер сайлауға түсу мүмкіндігінен айрылды. Қазақстанда ресми тіркелген 6 партия ғана бар (қазіргі сайлауға бесеуі түсіп жатыр, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған – ред.). Ал сайлау партиялық тізім бойынша өтеді. Сондықтан азаматтық белсенділерге бұл сайлау қызықты емес.

Ринат Рафхат – құқық қорғаушы

"Сайлау туралы" заңға 2020 жылы пандемия кезінде де, оның алдында 2018 жылы да ешқандай жүйелі өзгеріс енгізілген жоқ. Бұл техникалық өзгерту болды. Азаматтарды жергілікті мәслихат сайлауына өзін өзі ұсыну мүмкіндігінен айырып, партиялық тізіммен сайлауды ғана қалдырды. Парламент сайлауы бұрыннан солай өтіп келген.

4. Осы кезге дейін парламентте үш қана партия болды. 2021 жылғы сайлаудан кейін парламент құрамы өзгеруі мүмкін бе?

Бэлла Орынбетова – бақылаушы, азаматтық белсенді

Меніңше, бар қызық сайлаудан кейін мандат бөліп, оны таратқанда басталады. Адамдар праймериз деп "Нұр Отанға" біраз шапқылады. Әлсіз партиялардың өзі аймақтарда белсенділік танытқан болып жүр. Егер осы сайлауда даусы ұрланса, олар да үндемей қала ма, әлде не істейді? Жоғарыдағылар үндемейді ғой. Аймақтар не істер екен? Негізінен солардың реакциясы қызық. "Нұр Отан" бұрынғыдай 70 пайыз ала қоймас деп ойлаймын.

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Кейінгі төрт жылда парламентте үш партия болды. Бірақ бұларды үш бөлек партия деп айту қиын. Бір ғана партия болды деуге болады. Партиялар арасында ешқандай саяси бәсеке болған жоқ. Меніңше, [осы жолғы сайлауда] парламентке тағы бір партия келуі мүмкін. Ол билікке "бізде парламентте 3 емес, 4 партия бар" деп айту үшін ғана керек. Жүйе осы қалпында қалса, үш я төрт, мейлі тіпті қанша партия болса да, оның ешбір мәні болмайды. Олардың бәрін "Нұр Отан" партиясы деуге болады.

Ринат Рафхат – құқық қорғаушы

Өзгеруі де, өзгермеуі де мүмкін. Қазіргі парламенттегі үш партияға қосып, парламенттен тыс қалған партияларды кіргізсе де маңызды емес. Кейбірі сайлау қарсаңында атын ауыстырып әлек болып жатыр ғой. Тым кеш. Абырой атауында емес, ықылас, ісінде болуы керек еді. Маңызды саяси қадам жасауға бейіл ешкімді көріп тұрған жоқпын. Сайлау дегенде өре түрегелген партиялар мәжілісте бірдеңе бітіре алады деп айта алмаймын. Партия екенін сайлау қарсаңында емес, осыған дейін қордаланған мәселелерді көтеріп, бес жыл бойы соның төңірегінде жүруі керек еді. Олай болмады. Сондықтан, қазіргі уақытта кеңес өткізіп, "анау мен мынау қатысады" дегеннен әрі аспай жатқан партиялар мәжіліске өтіп, топтасып отырса да еш жылымық болмайды. Ал мәжілісте басымдыққа ие "Нұр Отан" жаңартылуы мүмкін. Себебі билік партиясы соңғы жарты жылда өткен партияішілік праймеризде зейнет жасынан асып кеткендерді өздері таңдаған орта буын азаматтармен алмастырады деп ойлаймын. Бірақ, басқару тетігі кітапханада (елдің бұрынғы президенті, "Нұр Отан" партиясын басқаратын әрі Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде билікке әлі ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесін жұрт осылай атайды – ред.) болса, он жерден ауысса да шынайылық болмайды.

Роман Реймер – бақылаушы, құқық қорғаушы:

Айту қиын. Бірақ қисынға салсақ, 2021 жылғы парламентте кемінде тағы бір партия болады. Меніңше, бұл елде басқа да саяси күштер барын көрсету үшін жасалады. Ал тағы бір жағынан қазіргі заң Қазақстанда жаңа партияларды тіркеу жайында сөз қозғауға мүмкіндік бермейді.

5. Сайлау науқаны кезінде қоғамдық пікірді анықтаумен нақты кімдер айналысады?

Орталық сайлау комиссиясына жұртшылық арасында сауалнама жүргізу жөнінде өтініш білдірген жеті заңды тұлғаның құжаттары "Сайлау туралы" заңның 28-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес келеді деп тауып, сауалнама жүргізуге рұқсат берді:

1) "Қоғамдық пікір" институты" қоғамдық бірлестігі;

2) "Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығы" қоғамдық бірлестігі;

3) "Nur Оtan" партиясы" қоғамдық бірлестігі;

4) Еуразиялық интеграция институты;

5) Шығыс Қазақстан облыстық талдау және болжау институты;

6) "Астана зерттеу" қоғамдық қоры;

7) "Құқық" қоғамдық қоры.

6. Мәслихат сайлауын партия тізімі бойынша сайлау жергілікті өкілді органның жұмысына қалай әсер етеді?

Ерсін Құдияров – құқық қорғаушы, бақылаушы

Өңірдегі азаматтық белсенділер, халық танитын танымал тұлғалар сайлауға қатысу үшін партияға мүше болуы тиіс, заң талабы солай. Ал азаматтық белсенділер ешқандай партияға мүше емес. Егер олар партияға кірсе, онда партияның сөзін сөйлеп, шешімін мақұлдап, сол партияның бұйрығымен жүруі керек болады. Сондықтан мәслихатта тәуелсіз кандидаттардың болмауы өкілді органның жұмысына кері әсер етеді. Бұл өңірлерде қабылданатын шешім сапасын төмендетеді, халықтың ой-пікір, көзқарасын жоғарыға жеткізуді қиындатады.

7. Парламент сайлауында қанша сайлау учаскесі болады? Олардың аймақ бойынша бөлінісі қандай?

Орталық сайлау комиссиясы

"Сайлау туралы" заңның 23-бабына сәйкес, сайлау учаскелері аумақтық сайлау комиссияларымен келісе отырып, тиісті әкімдердің шешімімен құрылады және оларды сайлау тағайындалғаннан кейін он бес күн мерзімде әкімдер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. 2020 жылғы 5 қарашадағы мәліметке сай, елде барлығы 10062 сайлау учаскесі құрылған.

Өңірлер бойынша егжей-тегжейлі ақпарат жергілікті әкімдік сайтында жарияланған.

8. Пандемияның сайлауға әсері бола ма? Қандай?

Ринат Рафхат – құқық қорғаушы

Осы уақытқа дейін талай сайлау "кезектен тыс" өтіп келген, бұл сайлауды да пандемия өтіп кеткенше шегеруге болар еді. Екіншіден, Беларусь, Қырғызстандағы нарзылық пен төңкерістерді көріп отырған билік, пандемияны сылтауратып, қозғалыс аясын тарылтуы да мүмкін. Билік үшін пандемия – сайлау кезіндегі заң бұзушылыққа қарсылық пен сайлау қорытындысына наразылықтарға жол бермей, олардың алдын алу үшін таптырмас сылтау.

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Пандемия кезінде де сайлау өткізуге болады. Бұған АҚШ, Беларусь, Молдова мен Қырғызстанда өткен сайлауларды мысалға келтірсе жеткілікті. Бірақ пандемия кезіндегі сайлаудың жұқпалы вирустан жалпы қорғану тұрғысынан эпидемияға байланысты маска тағу, дезинфекция шараларын жасау дегендей өзіндік ерекшеліктері бар.

Байсерке ауылындағы мектепте орналасқан сайлау учаскесі. Іле ауданы, Алматы облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.
Байсерке ауылындағы мектепте орналасқан сайлау учаскесі. Іле ауданы, Алматы облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.

9. Беларусте коронавирус пандемиясын алға тартып, халықаралық ұйымдар өкілдері мен шетелдік журналистердің сайлауды бақылауына жол бермеді. Қазақстанда қалай болмақ? Оларды тіркеу тәртібі қандай?

Орталық сайлау комиссиясы

2020 жылғы 22 қазанда Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы өз қаулысымен сайлауды халықаралық байқау институтын ашты. Сыртқы істер министрлігі 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын байқауға қатысуға 11 халықаралық ұйымға тиісті шақыру жіберді.

Бұған қоса екіжақты негізде Орталық сайлау комиссиясы 25 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарына шақыру хатын жолдады.

Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауды қадағалауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан барлығы 398 байқаушыға аккредитация бергенін хабарлады. Соның ішінде 48 байқаушы ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясынан тіркелген.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларына аккредитацияны Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы береді, ал шетелдік БАҚ өкілдері мен олардың журналистерін тіркеуді Сыртқы істер министрлігі жүргізеді.

10. Сайлау өтетін 10 қаңтарға дейін бір айда жыл қорытындысы тәрізді қарбалас жұмыс, бірнеше мейрам, демалыс күндері бар. Жаңа жылдың басында Нұр-Сұлтан қаласында, солтүстік өңірлерде қатты аяз болып, кей облыста ауа температурасы -40 градусқа дейін суытты. Осының барлығы сайлауалды науқанға қалай әсер етеді?

Бэлла Орынбетова – азаматтық белсенді, бақылаушы

Әсер етуі мүмкін. Мерекеден кейін босаңсу болады. Егер сайлау желтоқсанда болса ешқандай суыққа қарамастан қызу өтер еді. Себебі ол кезде түрлі мерекелер бар.

Бұрынғы сайлауларда (билік) студенттерді пайдаланатын. Қазір қолында ондай армиясы да жоқ. Студенттер онлайн оқып жатыр. Сондықтан қазіргі сайлауға дауыс беретіндер бұрынғыдай көп болмайды деп ойлаймын.

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Сайлауды Наурыз мерекесі, Тәуелсіздік күні немесе Жаңа жылға жақындатып қою – биліктің стратегиясы. Сайлауды қыста өткізу сайлаушылардың келуіне қатты әсер етеді – жол қиын, пандемия, аяз, т.б. Бірақ қазір билік санға мән бермейді. Дауысты қолдан көбейтіп алуы мүмкін. Қолайсыз ауа райы сайлаудан кейін түрлі митингілер өтуіне кедергі болуы мүмкін. Сайлауды халықтың көңіл-күйі жақсы, демалыста беймарал отырсын деп мейрам кезіне қояды. Сосын сайлауды жыл басында өткізудің тағы бір себебі – пандемия. Қазір пандемия экономикаға айтарлықтай әсер етіп жатыр. Халықтың табысы азайды, бизнестің жағдайы нашар. Қаңтардан кейін пандемияның салдары қатты білінеді деп айтуға болады. Бәлкім, салық көбейіп, доллар қымбаттауы мүмкін. Сондықтан пандемия халыққа айтарлықтай әсер етпей тұрғанда, сайлауды өткізіп жіберу жоспарланған.

Орталық сайлау комиссиясы

"Сайлау туралы" заңда дауыс беру күні ауа райы жағдайына байланысты арнайы шаралар қабылдау қарастырылмаған.

11. 2020 жылы Беларусь, Қырғызстан және АҚШ-та өткен сайлаулардың көбі қарсылық акцияларына ұласты. Бұл тренд Қазақстанда биліктің сайлау өткізу стратегиясына әсер ете ме?

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Меніңше, әсер етеді. Билік басқа мемлекеттердегі жағдайларға қарап, алдын ала әрекет жасайды. Беларусь президенті Қазақстанға "Сайлауды абайлап өткізіңдер. Біз жіберген қателікке ұрынбаңдар" деп ескертті. Қазақстан Қырғызстан мен Беларустегі жағдайды ескере отырып қимылдайды. Қазақстанда президентті емес, парламентті сайлайтын болғасын оның өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені Қазақстанда партияларға деген қызығушылық аз. Тіркеудегі 6 партияның ішінде халыққа сөзі өтімді, жұртты наразылық акцияларына шығара алатын партия жоқ.

Роман Реймер – құқық қорғаушы, бақылаушы

Беларусь пен Қырғызстандағы наразылыққа сайлау туралы заң талаптарын көпе-көрнеу бұзу себеп болғанын айрықша атап өту ләзім. Бақылаушылар сайлау заңы өрескел бұзылғаны туралы фактілерді қоғамға жеткізіп отырды.

Біздің билік үшін әкімшілік ресурстарды қолданбай, жаппай заң бұзушылыққа жол бермеу – ең ұтымды шешім болар еді. Бір жағынан беделі күмән тудыратын бақылаушы ұйымдардың көбейгенін көріп отырмыз. Олардың мақсаты – біртұтас тәуелсіз бақылаушылардың әлеуетін сұйылтып, сайлау заңы бұзылғаны туралы фото-видео мен аудио материалдардың санын азайтуға әсер ету.

Одан бөлек, кейбір белсенділерге, елдегі сайлауды бақылағысы келетін тәуелсіз ұйымдарға қысым мен арандату жасалуы мүмкін деп ойлаймын.

Бэлла Орынбетова – белсенді, бақылаушы

Келіспеушілік бәрібір болады ғой. Аз ғана [адам] наразылыққа шығуы мүмкін. Өйткені, бізде қазір ешбір тәуелсіз партия жоқ. Ешқандай партияны тіркемей отырғаны да сол. Болысатын ешкім болмаған соң ешкім алаңға шығып, наразылық таныта қоймас. Сол себепті айтарлықтай наразылық болмайды деп ойлаймын.

Ринат Рафхат – құқық қорғаушы

АҚШ-тың әлеуеті мүлдем бөлек. Ал Беларусь пен Қырғызстандағы толқулар билікті ойландырғаны сөзсіз. Әсіресе Қырғызстандағы жағдайдан біздің саяси элита тіксініп қалды деп ойлаймын. Оған қоса, жақында Беларусь басшысының Қазақстанға "ақыл" айтқаны тағы бар. Сондықтан, сайлау күні жақындағанда сайлау өткізу стратегиясына аз-кем өзгерту енгізеді. Әзірге белгісіз. Дегенмен, Ақорданың саяси технологтары астыртын стратегия құрып жатқан болар.

12. ОСК сайлаудың онлайн өтпейтінін айтты. Ал 2021 жылғы 10 қаңтарға қарай коронавирус індеті өршіп, вирус жұқтырғандар саны күрт көбейсе, дауыс беру тәртібі өзгеруі мүмкін бе?

Орталық сайлау комиссиясы

Коронавирусты таратпау мақсатында санитарлық шектеу шараларын енгізу Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің құзыретіне жатады. Бұл ретте сайлау өткізу кезеңінде сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты шаралары өңірлердегі нақты эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады.

13. 10 қаңтарда сайлау учаскесіне келген азаматтардың дене қызуын тексеретіні хабарланды. Қызуы бар сайлаушы қалай дауыс береді?

Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері

10 қаңтар күні жергілікті атқарушы органдар дауыс беруге арналған үй-жайдың кіреберісінде жүргізілетін тексеру кезінде сайлау процесіне қатысушылардың дене қызуы (37ºС-тан жоғары) және коронавирус инфекциясының өзге де симптомдары анықталған жағдайда оларды медицина қызметкерінің қарап-тексеруі не жедел жәрдем бригадасының келуін күту үшін сайлау учаскесіндегі жеке үй-жайға оқшаулайды. Дене қызуы бар я Covid-19 инфекциясының өзге симптомдары анықталған сайлаушы жалпыға арналған дауыс беру орнынан бөлек жердегі басқа орында дауыс беруге құқылы.

(Алайда "бөлек үй-жайда" дауыс беру процесін кім, қалай бақылайтыны туралы ешкім түсініктеме бермеді – ред.).

14. Сайлау процесіне қатысушылар ПТР тестіден өтуі тиіс деген ақпарат тарады. Оның тәртібі қандай?

Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері

Байқаушылар мен сенімді өкілдердің барлығы 2020 жылғы 25 желтоқсан мен 2021 жылғы 5 қаңтар аралығында Covid-19 инфекциясына ПТР әдісімен зертханалық тестіден өтуге міндетті. ПТР әдісімен жасалған Covid-19 тестін сайлау басталатын уақытқа кемінде бес тәулік қалғанда тапсыруы керек.

(ПТР тестіден өту – ақылы, бірақ сайлау кезінде тестіден өткендердің шығынын кім өтейтіні белгісіз – ред.).

15. 2019 жылы президент сайлаған күні және одан кейін Қазақстанда жаппай наразылық акциясы болды. Былтыр карантин кезінде "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заң қабылданды. 2021 жылғы сайлаудан кейін наразылық митингісі бола қалған жағдайда, жаңа заң тұрғысынан, оның сипаты өзгеше бола ма?

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Негізі бізде митингіге шығу үшін жергілікті билікті "ескерту" керек деп айтады. Ал оны заң тұрғысынан қарастырсақ, бұл ескерту емес, рұқсат сұрау. "Ескерту" деген сөз жүзінде ғана бар. Ол заңда бекітілмеген. Қазіргі заң митинг өткізу үшін биліктен рұқсат алуға міндеттейді.

Кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке қарсы митингіге шыққан азаматтарды полиция әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке қарсы митингіге шыққан азаматтарды полиция әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Ринат Рафхат – құқық қорғаушы

"Бейбіт жиындар туралы" заңның шикі тұсы онсыз да көп. Кейбір өзгерту енгізілгенімен, бұрынғы заңның жалпы концепциясы сол күйінде қалды. Ал сайлаудан кейін наразылық шаралары болып жатса, тап сол күні күштік құрылымдар бұл заңды елемейді деп ойлаймын.

16. 10 қаңтар күні көрші Қырғызстанда президент сайлауы өтеді. Халықаралық бақылаушылар мен шетелдік медиа Қырғызстандағы президент сайлауына көбірек назар аударып, Қазақстандағы парламент сайлауы көлеңкеде қалып қоймай ма?

Бэлла Орынбетова – белсенді, бақылаушы

Әсер етпес. Екі елге де халықаралық бақылаушылар барады деп ойлаймын. Сайлау өтетін күн емес, оның қорытындысы жарияланатын күн маңызды. Сайлау күні бәлендей ештеңе болмайды деген ойдамын.

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Қырғызстанда (парламент сайлауынан кейінгі наразылық) митингілерінің әсерімен президент қызметінен кетті. Ол елде келесі президент кім болатыны көпшілікті толғандырады. Қырғызстанда бәсеке бар деп айтуға болады. Халықаралық деңгейде Қырғызстандағы сайлаумен салыстырғанда, бес партия қатысып жатқан, сайлаушылар партиялар тізімі бойынша дауыс беретін Қазақстандағы сайлау қызықсыз болуы мүмкін.

Қырғызстандағы сайлауға Қазақстаннан да бақылаушылар барды. Егер екі сайлау екі күнде өткенде бақылаушылар бір-біріне көмекке барар еді. Сол жағынан халықаралық бақылаушылар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өз бақылаушыларын қайда жібереді деген сұрақ та қызық. Пандемия кезінде ЕҚЫҰ бақылаушыларының келуі де қиын. Біздегі сайлауда халықаралық бақылаушылар аз бола ма деп қорқам.

Ринат Рафхат – құқық қорғаушы

Әрине, тәуелсіз басылымдар екі елден бірдей тез, сапалы ақпарат таратуға жұмылады. Әсіресе, Қырғызстанда парламент сайлауынан кейінгі төңкерістен соң өтіп жатқан президент сайлауы бүкіл медианың назарын өзіне аударатыны сөзсіз. Себебі үміткерлердің қайсысы сайлаушыларының сенімін ақтай алады деген сауал қызығушылық тудырады. Бірақ Қазақстанда бұл жолы "реформашыл" президент Тоқаевтың тұсындағы алғашқы парламент сайлауы өтпек. Сондықтан біз де халықаралық медиа назарынан тыс қалмаймыз деп ойлаймын.

Роман Реймер – құқық қорғаушы, бақылаушы

Меніңше, Қырғызстандағы сайлау расымен қызықты өтеді. Жогорку кеңеш сайлауынан кейін болған оқиғалар айтарлықтай тартымды. Осы тұрғыдан алғанда бұл тақырыпқа қызығатын сарапшылар және бұған бейжай қарамайтын адамдар, әрине, Қырғызстандағы жағдайды асқан қызығушылықпен бақылайтын болады.

17. ОСК осыған дейінгі сайлауларда тек облыс және республикалық маңызы бар қалалардағы (Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент) дауыс беру қорытындысын жариялады. АҚШ, Ұлыбритания, Германия сынды дамыған елдерде облыс тұрмақ, әр сайлау учаскесі бойынша сайлаудың ресми қорытындысы жарияланады. Қазақстанды дамыған елдермен салыстыруға болмайды десек, көрші Қырғызстанды мысалға келтіруге болады. Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының сайтында әр сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесі жарияланады. Қазақстанда неге солай жасамасқа?

Уәлихан Қайсаров – парламент сенатының бұрынғы депутаты, саясаткер

Сайлау кодексінде сайлау бітісімен учаскелік комиссиялар сайлау бюллетендерін санауға жедел кіріседі деп жазылған. Мысалы, бүкіл Қазақстан бойынша сайлау сағат 19:00 де бітетін болса, сол кезде барлық сайлау жәшіктері ашылуы тиіс. Ол қала, ауыл, мейлі облыс орталығы болсын, бюллетень санауға бір мезетте кірісуі керек. Сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын тез арада хаттамаға жазуы керек. Сосын ол хаттаманы факспен, электрон поштамен өзінен жоғарғы аймақтық комиссияға жіберуі тиіс. Ауылда, қалада, облыс орталығында бюллетень санау бір уақытта басталады және сол түні бәрі бірдей санауды аяқтайды. Сол себепті сайлау қорытындылары көпшілікке бір уақытта белгілі болуы керек.

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Бізде учаскелік сайлау комиссияларының хаттамасы жарияланбайды. Мысалы, қала, облыс деңгейінде дауыс беру қорытындысын келтіреді. Бірақ әрбір сайлау учаскесіндегі мәліметтерді қарайын десең, ол жоқ.

Сайлау учаскесінде болған бақылаушы сол учаскенің хаттамасын алып, "осынша дауыс берілді" деп хабарлап, жіберуі керек. Мысалы, қалалық деңгейдегі дауыс беру қорытындысында көрсетілген санды тексеру өте қиын. Неге десеңіз, онда барлық сайлау учаскесінің мәліметі жоқ. Ауылды жерде "осынша болды" деп айтады. Ал оны тексерейін десең, саны көрсетілмейді. Негізі ондай мәлімет Қазақстанда жарияланбайды да. Ресейде мұндай жағдайда математикаға сүйеніп, қай учаскеде қанша "артық бюллетень тастау" болды? Қай кезде сайлаушы қарасы көбейіп кетіп, қашан азайды дегенді есептеп шығарады. Мысалы, бюллетень саны сайлау учаскесіне келген сайлаушы санынан 30 пайызға көп деп математикалық есеппен шығара алады.

Ринат Рафхат – құқық қорғаушы

Ауылда әлеуметтік жағдай нашар болғасын, тұрғындардың көбі қала және облыс орталықтарында жұмыс істеп я іздеп жүргендіктен, ауылда сайлаушылар аз болуы мүмкін. Ауылдарда осындай сайлау науқаны кезінде әкімдік аппараты жақсы жұмыс істейді. Ауыл халқы саяси алаңнан едәуір алшақтау. Есесіне мемлекеттің ресми арналары өз партияларына жарнама жасап, ақпаратты судай сапырып береді. Одан қала берді ауылдардағы сайлау учаскелерінде тәуелсіз бақылаушылар болмағандықтан, дауыс беру процестері тоқтаусыз жүре береді.

Орталық сайлау комиссиясы

"Сайлау туралы" заңның 44-бабының 5-тармағына сәйкес, парламент мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде Орталық сайлау комиссиясы белгілейді және жариялайды. Ал мәслихат депутаттарын сайлау қорытындыларын тиісті аумақтық сайлау комиссиясы белгілеп, жариялайды.

Сайлау қорытындыларын жариялау сайлау заңының 44-бабы бойынша реттеледі. Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының хабарларында көзделген барлық деректер сайлау округтері бойынша ұсынылады.

18. Тәуелсіз бақылаушылар сайлаудың заңға сай өтуіне әсер ете ала ма?

Ринат Рафхат – құқық қорғаушы

Жалпы сайлау процесін қадағалаған бақылаушылар былтырғы президент сайлауынан аздаған болса да тәжірибе жинады деп білемін. Бірақ оның өзінде ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы сайлау учаскелерінде ғана. Қала орталығына жақын аудандарда там-тұмдап болар. Себебі, тәуелсіз бақылаушылар еліміздегі 10 мыңға жуық сайлау учаскесін толық қамти алмайды. Оған ресурсы да жетпейді. Сондай-ақ, БАҚ та негізінен тек қалалы жерден ғана хабар таратады. Одан бөлек ЕҚЫҰ бақылаушылары да қала орталықтарында болады. Мәселе ОСК төрағасы өз орнында отырғанда және Назарбаевтың партиясы саяси додаға түсіп жатқанда, сайлаудың талапқа сай өтуінен бұрын, сайлауда берілген дауыстың қалай саналатынында болып тұр.

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Сайлаудың әділ өтуіне тәуелсіз бақылаушылар өте жақсы әсер ететіні белгілі. Ал сайлауды жақсылап бақылау үшін тәуелсіз бақылаушыларды оқытып-үйрету керек. Пандемияға байланысты оқыту қиын болады. Онлайн дайындау өте қиын. Өткенде ғана Шымкентте тәуелсіз бақылаушыларды оқыту кезінде билік "көп адам жинадыңдар" деп "Бақылау" жобасын ұйымдастырушыларға айыппұл салды.

Сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушыларды сайлау учаскелеріне жіберуге түрлі кедергі жасалады деп ойлаймын.

Роман Реймер – құқық қорғаушы, бақылаушы

2019 жылғы президент сайлауы тәуелсіз бақылаушылардың әлеуетін көрсетті. Тәуелсіз бақылаушылардың арқасында біз дауыс берушілердің наразылығын байқап, қоғамның басым бөлігі реформа мен өзгерісті қалайтынын түсіндік. Иә, тәуелсіз бақылаушылар қоғамға елдегі сайлау жүйесі қалай жұмыс істейтінін көрсетуге қауқарлы үлкен күш.

Уәлихан Қайсаров – парламент сенатының бұрынғы депутаты, саясаткер

Тәуелсіз бақылаушылар болмаса ешқандай бақылау, тексеріс болмас еді. Жергілікті сайлау учаскелері олардың көз алдында ештеңе істей алмайды. Кейін хаттамаға қол қойғанда, қорытынды жазғанда ған олар жалған дерек-мәліметті жаза береді. Демек бұл да керек нәрсе. Толық өзгертеді деп айта алмаймын. Кейбір сайлау учаскелерінде тәуелсіз бақылаушылардан сайлау учаскесінің мүшелері қаймығып жүреді. Ол бір мәселе. Екінші мәселе, тәуелсіз бақылаушы сайлау барысында заң бұзу фактілерін тіркеп, жазып отырады. Оны кейін сотқа немесе халықаралық ұйымдарға бергенде осы ақпаратты пайдалануға, тіпті, ЕҚЫҰ-на тапсыруға болады. Тәуелсіз бақылаушылардың мәліметіне сүйеніп, олар да қорытынды шығарады. Бақылаушылар қорытындысында "сайлау заңсыз өтті, құқық бұзу фактілері болды" десе, онда сайлауды заңсыз деп тануға негіз болады. Тәуелсіз бақылаушылар неғұрлым көп болса, сайлау әділ өтеді деп ойлаймын.

19. Сайлау онлайн өтуі мүмкін бе?

Бэлла Орынбетова – белсенді, бақылаушы

Сайлау онлайн өтпейді. Карантиндегі сабақ оқу кезінде интернеттің жағдайы белгілі болды. Биліктің өзі базасына ие бола алмай қалады. Билік ондай тәуекелге бас тікпейді. Интернетпен қамтылмағандар аз емес. Бірақ сол кезде бақылаушылардың жұмысын шектей ме деген қаупім бар. Мысалы, "бір учаскеде бір немесе үш адам болуы керек. Одан артық болмауы керек" деуі мүмкін. Кейінгі кезде бақылаушы ұйымдар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шығып жатыр. Сайлауға мүлде қатысы жоқ кейбір адамдар топтасып, "сайлауды бақылаймыз" деп жүр. Олар "бақылаушымыз" деп учаскелерге адамдарын жіберсе, нағыз бақылаушылар сайлау учаскесіне кіре алмай қалуы мүмкін деп ойлаймын. Билік сайлау учаскесінде 3-5 тен артық адам болмауы керек деп айтуы да мүмкін. Оның ішінде (бақышлаушылар арасында) партия өкілдері де болуы керек. Соның есебінен учаскедегі бақылаушы саны едәуір болып шыға келеді.

Роман Реймер – құқық қорғаушы, бақылаушы

Қолданыстағы заңда онлайн дауыс беру мүмкіндігі қарастырылмаған, сондықтан сайлау онлайн өтуі мүмкін дегенге күмәнмен қараймын. Оның үстіне, Қазақстанда миллиондаған сайлаушының онлайн дауыс беруін қамтамасыз ететін инфрақұрылым да жоқ.

Ерсін Құдияров – бақылаушы, құқық қорғаушы

Меніңше, Қазақстанда сайлау онлайн өтпейді. Бір мысал: бізде мектеп оқушылары онлайн күнделікке кірсе, интернет істемей қалады. Сол жағынан көп адам бір уақытта онлайн қосылып, дауыс беретін болса, интернет көтере алмай қалуы әбден мүмкін. Аз уақыттың ішінде мемлекет интернетті қалыпқа келтіреді деп ойламаймын. Техникалық мүмкіндік өте нашар. Әсіресе, ауылды жерде. Екіншіден, былтыр "Нұр Отан" партиясының праймеризі өткенде түрлі заң бұзушылықтар болды. Басқа біреудің ЖСН арқылы тіркеу, жалған дауыс беру деген сияқты. Ал миллиондаған адам қатысатын сайлауды бақылау мүмкін емес. Сондықтан сайлауды онлайн өткіземін десе, халықтың мемлекетке деген сенімі мүлде азаяды.

Уәлихан Қайсаров – парламент сенатының бұрынғы депутаты, саясаткер

Қазақстанда ондай сайлауды мүлде өткізуге болмайды. Өйткені біз дауыс беру нәтижесін бұрмалау (фальсификация) сияқты көп былықтың болып жатқанын білеміз. Онлайн сайлаусыз-ақ жергілікті сайлау учаскелері жалған қорытынды шығарады. Егер осының бәрі бір ғана Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде болса, олар ойына келгенін істейді. Мысалы, қай партияға қанша пайыз беру керегін өздері жазады. Ал оны тексеруге еш мүмкіндік болмайды. Және де, сайлауды бақылайтын біздегі тәуелсіз немесе шетелден келген байқаушы болсын, тіпті, сайлауға қатысатын партиялардың өздері қанша дауыс алғанын ешқашан дәлелдей алмайды. Бұл мәселе 2000 жылдардың басында көтерілген. Сайлау туралы кодекске де енгізілген. Оған халық пен саяси партиялар көп қарсылық білдірді. Сонда ғана тоқтатылды. Бұл қайталанатын болса, билікте отырған "Нұр Отан" немесе басқа партия болсын, қанша дауыс алғанын ешқашан дәлелдей алмайды.

20. Бұл жолғы сайлауға мемлекеттік бюджеттен қанша қаржы бөлінді?

Орталық сайлау комиссиясы

2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанына республикалық бюджеттен 15,3 млрд. теңге (2020 жылға 10,8 млрд.теңге; 2021 жылға 4,5 млрд. теңге) бөлу қарастырылған.

21. Бұл жолғы сайлауға қандай ұйымдардан, қанша бақылаушы қатысады?

Орталық сайлау комиссиясы

10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауын қадағалайтын шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын тіркеу 4 қаңтар күні сағат 18.00-де аяқталды.

Барлығы 398 халықаралық байқаушы тіркелген: 322 байқаушы – 10 халықаралық ұйымның атынан қатысады: ТМД парламентаралық ассамблеясы (48), ТМД атқару комитеті (179), Ислам ынтымақтастық ұйымы (4), ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы (42), ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы (9), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (15), Түркітілді мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (7), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының парламенттік ассамблеясы (7), Түркітілді елдер парламенттік ассамблеясы (9), Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі (2).

Бұған қоса, 31 мемлекеттен 76 байқаушы қатысады. Ол елдер – Армения, Әзербайжан, Бельгия, Венгрия, Германия, Индонезия, Иордания, Испания, Италия, Канада, Қырғызстан, Мальдив, Молдова, Моңғолия, Норвегия, Палестина, Польша, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Түркия, Украина, Ұлыбритания, Үндістан, Филиппин, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG