Ұлыбританияның коммуникация жөніндегі агенттігі (Ofcom) қытайлық China Global Television Network (CGTN) телеарнасын лицензиясынан айырды. Ofcom зерттеуі телеарна контентін лицензияға ие компания емес, Қытай коммунистік партиясы бақылайтынын анықтаған.
Агенттік 4 ақпан күнгі хабарламасында “ағылшын тілді халықаралық China Global Television Network телеарнасы Ұлыбританияның хабар тарату заңын бұзғаны үшін лицензиясынан айырылды” деп жазған.
"Біздің зерттеуіміз China Global Television Network арнасының лицензиясына ие ұйым бағдарламаларға редакциялық бақылау жасамайтынын көрсетті. Біз China Global Television Network Corporation арнасына лицензия беру туралы өтінішті мақұлдай алмаймыз, себебі оны Қытай коммунистік партиясы бақылайды, бұл Ұлыбританияның хабар тарату заңына қайшы" делінген агенттік хабарламасында.
Агенттіктің хабарлауынша, Гонконгтегі демократияшыл белсенділердің наразылығынан объективті ақпарат таратпағаны үшін қытайлық арнаға жақын арада тағы бір шешім шығуы тиіс.
Сарапшылар бұл шешім Шыңжаңдағы мұсылмандардың лагерьлерге қамалуы, Гонконгтегі диссиденттердің қудалануы және Huawei технологиясының қауіпсіздігі төңірегінде алаңдаушылық білдіріп жүрген Лондонның Пекинмен арадағы онсыз да нашарлаған қатынасын ушықтырып жібереді деп отыр.
ПІКІРЛЕР