Accessibility links

Оралда денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысын "откат алды" деп айыптады


Орал қалалық соты. 25 января 2020 года.
Орал қалалық соты. 25 января 2020 года.

Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында жемқорлық бойынша айыпталған Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Қайыповтың ісі бойынша процесс басталды.

Тергеу органдарының болжамынша, бұрынғы шенеунік былтыр жазда коронавирус індетінің алғашқы толқыны кезінде медициналық жабдықтарды сатып алу бойынша жасалған келісімнен 10 пайыз "откат" алып, пайда көрген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ол кезде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жалпы сомасы 78,2 миллион теңгеге (қазіргі доллар бағамы бойынша 185 мың доллардан астам) мониторлар сатып алған. Іс материалдарында Қайыповтың "жабдықтар жеткізіліп, құжаттарға қол қойылғаннан кейін пара алғаны" жазылған.

— Келісім жасалғаннан кейін 2020 жылы тамыз айында басқарма жетекшісі Қайыпов жоғарыда айтылған келісімге кедергісіз қол қойып, атқарылған жұмыстарды қабылдап, медициналық жабдықтарды кедергісіз қабылдағаны үшін жалпы соманың 10 пайызын яғни 7,8 миллион теңгені талап еткен, — деді айыптау актісін оқыған прокурор Руслан Жұматаев.

Сол уақытта жабдықтарды жеткізген "ОрдаМед" компаниясының бас директоры қызметін атқарған Саржан Бөлекова айыптау тарабының айтуынша, басшының талабына "амалсыз көнген". Бөлекова "откат" бермесе, жабдықтарды қабылдамай қояды деп қорыққан және алдағы уақытта компания мемлекеттік сатып алу байқауларына мүлде қатыса алмай қала ма деп қорыққан.

Сотта куәгер ретінде жауап берген Бөлекова ақшаны екіге бөліп бергенін және Қайыповтың өзіне бермегенін айтты. Оның айтуынша, ақшаны қабылдауға Қайыповтың тапсырмасымен Орал қаласының тұрғыны Серік Тұралиев келген.

Ал Болатбек Қайыпов сотта Тұралиевті танымайтынын айтты. Қайыпов та, Тұралиев те айыптарды жоққа шығарды.

Қайыпов сөйлегеннен кейін отырыста үзіліс жарияланды.

Болатбек Қайыпов денсаулық сақтау басқармасын 7 айдан астам уақыт басқарған. Ол басқарма жетекшісі қызметіне былтыр 12 наурызда кіріскен. Қазан айында жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі Қайыпов пен "сыбайластарының" ұсталғанын айтып, қамауға алынғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG