Accessibility links

Мәскеу қаласының соты Навальныйды колонияға жіберу туралы үкімді құптады


Алексей Навальный сотта тұр. Мәскеу, 5 ақпан 2021 жыл.
Алексей Навальный сотта тұр. Мәскеу, 5 ақпан 2021 жыл.

Мәскеу қалалық соты оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға 2014 жылы қылмыстық іс бойынша сот кескен шартты жазаны бостандығынан айыру жазасына ауыстырып, оны жалпы режимдегі колонияға жіберуді ұйғарған Симонов аудандық сотының шешімін мақұлдады.

Сонымен бірге қалалық сот Алексей Навальныйдың 2014 жылғы 30 желтоқсаннан 2015 жылғы 17 ақпанға дейін үйқамақта болған уақытын және биыл "Матросская тишина" тергеу абақтысында өткізген бір айды өтелген жаза мерзімі деп есепке алды. Осылайша Навальный енді әу баста Симонов аудандық сотының үкімінде айтылғандай колонияда (2 жыл 8 ай емес, 2 жыл 5 ай отыратын болды.

2014 жылы сот Алексей Навальныйға алаяқтық жасаған деген айыппен 3,5 жылға шартты жаза кесіп, бес жылға сынақ мерзімін (кейін оны тағы бір жылға ұзартқан) тағайындаған. 2021 жылғы ақпанда сот Ресей федералдық жазаны атқару қызметінің сұрауы бойынша Навальныйдың шартты жазасын қамау жазасына ауыстыруды ұйғарған. Федералдық қызмет саясаткердің жазаны өтеу шарты бұзып, бой жасырғанын айтады.

Адвокаттары Навальныйдың ешкімнен жасырынбағанын, Германияда денсаулығын оңалтып, ем қабылдағанын айтады. Ал федералдық қызметке оппозиционердің қай мекенжайда тұрып жатқанын Сжалимоновский сот жолдаған құжаттардан көруге болады деді қорғаушылар.

Прокурор бұған қарсы уәжінде саясаткерді "заңнан жоғары болғысы келетінін" паш етуге тырысты, ол тіркелуге қалаған мерзімінде емес, өзіне айтылған уақытта келуі керек деп жауап қатты.

Сотта сөйлеген соңғы сөзінде Навальный Ресейге оралғанына өкінбейтінін, шындық бәрінен күшті екенін, ал Ресей "азат қана емес, оған қоса бақытты ел болады" деп мәлімдеді.

Навальный Мәскеу қалалық сотының шешімі туралы: "Бір жарым ай қысқартты – оған да шүкір" деп пікір білдірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG