Accessibility links

"Өзгермейтін" Назарбаев, "әлсіз" Тоқаев, "тұрақсыз" Дариға. Қазақстандағы билік транзиті туралы сарапшы пікірі


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Жеңіс мерекесіне арналған парад кезінде. Мәскеу, Ресей, 9 мамыр 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Жеңіс мерекесіне арналған парад кезінде. Мәскеу, Ресей, 9 мамыр 2019 жыл.

Наразыларды күшпен басу мен сынға қалған парламент сайлауынан басталған, саяси реформалар мен либерализацияның исі де сезілмейтін биылғы жылы Қазақстанды не күтіп тұр? Экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның парламентке оралуы әкесінің биліктегі орнын басуы мүмкін дегенді білдіре ме? Азаттық саяси қауіп-қатер және бизнес-сараптама бойынша консалтинг қызметін көрсетумен айналысатын PRISM агенттігінің жетекші маманы, британдық Бенджамин Годвиннен сұхбат алды.

Жаңа жылдың бірінші айында Қазақстан халықаралық бақылаушылардың сынына ұшырап, наразылық акцияларын басып-жаншумен есте қалған мәжіліс және мәслихат сайлауынан бастап бірнеше күмәнді саяси "жетістікке" қол жеткізіп үлгерді. Сайлаудан кейін мәжілістің жаңа құрамы бекітілді. 2012 және 2016 жылғы сайлаулардағыдай бұл жолы да Мәжіліске баяғы сол үш партия бұрынғыға ұқсас көрсеткішпен қайта өтті. "Жаңа" министрлер кабинеті құрылды. Алдыңғы құраммен салыстырғанда қосалқы ведомстволардың жұмысына жауапты екі министр ғана ауысты. Осы жайттардың бір де бірі сарапшыларға жаңалық болған жоқ. Есесіне азаматтық қоғам өкілдеріне "тосын сый" жасалды: мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдарға қарсы "соғыс" бастап, оларға айыппұл салып, уақытша қызметін тоқтатты.

"Назарбаев билігі кетсін!" Сайлау күнгі наразылық

"Назарбаев билігі кетсін!" Алматыда полиция сайлауға наразыларды күштеп ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:31 0:00

Азаттық PRISM консалтинг агенттігінің жетекші маманы, кейінгі 20 жылда Қазақстандағы жағдайды бақылаумен айналысып жүрген Орталық Азия бойынша сарапшы Бенджамин Годвиннен елде болған осы оқиғаларға баға беруін және жаңа жылдан қандай өзгерістер күтуге болатынын сұрады.

НАЗАРБАЕВ, НАЗАРБАЕВА ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТ ЛАУАЗЫМЫ

Азаттық: Жаңа мәжіліс сайланып, үкімет құрылғалы бір ай өтті. Осы уақыт ішінде үкіметтік емес ұйымдарға қарсы "соғыс" басталып, адам құқықтары мен демократияны қорғаушы ұйымдар жабылуға шақ қалды. Оларға жасалған қысым қалай тез басталса, дәл солай күрт тоқтады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

PRISM агенттігінің жетекші сарапшысы Бенджамин Годвин.
PRISM агенттігінің жетекші сарапшысы Бенджамин Годвин.

Бен Годвин: Үкіметтік емес ұйымдарға жасалған қысымның бір ұшы бірінші президент [Нұрсұлтан] Назарбаевтың [өзі басқаратын билік партиясы] "Нұр Отанның" 2020 жылы 25 қарашада өткен съезінде АҚШ-ты Қазақстандағы сайлауға араласты деп айыптауына барып тіреледі. Қауіпсіздік қызметі бұл пікірді "жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға (үкімет олардың көбі шет мемлекеттердің ықпалымен жұмыс істейді деп санайды) қысымды күшейту керек" деген белгі ретінде қабылдаған болса керек. Биліктің аталған ұйымдарды қудалаудан неге бас тартқаны түсініксіз. Бұл олардың сыртқы саясатта адам құқықтары мен демократия мәселесіне ерекше көңіл бөлуге уәде берген АҚШ-тағы жаңа президент әкімшілігінің ашуына тимеуге тырысуымен байланысты сияқты.

Азаттық: Қазақстандағы парламент сайлауының алдында Diplomat журналына мақала жазып, онда саяси науқаннан кейін елдегі жағдай қалай өзгеретіні жайлы болжам жасадыңыз. Өз болжамыңызда "премьер-министр [Асқар] Мамин мен "Самұрық-Қазына" қорының басшысы [Ахметжан] Есімов "депутаттық иммунитетке" ие болу үшін мәжіліске барады, президент [Қасым-Жомарт] Тоқаевтың алдында көбірек есеп беретін жаңа үкімет құрылады" деп жаздыңыз. Сіздің сөзіңізбен айтқанда, осының бәрі бұрынғы президент Назарбаевтың саяси сахнадан біржола кетуіне жол ашатын жаңа кезең болуы керек еді. Бірақ нәтиже қалай болды? Екі жаңа министр қосылғаны болмаса, үкімет құрамы мүлде жаңарған жоқ. Бұл нені білдіреді?

Бен Годвин: Министрлер кабинетінің түбегейлі өзгеруі мүмкін деуге себеп бұрыннан аз болатын. Бірінші президент Назарбаевтың мақұлдауынсыз қандай да бір өзгеріс бола қоюы екіталай. Бірақ премьер-министр Асқар Мамин мен "Самұрық Қазына" қорының төрағасы Ахметжан Есімов сияқты тұлғалар Назарбаевтың сенімді серіктері екенін атап өткім келеді. Олар қызметінен кетсе, орнын басқандар Назарбаевтың батасын алғанына қарамастан, бірінші президентпен тығыз байланыс орната алмайды. Билік транзиті аясында бұл да Назарбаевтың саяси сахнадан біртіндеп алыстауына ықпал ететін бір қадам болар еді. [Үкімет құрамының жаңармағанына қарап], Назарбаевтың өзгерістерге дайын емесін, әлі де Қазақстанның саясатын айқындайтын негізгі күш болып қалғысы келетіні байқалады.

Қазақстанның бұрынғы президенті, биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев парламент сайлауына дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдерімен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті, биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев парламент сайлауына дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдерімен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.

Азаттық: Сіз мәжілісті "элита бәсекесі мен қамқоршылығына арналған форум", "халықтың барлық тобы қамтылмаған эксклюзив клуб" деп атап, оның "маңызды бейресми рөлге" ие екенін айттыңыз. Осы туралы толығырақ баяндап берсеңіз. Бұлай деуге не себеп болды?

Бен Годвин: Парламентте мұнай-газ саласы, банк секторы, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты әртүрлі топтың өкілдері бар. Онда өңірлік экономикалық топтар да кездеседі. Кейінгі кезде кей депутаттың тұтыну мақсатына алынған несиеге амнистия жариялауға шақыруын парламенттегі лоббидің үлгісі деп атауға болады. Несие амнистиясы халықтың көп бөлігіне көмектескенімен, банк секторына да ірі көлемде мемлекеттік субсидия беріледі. Жаңа экологиялық кодекс аясында жергілікті мұнай-газ компанияларына қойылатын жаңа технологиялар енгізу жөніндегі талаптарды азайту мақсатындағы лобби де осындай мысалдардың біріне жатады.

Азаттық: Бұрынғы президенттің үлкен қызы, былтыр мамырда президент Тоқаевтың жарлығымен сенат спикері қызметінен кеткен Дариға Назарбаева мәжіліске қайта оралды. Әкесінің отставкасынан соң "қызы Назарбаевтың орнын басуы мүмкін" деген болжамдар айтылған. Бұл теорияға қалай қарайсыз? Қазір мұндай болжамға сену қаншалықты дұрыс? "Болып жатқан оқиғалардың бәрі билікті династиялық жолмен мұраға қалдыруды көздейтін жоспардың бір бөлігі" деген пікірге келісесіз бе?

Бен Годвин: Билікті келесі адамға тапсырудың ұзақ мерзімді жалпылама жоспары бар деп ойламаймын. Білуімше, ел билігі белсенді болып, өзіне барынша көбірек нұсқа қалдыруға тырысып жатыр. Бір нәрсеге ғана күмәнім жоқ: билік әлі күнге тәуекелге барудан тайсалып, өзгеріс енгізуді әбден қажет болған кезде ғана қолға алады. "Назарбаева бір күні президент Тоқаевтың орнын басуы мүмкін" деген сөзді мүлде елеусіз қалдыруға болмайды. Бірақ мұндай жағдайда элита мен халық арасында шиеленіс күшеюі мүмкін екенін ескеріп, мұндай болжамның іске асу ықтималдығы төмен деп есептеймін.

Азаттық: Неге Назарбаева спикер емес, қарапайым депутат болды? Бұрын ол парламенттің тағайындалған мүшесі еді, енді халық сайлаған депутатқа айналды. Мұның қандай да бір маңызы бар ма?

Дариға Назарбаева (оң жақтан екінші) сенат спикері болып тұрған кезде Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен Мәскеу түбіндегі Горки мемлекеттік резиденциясында кездесіп отыр. Ресей, 23 қазан 2019 жыл.
Дариға Назарбаева (оң жақтан екінші) сенат спикері болып тұрған кезде Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен Мәскеу түбіндегі Горки мемлекеттік резиденциясында кездесіп отыр. Ресей, 23 қазан 2019 жыл.

Бен Годвин: Бірінші президент Назарбаев ұзақ уақыт бойы элитаның өкілі саналатын әртүрлі тұлғалар арасындағы тепе-теңдікті сақтап келді. Олардың көбі мен "көтерілу – шырқау шегі – құлау – оңалу" деп атайтын процестен өтіп жатыр. Бір тұлға биліктің рақымынан айырылған кезде екіншісі жоғары өрлей бастайды. Бұл тізбектің түпкі мақсаты – элита мүшелерінің бір де біріне үлкен ықпалға ие болуына мүмкіндік бермеу. Назарбаеваның мәжіліске сайлануын осы тізбектегі соңғы қадам деп бағалаймын. Назарбаевқа осындай күштер тепе-теңдігі керек болса, Назарбаева спикер болуы да мүмкін.

ТОҚАЕВ ЖӘНЕ ТРАНЗИТСІЗ БИЛІК ТРАНЗИТІ

Азаттық: Қазір президент Тоқаев бұл "пазлда" қандай орынды тұр? Оны тәуелсіз саяси қайраткер деп бағалайсыз ба? Тоқаевтың президенттігі туралы не ойлайсыз?

Бен Годвин: Тоқаевқа президент билігі мұраға қалды. Оның президенттік билігі Назарбаевтың тұсындағы басқарудан әлдеқайда әлсіз. Билік транзитінің алдында президенттің кей құзыреті парламентке және бірінші президент Назарбаевтың кеңсесіне өтті. Қазір президент билігін ішкі экономикалық және әлеуметтік саясат шектеп отыр. Covid-19 пандемиясына реакция білдіру қажеттігі экономикалық және әлеуметтік саясаттың маңызын күшейтіп, Тоқаевтың жоғары өрлеуіне жол ашты. Өйткені көбі Тоқаевты дағдарысты жақсы еңсеретін көшбасшы ретінде қабылдайды. Дегенмен биліктің маңызды тетіктері президенттің қолында емес. Олардың қатарында Қауіпсіздік кеңесі, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры және Ұлттық қор бар. Бұл институттарға билігі жүрмей, Тоқаевқа Қазақстанның экономикасы мен саясатын бірінші президент сияқты ресми және бейресми бақылауға алу қиын болады және шынайы экономикалық әрі саяси реформалар жүргізе алмайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және сол кездегі парламент сенатының спикері Дариға Назарбаева биліктегі "Нұр Отан" партиясының жиынында. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және сол кездегі парламент сенатының спикері Дариға Назарбаева биліктегі "Нұр Отан" партиясының жиынында. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Азаттық: Шынайы транзитсіз билік транзиті. Тарихта осыған ұқсас басқа үлгілер бар ма, әлде бұл қазақстандық "ноу-хау" ма?

Бен Годвин: Қазақстандағы билік ауысымы ел басқару ісін келесі бір тұлғаға сеніп тапсыруы қиын постсоветтік мемлекеттер үшін ерекше жаңашылдық болды. Мұндай әдіс белгілі бір деңгейде билікті екінші бір адамға тапсыруға көмектеседі. Оның басты кемшілігі мынада: биліктен толық бас тартуға мүмкіндігі жоқ тұлға жүйеге қосымша қауіп төндіреді.

Қырғызстанда бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев өзінің орнына қалдырған Сооронбай Жээнбековті сахна сыртынан басқарып отырамын деп үміттенді. Бірақ олардың арасындағы күрес биліктегі коалицияны қиратып, басқа топтардың ықпалын күшейтті. Былтыр Ресей президенті Владимир Путин қазақстандық стильдегі билік транзиті идеясын біраз ермек қылды. Бірақ кейін бұл модельдің салдарынан қандай мәселелер тууы мүмкін екенін түсініп, райынан қайтты.

Азаттық: Орталық Азияда болып жатқан оқиғаларға жалпылама қарасақ: Өзбекстанда Ислам Каримовтың орнына Шавкат Мирзияев келді, бірақ елде көп өзгеріс бола қойған жоқ; Тәжікстанда Эмомали Рахмон биік басында ұзақ отырудан Назарбаевты басып озатынға ұқсайды; Түркіменстан болса авторитаризм бойынша орны бөлек хикая саналады. Енді міне, бір кездері "демократия аралы" аталған Қырғызстан да парламенттік басқару жүйесінен бас тартуға ниет білдіріп отыр, жаңа президент өз билігін нығайту үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатқанға ұқсайды. Мұның бәрі нені білдіреді? Орталық Азия елдері авторитарлық шеңберді бұзып шыға ала ма, әлде бәрінің қашып құтыла алмайтын, жеткен жері осы бола ма? Қазақстандық сценарий қандай болуы мүмкін?

Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қызыл алаңдағы Жеңіс парады кезінде. Мәскеу, Ресей, 24 маусым 2020 жыл.
Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қызыл алаңдағы Жеңіс парады кезінде. Мәскеу, Ресей, 24 маусым 2020 жыл.

Бен Годвин: Бүкіл мәселенің түп-төркіні мынада: өңір экономикасының құрылымы плюралистік институттардың дамуына кедергі келтіреді. Кез келген елде негізгі ресурстар мемлекет пен (көбіне өндіріс саласындағы) бірнеше стратегиялық кәсіпорынның қолында шоғырланады, ал саяси топтардың басты мақсаты – осы ресурстарды қолға алып, бәсекелестерінің жолын кесу.

Қырғызстан электоралды демократия саналғанымен, ондағы жағдай да осыған ұқсас. Өзара бәсекелес өңірлік және экономикалық топтар негізгі ресурстарды бақылауға алу үшін таласады. Қазақстан мен Тәжікстанға қарағанда, Қырғызстанда бір де бір топ гегемонияға ие болған жоқ, бұл саяси тұрақсыздықты күшейтті. Өзбекстанда жаңа президент тұсында бірігу кезеңіне куә болдық. Бірақ президенттің бақылауы да шексіз емес, мұны оның кей өңір басшыларымен қарым-қатынасының қиындығынан көруге болады.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕР

Азаттық: Былтыр Қазақстан Ұлттық қордың қаржысына өмір сүріп, халықаралық кредиторлардан ірі көлемде несие алды. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, экономика өте қиын жағдайда қалып отыр. Қазір біз мұнай нарығының құлдырауы және пандемиямен қатар, жемқорлықтың асқынуы мен зардабы, "молшылық жылдары" мемлекет қаржысын имидж жобаларына шашып, бюджетті тауысу сияқты ескіден қалған мәселелерге куә болып отырмыз. Сіз жұмыс істейтін ұйым шетелдік инвесторлар үшін тәуекелді бағалаумен айналысады. 2021 жылға қандай болжам айтар едіңіз? Қазақстанды биыл не күтіп тұр?

Бен Годвин: Макродеңгейде мемлекеттің қаржы жағдайы жаман емес. Бұл – 2015 жылғы дағдарыстан кейінгі шаралардың нәтижесі. Былтыр Ұлттық қордағы қаржы 61 миллиард АҚШ долларынан 57 миллиард АҚШ долларына дейін кеміді. Күрделі экономикалық факторларды ескерсек, бұл үлкен көрсеткіш емес. Бірақ шетелден қарыз алу көбейгені рас. Жалпы қарыз көлемі Қазақстанға несие беретін кредиторлардың көңілінен шығатын деңгейде қалған. Шын мәнінде, дағдарыс кезінде Қазақстанның несие рейтингі төмендеген жоқ.

Бірақ макродеңгейдегі осындай шаралар девальвация, еңбек нарығының тұралауы мен бірінші кезекте сұранысқа ие тауарлардың қымбаттауынан зардап шеккен халыққа ауыр соққы болып тиді. Сол себепті халық арасында наразылық күшейіп, бұл 2019 жылғы президент сайлауы кезінде ерекше байқалды.

Тоқаев экономиканың қарқынын күшейту үшін бірқатар реформалар қабылдады, бірақ әлі де құрылымдық реформалар керек. Осы себептен экономика біртіндеп қалпына келеді, бұл 2021 жылдың бірінші жартысында президентке серпін береді деп күтуге негіз бар. Бірақ жыл соңына қарай экономиканың қалпына келуінің де шегі бар екені белгілі болады.

Азаттық: Саяси қауіп-қатер жайлы не айтуға болады? "Қазақстан үшін елеулі саяси қауіптің бірі – билік транзиті сценариіндегі белгісіздік"деп айтылған еді. Кейінгі жылдары Қазақстанға құйылатын шетел инвестициясының қысқаруы да осы белгісіздікпен түсіндіріліп келді. Қазір президент ауысып, жағдай анықтала бастаған сияқты. Енді саяси қауіп-қатер азайды деп айтуға бола ма?

Бен Годвин: Біз әлі аяқталмаған билік транзитін саяси қауіптің негізгі көзі деп есептейміз. Назарбаевтан кейінгі Қазақстандағы саяси тәртіп қандай болады деген сұраққа әлі де жауап жоқ. Осындай өтпелі кезеңде элита ішіндегі күрес күшейіп, мемлекеттік қызметкерлер қай басшыға жүгінерін білмегеннен маңызды стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау процесі баяулап отыр.

Билік ауысымының елдегі өмір сүру деңгейінің төмендеуіне тұспа-тұс келуі тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін. Үкіметтің дағдарысқа жауабының өзі қауіп төндіреді. Өйткені бұл саясатқа баға мен валюта бағамын қосымша бақылау, жергілікті жердегі халықты жұмыспен қамту деңгейін реттеу, ірі жобаларға жергілікті тауарларды пайдалану, бизнеске салық қызметі мен мемлекеттік кіріске жауапты өзге де органдар тарапынан қысымды күшейту шаралары кіруі мүмкін. Осының бәрі экономика мен инвестициялық климатқа кері әсер етеді.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG