Accessibility links

"Назарбаев пен оның әулетінің тасасындағы режим" және "өш алушы авторитаризм"


 Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру салтанатына келді. Нұр-Сұлтан, 12 маусым, 2019 жыл.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру салтанатына келді. Нұр-Сұлтан, 12 маусым, 2019 жыл.

Осы аптада халықаралық басылымдар Қазақстанда коронавирус індеті кесірінен "экономика нашарлап", "саяси режимді либералдандырудың ауылы алыстай түскенін" жазды. Бұған қоса басылымдар биліктің "сайлаудағы бұрмалауды әшкерелейтін ұйымдарды нысанаға алғанына" тоқталды.

"НАЗАРБАЕВ ӘУЛЕТІНІҢ МҮДДЕСІ"

2020 жылы әлемнің басқа елдерімен қоса, Қазақстанға да ауыр салмақ түсірген коронавирус індеті ел экономикасының әлжуаз тұстарын көрсетіп берді, қазіргі қабылданып жатқан шаралар мұнайға байланған экономиканы сауықтыруға қауқарсыз, саяси реформалардың да ауылы алыс. АҚШ-тағы Jamestown қорының Eurasia Daily Monitor басылымында жарық көрген сарапшы Георгий Волошиннің мақаласында осындай тұжырым жасалады.

"Үкіметтің пандемияға лайықты жауап бере алмауы бүкіл Орталық Азия аймағында халықтың наразылығын тудырды, Қазақстан көршілеріне қарағанда салыстырмалы түрде жақсы әрекет еткенімен, бұл төтенше жағдай елдің әлжуаз экономикалық моделін тағы да ашып берді" деп жазады автор.

Карантин кезінде Алматы қаласына кіреберіске қойылған блокпост алдында тұрған жергілікті тұрғын мен полиция қызметкері. 11 мамыр, 2020 жыл.
Карантин кезінде Алматы қаласына кіреберіске қойылған блокпост алдында тұрған жергілікті тұрғын мен полиция қызметкері. 11 мамыр, 2020 жыл.

Пандемия мен мұнай бағасының түсуі қабат келген "қос соққының" кесірінен Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,6 пайызға азайды, ал ағымдағы шотта 5,7 миллиард доллар дефицит пайда болды. Мұнайдан түскен табысты жинақтайтын ұлттық қор дағдарысқа қарсы шаралар кесірінен 2,4 миллиард долларға кеміді. Сөйтіп, 2020 жылы жаңа қарыздардың ауқымы ЖІӨ-нің 5,5 пайызына жетті.

Қазақстанның басты экспорттық тауары – шикі мұнайдың бір баррелі былтыр ақпанның соңында 60 доллар болса, наурыздың ортасына қарай баға барреліне 26 долларға дейін түсті. 1 қыркүйекте халыққа жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "әдеттен тыс сендімді мәлімдеме жасап, шикізат бағасының өсу циклы аяқталады деп болжады". "Әртараптандырылған және техно­ло­гияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ" деді Тоқаев.

"Экономиканы әртараптандыруда прогрестің болмауы, мұнай бағасы күрт құлдырап, үкіметтің салық түсімі азайған 2020 жылғы тербелістер" - Қазақстанның "ең үлкен құрылымдық мәселесі" деп жазады автор. Оның айтуынша, қазан айында стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігінің құрылуы мұнайдан тысқары экономиканың әлеуетін ашып бере алмайды. "Ал саяси либерализация мәселесі әлі күн тәртібіне де енген жоқ" дейді Волошин.

Оның айтуынша, былтырғы жыл соңындағы және биылғы оқиғалар Қазақстанның "саяси жүйені либералдандыру деген аса ауыр бірақ қажетті қадамдар жасаудан қаншалық алыс екенін" аңғартып берді. Сарапшы елдің саяси жүйесі "бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының және айналасындағылардың көлеңкесінде" тұр деп санайды.

Волошиннің тұжырымы бойынша, билікке келген алғашқы күннен "барлық салада реформа жасауға" ұмтылған Тоқаевтың сөзі шынайы жағдайға сәйкес келмейді. Оның бір мысалы – сайлаудан кейін премьер-министр Асқар Маминнен бастап бұрынғы үкімет мүшелерінің көбі қызметтеріне қайта отырды дейді автор. "Жаңа адамдар өте сирек, оның үстіне Назарбаевтар әулетінің мүдделеріне қатысы бар қандай да бір салмақты шешімнің ешқайсысы бұрынғы президенттің келісімінсіз жүзеге аспайды" деп топшылайды автор.

"2021 жыл да Қазақстан үшін ауыр жыл болатын түрі бар, себебі ел нағыз реформаны қолға алуға тырысып көрмек, бұл шынайы постназарбаев кезеңінің басталғанынан хабар бермек" деп болжайды Jamestown сарапшысы.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева құдасы, орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтің қолынан депутат куәлігін алып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қаңтар 2021 жыл.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева құдасы, орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтің қолынан депутат куәлігін алып тұр. Нұр-Сұлтан, 14 қаңтар 2021 жыл.

Сарапшы Уилдер Алехандро Санчез The Diplomat басылымында жарық көрген "Өзбекстан мен АҚШ-пен арадағы инвестициялық әріптестік жобасына Қазақстан неге қосылды?" деген мақаласында да осы пікірді қуаттайды.

Жақында Қазақстан, Өзбекстан және АҚШ жеке секторды дамытып, аймақтық экономикалық ынтымақтастықты арттыру үшін С5+1 форматында Орталық Азия инвестициялық әріптестігіне біріккен. Автордың айтуынша, коронавирус індеті кесірінен экономикасы құлдыраған Қазақстан шикізаттан өзге секторды дамытуға енді кірісіп жатқан сыңайлы.

Дүниежүзілік банк есебі бойынша, 2020 жылы коронавирус пандемиясы кесірінен Қазақстан экономикасы 2,5 пайызға төмендеген. "Бір жақсы жаңалық – 2021 жылы 2,5 пайыз өсім болады деп болжанып отыр. Жоғарыдағы бастамалар экономиканы оңалтып қана қоймай, оны әртараптандыруға да қызмет етеді деген үміт бар" деп жазады автор.

Каспий теңізіндегі Қашаған кен орны, жасанды арал. Батыс Қазақстан.
Каспий теңізіндегі Қашаған кен орны, жасанды арал. Батыс Қазақстан.

Алайда, Қазақстан экспортына сұраныстың аздығы, мұнай бағасының түсуі бұл өсімді баяулатуы мүмкін деп болжайды Дүниежүзілік банк мамандары. "Шикі мұнай қорының көптігі, әлем экономикасының баяу қалпына келуі 2021 жылы да бағаны төмендете бермек. [Мұнай] 2019 жылғы орташа бағадан 30 пайызға төмен болатын түрі бар. Бұл қауіпті болжам Нұр-Сұлтан басқа индустрияларын да дамтуы керек деген ойды қуаттайды" деп жазады автор.

"РЕСЕЙДЕГІДЕЙ ЖАСАНДЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУДАҒЫ ОППОЗИЦИЯ"

Биыл 10 қаңтарда Қазақстанда өткен парламент және мәслихат сайлауына баға беріп, елдің болашақ саяси өміріне болжам жасап жатқан басылымдар да көп. Мәселен құқық және саясат тақырыптарын талдайтын Lawfare сайты сайлау күні Алматыда наразылыққа шыққан адамдарды "кеттлинг" әдісімен қоршауға алған полиция әрекетін сынайды. "Соңғы сайлауға қарсылық білдіргендерге полиция ерекше жаза қолданды" деген автор азғантай топтың суық күнде сағаттар бойы далада тұруға мәжбүр болғанын ерекше атап өтеді.

"Жылыну үшін ортада айналып жүре бердік. Әлім құрығанда басым айналып, жерге отыра қалдым". 2021 жылғы 10 қаңтар күні Алматыдағы Республика алаңында полиция қоршауында қалған Айзат Әбілсейіт. Фотоны Holanews берген.
"Жылыну үшін ортада айналып жүре бердік. Әлім құрығанда басым айналып, жерге отыра қалдым". 2021 жылғы 10 қаңтар күні Алматыдағы Республика алаңында полиция қоршауында қалған Айзат Әбілсейіт. Фотоны Holanews берген.

"Қазақстанда бұл ғана емес, халықтың барлық демонстрациялары басып тасталып жатыр. Наразыларды құқықтық тұрғыда көбірек қорғаймыз деген үкімет уәдесіне қарамастан, 2020 жылы мамырда қабылданған бейбіт жиын туралы заң заңды түрде наразылық білдіруге кедергі жасайды және оны халықаралық бақылаушылар көп сынаған" деп жазады Lawfare.

Азия-Тынық мұхит аймағындағы саясат және экономика мәселелерін талқылайын East Asia Forum сайты сайлауда парламентте бұрыннан бар партиялардың жеңгенін айта келе "онда тұрақты идеологиялық спектрум қалыптасты" деген тұжырым жасайды. Оның айтуынша, Қазақстан да Ресейдің үлгісімен "режимге қарсы шығатын радикал топтардың алдын алу үшін "жүйелі оппозицияны" қалыптастырып, жетілдіріп жатыр".

"Батыс сыншылары бұл "оппозицияның" жасандылығы мен бақылаудан шықпағанына назар аударады, "сайлаушыға таңдау жасарлықтай шынайы саяси балама ұсынылған жоқ" дейді олар. Сондай-ақ олар тәуелсіз бақылаушылар кезіккен қиындықтар мен Алматыдағы сайлауға наразы жұртқа полицияның жасаған қысымын сынады" деп жазады автор.

Халықаралық басылымдар "оппозицияны ауыздықтаудың" бұл тәсілін Қырғызстан да үйреніп алуы мүмкін деген болжам айтады. Қазақстанда парламент сайлауы болған 10 қаңтарда Қырғызстан да жаңа президентін әрі басқару формасын таңдаған. Сайлаушылардың 80 пайыздайы Садыр Жапаровты жақтап, парламенттік басқарудан президенттік жүйеге көшуді қолдаған. "Кейбір азаматтық құқық топтары Жапаров мырза Ресейдегі Владимир Путин мен көрші Қазақстандағы Нұрсұлтан Назарбаевтікіндей режим құруды жоспарлап жатыр деп алаңдайды. Бұл Қырғызстанды постсоветтік Орталық Азиядағы жалғыз демократиялық ел мәртебесінен айыруы мүмкін" деп жазады Financial Times.

"БЕЛАРУСЬ ПЕН ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙДАН ҚОРЫҚҚАН"

Қазақстандағы сайлаудан кейінгі ахуалды суреттеген Eurasianet сайты "билік бейүкіметтік ұйымдарға соғыс ашты" деп пайымдайды. "Қазақстанда сайлау демократияның спектаклі ғана болды, енді ол нағыз авторитаризмге жол берді. Осы аптада салық тексеруі желеуімен тағы екі ұйым нысанаға ілінді" деп жазады мақала авторы.

25 қаңтарда салық органы салық құжаттарын дұрыс толтырмағаны үшін Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мен "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымдарының жұмысын үш айға тоқтату туралы шешім шығарды.

"Қазақстандағы олқылықтарын атап көрсететін ұйымдардың үнін өшіру үшін салық жүйесін қолдану қатардағы стандарт процедураға айналып кеткен" деп жазған автор бұдан бөлек "Эхо" бейүкіметтік ұйымының және 10 қаңтарда өткен парламент сайлауын бақылауға ат салысқан "Еркіндік қанаты" тәуелсіз тобының да жұмысын үш айға тоқтатып, оларға айыппұл салғанын ескертеді.

"Алайда соңғы екі ұйым басқа бір жерде "тәртіп бұзған" сияқты. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп сайлаған, 2021 жылы 10 қаңтарда парламентті сайлаған "косметикалық" сайлаулар кезінде болған бұрмалауды көрсету арқылы бұл топтар мен ондағы белсенділер "нағыз бұзақылар" болып шықты" деп жазады Eurasianet.

Бейүкіметтік ұйымдар өздерін "салық арқылы қысу науқаны" басталатынын қарашаның соңында-ақ айтқан.

"Еркіндік қанаты" ұйымының атқарушы директоры Елена Швецованың айтуынша, басқа постсоветтік елдерде сайлауды бұрмалау фактілері әшкереленген соң толқу басталды. Сондықтан билік бақылаушы ұйымдарға ерекше үреймен қарады.

– Қазақстан билігі Беларусьтегі наразылық пен 2020 жылғы Қырғызстандағы кезекті революциядан соң қатты қорықты. Сондықтан олар біздің елде азаматтық қоғам мұндай сценарийді қайталамауы үшін қолынан келгенін істеді, – деді Швецова Eurasianet-ке сұхбатында.

"Дегенмен Қазақстанда мұндай толқу аз болды. Сондықтан бейүкіметтік ұйымдарды қудалау [бүліктің] алдын алу емес, авторитаризмнің өш алуы сияқты көрінеді" деп қорытады автор.

"ГЕНДЕРЛІК СТЕРЕОТИПТЕРДІ БҰЗЫП", "ҚАЗАҚ ТІЛІН ЭКСПОРТТАЙТЫН" NINETY ONE ТОБЫ

"Қазақстанда қалыптасқан гендерлік стереотиптерді бұзатын Qazaq-pop бойзбенді". The World жобасының тілшісі соңғы жылдары Қазақстанда танымал болған Ninety One тобының шығармашылығына арналған мақаласын осылай атаған.

"Жағымды әндері мен түр-әлпетімен баспасөзге жиі шығатын топ [ұлттың және ерлердің] келбеті туралы пікірталас тудырып келеді" деп жазады автор.

Топ туралы деректі фильм түсірген Евгения Плахинаның айтуынша, "түрлі түсті киім киіп, шашын басқа түске бояп, кейде тіпті әшекей таққан" әншілердің кескін-келбеті [дәстүрлі қазақ] аудиториясына "лайықсыз" болды, себебі олар "дәстүрлі қазақ жігітінің келбетін көрсетпеді".

Автордың жазуынша, бұл норма Қазақстан Совет одағынан тәуелсіздік алған 1990 жылдардың басында қалыптасқан.

Топты ұнатпайтындар олардың "үнін өшіруге тырысқан". Топтың ең алғашқы концерті болмай қалған. Содан соң наразылар басқа концерттерді де өткізбеуге тырысып, кеш өтетін жерлерге барып қарсылық білдірген. "Ақыр соңында Ninety One-ды қолдаушылар саны наразылардан асып түсті, ал топтың танымалдығы артқан сайын гендердің бірегейлігі, гендердің сыртқы көрінісі және сексуалдық туралы әңгіме жалпы қоғамға таралып кетті" деп жазады автор.

Топтың мүшесі Zaq "әу бастағы миссиямыз бұл болмаса да, бұл әңгімені бастауға дайынбыз" дейді.

"Мұндай проблема шынымен болса, оған көз жұма қарамай, бар екенін мойындауымыз керек. Оны қабылдап, шешу жолдарын іздеуге тиіспіз" дейді ол.

"Біз әу баста ән айтып, шоу қою үшін сахнаға келдік. Бар болғаны музыка жасағымыз келді. Мұндай ғаламдық мәселелердің талқысына қозғау саламыз деген ойымыз болған да жоқ" дейді Zaq.

Ninety One "сыншылар айтып жүргендей қазақ дәстүрлерін жоюға тырыспаймыз" дейді. Мәселен олар тек қазақ тілінде ән шырқау арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткісі келеді. "Біздің елде бизнес те, ғылым да қазақша сөйлемейді. Тіптің музыканың өзі қазақша болғанымен, қазақ тіліндегі поп-индустрия жақсы дамымаған. Жалпы, мұның барлығын қазақ тілінде жасауға болады. Сондықтан біз үшін қазақ тілін алдымен өз елімізде трендке айналдырып, сосын оны экспорттау маңызды" дейді Zaq.

Ninety One – төрт адамнан құралған ән тобы, олар Q-pop, яки Qazaq-pop жанрындағы музыканы насихаттап жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG