Accessibility links

Қырғызстан прокуратурасы экс-президент Жээнбековті жауапқа тартуды талап етті


Сооронбай Жээнбеков.
Сооронбай Жээнбеков.

Қырғызстан бас прокуратурасы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет пен ішкі істер министрлігіне өтініш жіберіп, бұрынғы президент Сооронбай Жээнбековті 2020 жылғы қазан оқиғасына байланысты жауапқа тартуды сұрады. Бұл туралы 2 ақпанда бас прокуратураның баспасөз қызметі Наргиз Куватова Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлады.

"Шағымдар ҰҚК мен ІІМ-ге жіберілді, себебі ол жақта қозғалған қылмыстық істер бар. Біз оларды осыған дейін ашылған істер аясында қарап, заңнамалық баға берілуі үшін жіберіп отырмыз" деді Куватова.

Кей ақпаратқа қарағанда, қазан оқиғасынан зардап шеккендер "Қырғыз үміті" атты қозғалыс құрып, митингіге келген азаматтарды қууға бұйрық берген бұрынғы президент Сооронбай Жээнбековті жауапқа тарту туралы шағым түсірген. Олар Жээнбековті бұрынғы президент мәртебесінен айыруды талап еткен. ҰҚК мен ІІМ бұл ақпаратқа түсініктеме бермеді.

"Қырғыз үміті" қоғамдық бірлестігі әділет министрлігінде былтыр 1 желтоқсанда тіркелген.

Қаңтар айында қазандағы наразылық кезінде зардап шеккен 80-нен астам адам бас прокуратурадан бұрынғы президентті жауапқа тартуды сұраған еді.

2020 жылы 4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өткен. 5 қазанда сайлаудың ресми нәтижесімен келіспеген саяси партия жақтастары митингіге шығып, соңы қақтығысқа ұласқан.

Қақтығыс кезінде наразылар да, милиция қызметкерлері де жарақаттанды. Ресми ақпарат бойынша, мыңнан астам адамға медициналық көмек берілген. 19 жастағы Умутбек Алтынбек жарақаттан қайтыс болды. Резеңке оқ тиіп, көзінен айырылғандар да бар.

Саяси дағдарыстың салдарынан Сооронбай Жээнбеков қызметінен кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG