Accessibility links

Талғар ауданы әкімінің жемқорлық күдігімен ұсталғаны хабарланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің ұсталғаны расталды. Бұл туралы жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің редакцияға жіберген жауабына сүйенген zakon.kz сайты хабарлады.

"Алматы облысы бойынша жемқорлықпен күрес іс-қимыл қызметі Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Талғар ауданының әкімін қамауға алуға тергеу соты санкция берген. Сотқа дейінгі тергеу амалдарына қатысты өзге деректер Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды" делінген агенттік жауабында.

Соңғы рет Талғар ауданының әкімі болып Серікжан Ерекешев тағайындалған. Ол және айналасындағы тағы екі шенеуніктің ұсталғаны жөнінде хабар осыған дейін де тараған. Бірақ ресми орындар ақпаратты растамаған болатын.

Алматы облысының әкімдігі Tengrinews агенттігіне Ерекешевті қызметінен босату туралы бұйрық шықпағанын айтқан. Талғар ауданының ресми сайтында Ерекешев аудан әкімі ретінде көрсетілген. Кей ақпаратқа қарағанда әкім мен оның орынбасары және бөлім басшысы 10 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

Билік парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр. Жемқорлықпен күрес агенттігі билік тармақтарында жұмыс істейтін шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғанын жиі хабарлайды. Ресми мәлімет бойынша, былтыр республика деңгейіндегі - 34, облыс деңгейіндегі - 72, қала және аудан деңгейіндегі 89 басшы қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG