Accessibility links

Бес қызы бар тағы бір отбасының "времянкасы" өртенді, кенжесі көз жұмды. Оқиға туралы не белгілі?


Қызылордада бес бала тұратын үй өртеніп, сәби қайтыс болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Қызылорда қаласында уақытша баспана өртеніп, үйде болған анасы мен төрт қызы аман қалды, бесікте жатқан алты айлық сәби көз жұмды. Балалардың әкесі вахтада жұмыста болған. Туыстары мен көршілері отбасының тұрмысы төмен екенін, көмек сұрап әкімдікке талай барғанын, баспананы жалдап тұратынын айтады.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, 18 ақпанға қараған түні сағат 00:50 шамасында Қызылорда қаласындағы өрт сөндіру қызметіне Әл-Фараби мөлтек ауданында өрт болып жатқаны жайлы қоңырау түскен.

– Біздің қызметкерлер басына барған кезде үй толығымен жанып жатқан. Үй ішінен 2020 жылы туған сәбидің бесікте жатқан күйі өлі денесін тапқан. Үйде одан бөлек төрт қыз бала және анасы болған. Әкесі жол жүріп кеткен. Анасы төртеуін құтқарып үлгерген. Шамасы ұйықтап жатқан болуы керек, – деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова Азаттыққа.

Өртенген үйдің қалдығы. 18 ақпан 2021 жыл.
Өртенген үйдің қалдығы. 18 ақпан 2021 жыл.

Баспасөз хатшысының сөзінше, өрттің неден шыққаны белгісіз, оны анықтау үшін сараптама тағайындалған, нәтижесі 10 күш ішінде белгілі болмақ.

Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов әзірге екі болжам барын айтты: электр сымдарының қысқаша тұйықталуы немесе балалардың отпен ойнауы.

Жергілікті әкімдік таратқан ақпаратқа сай, өртенген үйдің жалпы аумағы 50 шаршы метр. Апат кезінде көз жұмған сәби Ардақ Төреханқызы 2020 жылы туған. Балалардың анасы, 27 жастағы Дәмира Тоқбергенова көмір қышқыл газына уланып (1-дәрежелі), сол жақ білегі мен екі алақанын термиялық күйік шалған. Қазір жағдайы орташа. Балалар көмірқышқыл газымен орташа деңгейде уланған, қазір жағдайлары бірқалыпты. Үш жасар Айару Төреханқызы облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.

Әкімдіктің хабарлауынша, балалардың әкесі 34 жастағы Төрехан Текебаев вахтада жұмыста болған.

ОТБАСЫНЫҢ ТҰРМЫСЫ ҚАНДАЙ?

Дәмира Тоқбергенованың нағашы әпкесі Айгүл Ахметова Азаттыққа балалардың 8, 7, 6, 3 жаста екенін, көз жұмған кенжесінің алты айлық сәби екенін айтты.

– [Дәмира] күндіз анасына қоңырау шалып, үйден тоқтың иісі шығып тұр (тоқтың иісі шықпайды, шамасы тұйықталудан туған күйіктін иісі болса керек – ред.) деген. Сонымен "түнде 12:30-де жатып қалдық, тұрсам үй өртеніп жатыр екен" деді. Балаларды терезені сындырып шығарыпты, – дейді Айгүл Ахметова таңғы сағат 3:00 шамасында ауруханаға барғанын айтып.

Өртенген үйдің сырты. 18 ақпан 2021 жыл.
Өртенген үйдің сырты. 18 ақпан 2021 жыл.

Дәмира Тоқбергенованың нағашы әжесі Зейнеш Ибадуллаева отбасының уақытша баспананы жалдап тұрғанын, үйдегі жағдайдың нашар екенін, едені жоғын айтады.

– Терезені сындырып, төртеуін сол жерде шығарған. Бесіншісін алайын деп жатқанда үйдің төбесі құлап, бесіктен ала алмай қалған. Сөйтіп өзі далаға шығып, талып қалған. Қайта көршілер келіп, өрт сөндіру қызметін шақырған, – дейді Зейнеш Ибадуллаева.

Балалардың екеуі мектепте - бірі үшінші сыныпта, бірі екінші сыныпта оқиды. Олар оқитын Серәлі Лапин атындағы № 261 мектептің директоры Қарлығаш Абдрахманова мектеп ұжымының қайғы жұтқан отбасыға екі айға пәтер жалдауға көмектескенін, қыздары мен анасына киім-кешек пен азық-түлік жеткізгенін мәлімдеді.

Дәмира Тоқбергенованың нағашы әпкесі Жанат Ахметова отбасының жәрдемақы алатынын, бірақ оның жартысын пәтерақыға беретінін мәлімдеді.

– Сол бес қыздың бәрі жалдамалы үйде туып-өсті. Бір баланың жүрегі ауырады. Дәмираның анасы да пәтер жалдап тұрады, мүгедек, – дейді ол.

Өртенген үйдің қалдығы. 18 ақпан 2021 жыл.
Өртенген үйдің қалдығы. 18 ақпан 2021 жыл.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев баспасөз мәслихатын өткізіп, осындай төтенше жағдайда алты айға дейін үй жалдап беруге заңмен қаражат қаралғанын мәлімдеді.

– Одан бөлек үйін қалпына келтіру мақсатында қаланың белсенді меценаттарымен келіссөз жүргізіп қойдық. Олар да көмектесуге дайын, – деді әкім орынбасары.

Рахматуллаев Дәмира Тоқбергенованың көпбалалы ана санаты бойынша үй кезегінде тұрғанын да жеткізді. Оның сөзінше, бес баланың анасы қазір кезекте 1230-болып тұр. Әкім орынбасары кезектің қалыпты тәртіппен жылжитынын, бірақ оған дейін тұратын баспананы демеушілер көмегімен тауып беруге дайын екенін айтты.

"ӘКІМДІК БАЛА ӨЛГЕН СОҢ КӨМЕК БЕРМЕК"

Өзін Дәмира Тоқбергенованың сіңлісінің құрбысымын деп таныстырған Нұргүл Жақыпбекқызы отбасының баспанасыз жүргеніне көп болғанын айтады.

– Әкімшілікке талай барды. "Төрт баламен қаңғырып жүрмін" деп талай жазды. Бес балалы болғанда да барып жатты. Қанша жерге тіркелген. Сол кезде бермей ме? Міндетті түрде өрт болып, бала өлгеннен кейін барып көмек береді. Анау астанада да баласы өлгеннен кейін [көмек] беріп жатыр, - дейді ол налып.

Нұргүл Жақыпбекқызы атап өткен Астанадағы оқиға екі жыл бұрын болған. 2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) түбіндегі Көктал-1 елдімекенінде шағын үйден өрт шығып, бір үйдің бес қызы көз жұмған. Үлкені 12 жаста, кенжесі тоғыз айлық болған. Өрт тұтанғанда қыздардың ата-анасы түнгі ауысымда жұмыс істеген. Осы оқиғадан кейін елде көпбалалы аналардың наразылығы көбейіп, олар биліктен балаларға жәрдемақы тағайындауды, тұрғын-үй мәселесін шешіп беруді талап етті. Акциялар Қазақстанның бірнеше қаласында жүйелі түрде өтіп тұрды. 2019 жылғы 21 ақпанда, елде әйелдер наразылығы үдеген тұста Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің жұмысын сынап, премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты отставкаға жіберген.

Жергілікті сарапшылар 2019 жылдан бері Қазақстанда қарсылық акциялары жиілеп кеткенін, оның осы көп балалы әйелдер наразылығынан басталғанын айтады.

Қазақстанда қыс мезгілінде жер үйдің жанындағы осындай уақытша баспаналардың өртенуі жиі кездеседі. Уақытша тұруға арналған мұндай баспаналар әдетте арзан құрылыс материалдарынан соғылады, орталық жылуға қосылмайды. Сол себепті оларды не көмір жағып, не өрт қауіптілігі жоғары электр құрылғыларымен жылытады. Газ баллонын қолданып, уланып қалатын жағдайлар да болады. Мұндай үйлерді әдетте тұрмысы төмен отбасылар жалдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG